дастархан

Бір сөз — бір сөздің қуғыншысы. Жақында  7292info.kz сайтында  Маңғыстау ауданындағы ақсақалдардың өліні жерлеуге байланысты рәсімдерді атқарудағы ысырапшылдықты жою туралы көпшілікке ұсыныс жолдағаны туралы «Топырақты өлімде тойдай шашылуды тоқтатайық!» деген мақала жарияланған еді. Бұған дейін Бейнеу ауданының ақсақалдары да осындай шешім шығарған-ды. Ақсақал сөзіне тоқтаған халық едік, ел арасында етек алған орынсыз ысырапқорлыққа енді тоқтау болар деп дәмеленіп қалдық. Бұл мәселені бұрын да, елімізде ғаламтор әлі кең қолданыла қоймаған жылдары газет бетінде жиі қозғап келгенбіз. Бірақ әркім өз үйінде отырып-ақ айналадағы тірлікпен танысып, пікірін білдіре алатын мына заманда бұл мәселенің көтерілуі кәдімгідей оқиға болды.

  Ия, шынында, Алла өз пенделеріне ауыр міндет жүктемеген. Әдет-ғұрып, дәстүр сөздерінің түп-төркіні арабшадан шыққан. (Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шығарған «Дін мен дәстүр» кітабында кеңірек айтылған). Алайда, дәстүрінің басым көпшілігі ықылым заманнан бері ұстанып келе жатқан Ислам дінімен сабақтастырылған қазақ халқының салты бүгінде байқатпастан өзгеріп жатыр. Өзгергенде де қыз ұзатып, ұлды үйлендіру, уақыты біткен марқұмды ақтық сапарға жөнелту де күннен күнге қиындап барады. 

  Торқалы тойы мен топырақты өлімге ерекше мән беретін біз, әсіресе, маңғыстаулықтар сияқтымыз. Қазақстаның барлық жерінде дәл біздегідей шашылу жоққа тән. Қазақтың әр тойында ұлттық дәстүріміз сан құбылып, ілкі ислами, тәрбиелік мән-мазмұнынан алыстап бара жатқанын көріп жүрміз. Оның бірінші мысалы—кез-келген тойдың орыстарша, арақсыз өтпеуі. Өзгеден енген ең алғашқы өзгеріс—осы. Мұның соңы тойға келгендердің ұяттан жұрдай болып, жалаңаштанып билеуге де жеткенін кімнен жасырайық. Үлкендер жағы бұл орайда жақ ашпай, отыра берсе, аманшылық болса, бұдан да сорақыларын көреріміз анық. Үлкендер деймін-ау, сол тойларда денесін ерсі бұлтаңдатып, бейәдеп қимыл көрсетіп жүргендердің көпшілігі араққа тойып алған 60-70 жас аралығындағы әжелер мен аталар. Олардың қасында, жастарға не жорық.

  Жә, тойдың аты—той. Оны әркім қалтасы мен ақылының шамасына қарай жасай береді. Қазақы дәстүрде де, өте қарапайым түрде де өтіп жатқан тойлар аз емес. Менің айтпағым, сол топырақты өлімге қатысты өтетін шаралар ғой. Ауылдарда тұратын ақылгөй ағаларды әбден ашындырып, жоғарыдағыдай жазбаша ұсыныс жасауға мәжбүрлеген де осы жайт. 

