Биыл Маңғыстау облысы мәдениет саласының материальдық-техникалық базасын нығайтуға және әр түрлі бағыттағы мәдени іс-шараларды өткізу, мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы үшін 2 миллиард 320 миллион 738 мың теңге бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 113 млн. 213 мың теңгеге көп. Бұл жайында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Бекбол Базарбаев мәлімдеді.

         -Өткен жылы мәдениет саласының қызметкерлері облыста ұйымдастырылған барлық мәдени шараларға белсене қатысты. Барлық шаралар ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өтті. Биыл да еліміз үшін елеулі жыл. Мемлекетімізде ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өтеді. Көрмеге Маңғыстау мәдениет саласының мамандары да қатысады деп жоспарланған. Халықаралық көрмеге қатысатын 500 әртіске 200 млн.теңгеге сахналық киімдер тіктіруді қолға алдық. Дәстүрлі әншілерімізге, ұлттық оркестрге, фольклорлық ансамбльге арналған ұлттық киімдерімізді «Өрнек» сән үйіне тіктіреміз, бишілерімізге арналған классикалық үлгідегі киімдерімізді тіктіруге Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы сән үйлеріне тапсырыс береміз. Одан бөлек облыстық филармония мен облыстық драма театрына дыбыс аппараттары сатылып алынады, репертуарларымыз жаңарады. 36 млн.теңгеге облыстық филармонияға киім тіктіреміз, 34 млн.теңгеге дыбыс аппаратурасы және 27 млн.теңгеге облыстық драма театрға жарық пен дыбыс аппаратурасын сатып алынады,-дейді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Бекбол Базарбаев.

       2  Сондай-ақ, биыл мәдениет саласында 200-ге жуық әр түрлі іс-шаралар өткізіледі. Күз айында облыстық Н. Жантөрин атындағы музыкалық драма театры ұжымының Петропавл қаласына гастрольдік сапары жоспарланған. Аймақта Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай тағылымды шара, Ұзақбай Қазжанұлының-120 жылдығына арналған бірінші республикалық жыршылар байқауы, Х-шы «Маңғыстау жұлдыздары» облыстық өнер фестивалі, облыстық ретро әндер байқауы, облыстық «Жеңіс жаңғырығы» атты патриоттық әндер байқауы ұйымдастырылмақ.

         -Жыршылық өнер елімізде кенже дамып келе жатқан сала екенін айта кеткім келеді. Жалпы облысымызда бұған дейін республикалық деңгейде жыршылар байқауы өткізілмеген болатын. Сондықтан да биыл ақын-жырау Ұзақбай Қазжанұлының-120 жылдығына арналған бірінші республикалық жыршылар байқауын ұйымдастырмақшымыз. Күз айында өткізіледі деп жоспарланған өнер бәсекесінің ережесін жасақтап жатырмыз. Ақын өлеңдерінің толық дискісі шығарылмақшы. Байқаудан бөлек ғылыми конференция, облыс мектептерінде танымдық шаралар, ақындар айтысы, ақындар мүшәйрасы өтеді. Ақынның мұраларын жинақтап мұражай жасақталады. Одан бөлек Жаңаөзен қаласы Қызылсай ауылындағы «Шаңырақ» мәдениет үйіне Ұ. Қазжанұлының есімін беру жұмыстары мен ақынның мәдениет үйінің алдына ескерткіш мүсінін орнату жұмыстары да қолға алынбақшы… Биыл арнайы жоспарға сай облыс тұрғындарына жылжымалы ақпараттық-кітапханалық қызмет көрсетіледі. Мәдениет қызметкерлері мен жекелеген өнерпаздардың ынтасын арттыру мақсатында тәжірибе алмасу, олардың шығармашылық еңбектерін ел арасында тарату, үздік шығармаларын насихаттау жұмыстары да басты назарда болады,-дейді Бекбол Базарбаев.

        3 Сонымен қатар биыл 4 және 15 шағынаудандағы теңіз жағалауында салынатын заманауи сахнаның құрылысы қолға алынбақ. Бір сахнаның жалпы құны шамамен-130 миллион теңгені құрайды. Жоба бойынша сахнаның астыңғы қабатында әртістерге арналған киім ауыстыратын, грим жасайтын бөлмелер қарастырылмақ.

         4-Облыс, республика көлеміндегі үлкен шараларды біз теңіз жағасына арнайы сахна құрып, өткізетін едік. Сахнаны құру үшін біраз адам жұмылдырылады, олар күні-түні жұмыс жасайтын. Одан бөлек қыруар қаржы жұмсалады. Егер біздің 2017-2018 жылдарға арналған жобамыз қолдау тауып, арнайы қаржы бөлінсе, қаламыздың екі жерінен үлкен сахна бой көтеретін болады. Онымен қоса жыл сайын тек ғана сахна құруға арналған қаржы да үнемделеді. Бұған дейін бір шараны өткізу үшін сахна құруға шамамен 1,5 млн.теңге қаржы жұмсалатын,-дейді Бекбол Базарбаев.

Венера МИРЛАН