Музейаралық серіктестік жобасының аясында Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінде ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті музейінің Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа әр жылдарда табыс етілген дипломатиялық кәдесыйлар топтамасынан құралған «Уақыт құдіреті» атты көрменің ашылу салтанатына қала әкімі С. Трұмов, Маңғыстау облысының мәдениет басқармасының орынбасары П.Сармузина, басқарма қызметкерлері мен жасөспірімдер, «Арай» аула клубының жеткіншектері, БАҚ өкілдері қатысты.

Ұлт көшбасшысына әлемнің көптеген мемлекеттерінен тарту етілген сыйлықтарымен таныстыру мақсатында Алматы облысының Қаскелең қаласынан бастау алып, көрме киелі Маңғыстау түбегінің төрінде жалғасын тауып отыр.

Көрмені салтанатты түрде ашуға Ақтау қаласының әкімі Серікбай Өтелгенұлы және Маңғыстау облысының мәдениет басқармасының орынбасары П.Сармурзина, музей директоры Тамара Жұмалиева қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

-Құрметті қала тұрғындары! Бұндай бағалы көрменің халық назарына ұсынылып отырғаны қуанышты жағдай. Астанаға әдейі барып көруге әркімнің мүмкіндігі бола бермейді, ал қаламызға келіп жатқан көшпелі көрмені үлкен-кішіге аралап шығуға жақсы сәт туып отыр. Қош келдіңіз. Жұмыстарыңызға жеміс тілейміз,-деді астаналық мұражай қызметкерлеріне.

Қала әкімі мен мұражай директорына Президент музейі туралы ескерткіш-кітаптар сыйға тартқан Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейі директорының орынбасары Күләйша Ахтаева өз сөзінде:

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі – Қазақстанның жаңа тарихының музейі. Музей Елорданың алғашқы жаңа құрылысының бірі – Мемлекет басшысының Резиденциясы болғанын тарихи зандылық ретінде санауға болады. Осы шаңырақта 1997 жылдың желтоқсанынан бастап жеті жыл бойы Н.А.Назарбаевтың Резиденциясы жайғасты. Ал, 2004 жылы Мемлекет басшысының Астананың сол жағалауындағы «Ақорда» резиденциясына көшуіне байланысты Елбасы қызмет еткен ғимаратқа Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейі ашылды.

Оның көркемдік – сәулеттік безендірілуі Резиденцияның бұрынғы интерьері мен стилін сақтап тұр. Музей экспозицияларында айтылатын негізгі идея Республиканың мемлекеттік егемендікке қол жеткізуі мен оның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тәуелсіз демократиялық мемлекет құрудағы тарихи рөлі болып табылады.

Музейдің залы мен көрме галереясында Егеменді Қазақстанның қалыптасуы мен дамуының әр түрлі кезеңдеріне арналған және Елбасымыздың өмірі мен қызметі, оның жас мемлекетті құрудағы теңдессіз рөлі туралы баяндайтын экспонаттар қойылған. Музей қоры 60 000 экспонаттан асады.

Алғаш рет Маңғыстау облысының тұрғындарына арнайы музей қорындағы заттық жәдігерлер топтамасы — сағаттар коллекциясы ұсынылып отыр. Көрмені шын мәнінде бірегей деп айтуға болады, өйткені экспозицияда сағат өнерінің биік шыңына жеткен әр түрлі және сирек кездесетін 50 туынды ұсынылған. Музей қорында алуан түрлі сағаттар топтамасы жиналған – қол және қалта сағаттары, үстел және қабырға, еден және камин сағаттары. Коллекцияның негізін Н.Ә. Назарбаевқа әр жылдарда Қазақстан халқына, оның Тұңғыш Президенті — Ұлт көшбасшысына деген айрықша құрметтің белгісі ретінде табыс етілген дипломатиялық сыйлықтар құрайды.

Көрмеде сағат өндірісінің типтік өнімдерімен қатар, сирек әрі бірегей туындалар қойылған. Көрмедегі жәдігерлердің арасында сыйға берушілердің арнайы тапсырысымен жасалған түрлі механикалық, кварцты және электронды сағаттар, 3000-жылға есептелген күнтізбелі және басқа да көптеген сағаттар айрықша көзге түседі.

Сағат адамның күнделікті өмірінде ерекше орын алады. Алғашқы сағаттардың пайда болуы бірнеше мыңжылдық тарихы бар. Уақытты өлшейтін алғашқы қарапайым құрал — күн сағаттарын шамамен 3,5 мың жыл бұрын вавилондықтар ойлап тапқан. Бірақ бұл сағаттар тек күндізгі уақытта ғана жұмыс істегендіктен, түнгі уақытта олардың орнына гректердің клепсидра атты су сағаты пайда болған. Құм сағаттары салыстырмалы түрде жақында пайда болды — осыдан мың жыл бұрын. Механикалық сағаттар шықпас бұрын от сағаттары да кең таралған болатын. Алғашқы механикалық сағаттардың пайда болу уақыты нақты белгілі емес. Бұл жөніндегі ең ескі ескертулер X ғасырға жатады. Механикалық сағатты құрастырушы Рим Папасы Сильвестер II болып саналады. Сағат тарихындағы атаулы даталардың бірі 1657 жыл — голландтық ғалым Христиан Гюйгенс маятнигі бар алғашқы механикалық сағат жасап шығарды. 1937 жылы Льюис Эссен ойлап тапқан тұңғыш кварц сағаты жасалды. ХХ ғасырдың екінші жартысында электрондық сағаттар дәуірі келді. Сағат өнеркәсібінің әрі қарай дамуына физик-атомшылар түрткі болды. 1949 жылы бірінші атам сағаттары құрастырылды. XX ғасырдың соңғы ширегінде тұрмысқа сұйық кристалды дисплейі бар сағаттар енді. Қазір «эталондық» болып табылатын аса дәл атом сағаттары бар.

Музейдің жалпы алаңы 10 000 шаршы метрден асатын төрт қабатты алып жатыр. Мұңда көңіл тоқтатар дүниелер жетіп артылады. Жоғарғы мемлекеттік органдар мәжілістері, пресс-конференциялар өткен Президенттің жұмыс кабинеті музей комплексін құрайды. Сонымен қатар «Тәуелсіз Қазақстан», «ҚР Мемлекеттік рәміздері», «Атамекен» (Елбасының тұлғалық қалыптасуы туралы), Елбасына берілген сыйлықтар мен марапаттар, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына арналған ерекше экспонаттар мен музейдің тамаша экспозициялары әр келушіні қызықтырады. (Келушілердің назарына Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің залдары экран арқылыкөрсетіліп тұрады)

Бұл көрме сіздерге жақсы әсер мен көңіл күй сыйлайды деген ойдамыз. Маңғыстау өлкесінің тұрғындары мен қонақтарын Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейі туралы мағлұматтар алып, жауһар жәдігерлерімізді тамашалауға шақырамыз,-деді.

Салтанатты шара барысында Мұрат Өскінбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі Әзімхан Баймағанбет Тастемірдің «Маңғыстау» және «Өнер» колледжінің студенті Индира Рахметова Ғ. Құрманғалиевтың «Әнші даусы» әндерін орындап, көпшіліктің ықыласына бөленіп, көрмені тамашалады.

Үміт ЖƏЛЕКЕ

Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

Оқырмандар назарына!
Көрме 22 қыркүйектен 25 қазанға дейін ақысыз жұмыс жасайтын болады.

1

2

3

4