6e172e

Бізге Алла тарапынан түскен бұйрықтардың ешқайсысы қиын емес еді. Ауырлатып, қиындатып жүрген біздің өзіміз. Оның басты себебі—бәсеке. Мойындағымыз келсе, келмесе де солай. Ертеректе кейбір адамдардың ерекше жағдайларына қарай жасалған сәл ауытқуларды көрген біреулер соны қайталаса, оның астарына үңілместен лезде дәстүрге айналдырып жіберген тұстарымыз да баршылық. Мысалы, бүгінде ұзатылған қызды «ақ жол» деп, әдемі аппақ матаның үстімен өткізудің өзі бұрын қазақ салтында бар ма еді? Жоқ. Оны қазіргі сіз бен біз білеміз, ал кейбіреулер соны жасау міндетті санағандықтан ел арасына жайылып барады. Ертеңгі күні ұрпақтарымыз мұны да ата дәстүр деп қабылдап, осылай жасалуы міндетті деп түсінуі ғажап емес. Біздің бүгінгі салт-дәстүрімізде осы секілді жайттар аз емес. Өлім-жітімде де солай. Мәселен, ұлды үйлендіруге бір қой сойып, тойлау, ал марқұмды жөнелту үшін жаназа ғана жеткілікті. Бірақ мал соңында көшіп-қонып жүрген қазақ жағдайы жетсе, тойын қысқа қалдырмастан тойлап, алыстан ат терлетіп келетін ағайындары үшін бірнеше күнге дейін соза берген. Кісі өліміне байланысты жоралғылар да осы көшпелі тұрмыстың ыңғайында болды. Шариғат бойынша, өмірден озған адам Алланың бұйрығымен өзінің лайықты мекеніне тез жеткізілуі тиіс. Біз қанша қимағанымызбен, ол енді бұ дүниялық емес. Екі-үш «қонақ» қылғаннан марқұмға пайда жоқ, керісінше, зиян болмаса. Бұрынғы қазақ қайтыс болған адамын бірнеше күн сақтап қоюдың дұрыс еместігін білмеді емес, білді. Бірақ, мысалы, қыста өмірден өткен кісіні тездетіп жерлеуге мүмкіндік бола бермеген. Қабір қазатын жігіттердің жиналуы, мәйітті дайындауға қатысты басқа да шаруалар тез шешіле қоймайтындықтан бұл дәстүрге айналып кете барған. Одан беріде 70 жылдан астам уақыт бойы билеген коммунистік пе, христиандық па, шамандық па, әйтеуір бір дүдәмәл дәстүрлер араласа берді. Солардың біразы бізде «ата-баба дәстүрі» боп қалыптасты. Кейбір ғұрыптарды ата салты еместігін білсек те, «ел жасап жатыр ғой, пәленшеден кембіз бе?», деп жасасақ, кейбіріміз артымыздың ашылатынына қарамастан, «ұят болады» үшін істейміз. «Ау, шариғат бұған қайшы ғой, Алланың жолына сай келмейді ғой» деген кісіні, егер ол дін жолында жүрген болса, оны міндетті түрде уахабит санап, ата жолын түсіндірген болып, білгішсініп, ауызымызға келгенді құсамыз.

[quote arrow=»yes»]Сонымен, ата дәстүр дегеніміз не өзі? Бұл — аталарымыздың өз дәуіріндегі тұрмысына сай ұстанған салты, яғни, шариғаттан ауытқымастан, әр заманға, тұрмысқа лайықталып, ауызбіршілік үшін бір ізге түскен жөн-жоралғылар. Түбінде брлығы да негізсіз емес, бастапқы негізі бар. Уақыттың алмасуымен оның да өзгеріп тұруы заңды. Өзгеріп те жатыр. Өзгермей қалғаны—өлінің садақалары, бір күн бұрын берілетін қонақасы. Мақаланы оқып отырғандардың арасында маған қарсы өре түрегелетіндері бар шығар. Сонда да айтайын. Кісі өмірден өткен соң берілетін қырқы, жүзі, жылы сияқты садақалардың да мәні өзгерді. Еліміздің кей өңірлерінде бұл садақалар сиреген. Өйткені, бүгінде адамы қайтқан үйге жақын-жуық, дос-жарандары бұл садақаларға дейін келіп болады. Алыстағылары пойызбен, ұшақпен жетіп келіп, батасын оқып жатыр. Баяғы заман емес, атпен, түйемен айлап жүріп жететін. Әйтсе, дәстүрге еніп кеткесін жасап жатырмыз. Қонағасы дегеніміз, сірә, садақадан бір күн бұрын келетін қонақтарға берілетін ас екені белгілі. Ал қазір бізге ол үшін арнайы мал сойып, ел жинап, үй тігіп, әлек болудың қисыны жоқ. Осы қонақасы мен садақа үшін бір топ жұрттың басқа шаруасын қойып, екі күн бойы әлгі қаралы үйде уақыт өлтіріп жүруі, тереңірек ойлансақ, ақылға сыйымсыз. Оның қисапсыз ысырабы өз алдына. Ал ысырап үшін мойынға артылатын күнәні кім ойлап жатыр? Біздің әрқайсымыз ертелі-кеш көретін ақиретімізден гөрі, бір айтылып, ертең ұмытылып қалатын жұрттың өсегіне қалмауды маңыздырақ санайтынымыз өкінішті-ақ. Еріккендер не демейді? Жұрт мақтасын десең, садақаңда құстың сүтінен басқаның бәрін қоюың керек, қымбат киімдер таратуың керек. Қысқасы, басыңдағы қайғыны ұмытып, келген кісілердің жағдайын жасап, солардың көңілінен шығуға тиіссің. Бүйтудің керегі қанша? Құдайыңның бұйрығы осы ма еді? Марқұмға тиетіні, Алла қаласа, тек оған бағышталып оқылған Құран ғана. Олай болса, арулап жерге қойылғаннан кейін оған артында қалған бала-шаға, ата-ана сияқты ет жақындарының оқыған дұғасынан пайдалы нәрсе жоқ. Шаруасынан қалдырып, үйге әкеліп отырғызып қойған молдадан гөрі сол жақындарының дұғасы қабыл болу мүмкіндігі басым. Бұл молдалар дұрыс оқымайды деген сөз емес, олардың да дұғасы қабыл. Дегенмен, дұға жасаушылардың көп болғаны жақсы, оның үстіне жанашырлары марқұмның қабір азабының жеңілдеуін, жаны жәннатта болуын өзгелерге қарағанда жаны ауыра отырып тілейді ғой. Енді біреулер кісі өліміне байланысты берілетін садақалар сол үйге жақын-жуықтары апарған ақшалай көмек есебінен жасалатындықтан қаралы үйден орасан көп шығын шықпайтынын алға тартады. Дұрыс та шығар. Бірақ, сол үйге көмекке берілген қаржы неге ысырапқа шашылуы керек? Ол үйдегілер ертеңгі күні, осы «қаржылай көмектескен» ағайындарының шаруасы шыққан кезде қолындағы тізім бойынша оларға да сондай немесе одан да артығырақ ақша апаруға міндетті, яғни қарыздар болып қалады. Әйтпесе, анау ағайыны «маған пәлен әкелді, мен оған осынша апарып едім», деп өкпелейді. Ал қолдағы тізім ұзыннан шұбап жатыр. Тізімдегінің барлығының көңілін табу керек. Оған барлық адамның жағдайы келе бере ме? Ал ағайындардың «көмекке» әкелген ақшасы садақаларда судай шашылып кетті емес пе?[/quote]

