Елімізде мұғалімдердің қағазбастылықтан құтылудың жолы пайда болды. Енді мектептерде «Онлайн күнделік» жүйесі іске қосылады. 

Бүгінгі таңда Қазақстандағы 3 800 –ге жуық білім ошақтары «Күнделік»  электронды мектеп нұсқасын  қолданып үлгерген. Аталған жоба Астана және Алматы қалалары мен 13 облыстың аймақтарында жұмыс жасайды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Алмат Ищанов баяндады.

Бүгінде жүйеге 3887 мектеп пен 2,5 млн. адам тіркелген. Олардың ішінде мұғалімдер 174 006 мұғалім, 1 467 286 оқушы мен 854 280 баланың ата-анасы бар. Жүйені барлық облыстар мен Астана және Алматы қалаларының білім басқармалары мен 177 қалалық және аудандық білім бөлімдерінің 156 қолданып отыр, – деді А.Ищанов.

«Kүнделік» жүйесіне еліміздің кез-келген мектебі қалаған уақытында тегін қосыла алады. Ол мектептердің оқушылары мен олардың ата-аналары өз бағаларын, үй тапсырмаларын, сабақ кестелерін, мектептегі жаңалықтарды және басқа да ақпаратты қарап отыруға арналған. Ата-ана өз пайдаланушы аты мен құпиясөз арқылы кundelik.kz сайтына кіріп, «Балалар» – «Күнделік» деген бөлімдері арқылы өз баласының электронды күнделігіне кіріп, оның бағаларын, үй тапсырмаларын тегін көре алады. Мектептерден де сайтты пайдалану үшін ешқандай төлем алынбайды, – деді А.Ищанов.

Ата-аналардың бала үлгерімін көріп, бақылап отырғаны қаншалықты дұрыс? Мектептер үшін онлайн жүйенің қаншалықты керегі бар? Бұл жобаның білім жүйесіне жаңалық әкеле ме, ол әзірге уақыттың еншісінде. 

Айта кетейік, министрлік  73 ақпараттық жүйені және 4 платформаны, атап айтсақ,  білім беру жүйесі бойынша барлық әкімшілік ақпаратты, ағымдағы үлгерімі бар электронды күнделікті, академиялық ақпараттық мектептерді және еліміздің барлық білім беру ұйымдарының бірыңғай бухгалтериясын, ЖОО ақпараттық жүйесін  біріктіру арқылы ақпараттық жүйенің жақсаруы мақсатында жұмыстар атқаруда. 

Айгүл ДӘДЕН
Сурет ғаламтор бетінен алынды