  Жоқтау мәселесі де сценарийден түспей келеді. Бізде қалыптасқан түсінік бойынша, өліні жоқтап, жанға бататын сөздер айтқан әйел—марқұмға шын жаны ашыған адам. Ал шынында, марқұм үшін қатты қиналған әйел оның барар жері жайлы болуын қалап, сол үшін үздіксіз дұғада болады. Жүрегі қан жылап отырған әйелдің көзге түсу үшін өлең айтуға шамасы да келмейді. Ал біз мәйіт иелерін сынап, біреулерді «жоқтамады» немесе «жоқтағанда бәлен деді, түген деді» деп өсектеуге құмармыз.

6e33b6af-bc43-45d0-9562-d3a45d94f3c1Ақсақалдарымыз там байғазысы жайына да әдейі тоқталған екен. Бәсекеге айналмауға тиісті нәрсе бәсекеге айналғалы қашан.  Салынған тамның жанында бір-екі дұғадан кейін «шүберек шоу» басталады. Садақаларда әйелдер әкеліп, түсін ауыстырып әкететін ешкімге киіліп көйлек болмайтын маталар, басқа тартар орамалға жарамайтын аты жаулықтар, екі жеңі тең келе бермейтін костюм-шалбарлар, ешкімнің үйіне төселетін бұйым болмайтын кілемдер таратылады. Және соның дұрысын бермеді деп, өкпелейтіндер де аз болмайды мұндайда. Баланың ойыны құсаған бұл тірлігімізге күлкің де, жылағың да келеді. Оны жасамаймын деп көрші, ауырып, төсек  тартып жатқанында  дәрі-дәрмегіне себеп болсын деп, көмек ретінде 1-2 мың теңге бере алмаған ағайындары ол өлген соң оған көрнекті бейіт тұрғызуға жұмыстанады. Тумаласы «далада қалмауы» үшін. Салмақ өлік шыққан үйге түседі. Сонда, аты-жөнін жазып, қоршағысы келсе, жеңіл қоршап, қабірдің үстіне белгі қоя салса да болмай ма? Тастан салынған жақсы үй тіріге керек, өліге емес. Өлінің орыны да, үйі де—оның қабірі. Мұны түсінгісі келмейтін туыстарға өзге ағайынның, ел-жұрттың алдындағы «беделі» керек. Шығынға белшесінен батқан қаралы отбасының жағдайында ешкімнің шаруасы жоқ. «Өлім бардың барын шашады, жоқтың артын ашады» деген ғой бұрынғылар, көнесің басқа салғасын», деп жұбатқан болады. Міне, біздің өліге құрметіміз бен оның артында қалғандарға жанашырлығымыздың сиқы. Онсыз да қайғыдан қан жұтып отырған өз бауырымызды «әдет-ғұрпымыз осындай», деп, шариғатпен де, экономикалық жағдаймен де сәйкеспейтін істерді жасауға көндіреміз де, қытайдың түкке тұрғысыз арзанқол тауарларының өтімді болуына үлес қосудамыз. Сонда біз кімнің қамын жеп, кімге болысып жүрміз?..

    Валентина ҚОЗЫБАҚОВА