Ақтауда Қазақстан коммунистік халық партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Қазақстанның білім саласындағы өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстел болып өтті. Өңірдегі білім беру мекемелерінің басшылары мен партия мүшелері қатысқан жиында облыстың маңызды саласындағы мәселелер мен кемшіліктер сөз болды.

Жас ұрпаққа сапалы білім беру- бүгінгі күннің талабы. Жаһандану заманында ел болашағы жастардың білімді де білікті маман болып шығуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасау керек. Жаңартылған білім мазмұнының мақсаты да сол.

Соңғы жылдары жүйесіз реформалар мен білім министрінің жиі ауысуы, оқу бағдарламасы мен оқулықтардың өзгере беруі салдарынан біздің болашағымыз аспанының тұманға айналу қаупі бар. Болашақ мамандардың сауатты да білімді болуы мектептер мен колледждержде дұрыс оқытудың нәтижесіне байланысты. Білім жүйесіне бейжай қарауға болмайды. Өйткені, бүгінгі оқушы — ертеңгі маман,-дейді Қазақстан коммунистік халық партиясы облыстық филиалының бірінші хатшысы Роза Махамбетова.
Білім саласына мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлінеді. Дегенмен, мұғалімдер мәртебесінің түсіп, жалақының төмендеп кетуі білімнің алға басуына кедергі келтіріп отыр. Жаңартылған білім мазмұнына толық көшу үшін мұғалімдердің әлеуметтік жағдайларын жақсарту керек.

4532453

Мемлекеттік қызметкерлердің қызметте өсулеріне жол көп. Ал, қиын да күрделі мамандық иелері мұғалімдердің еш мүмкіндігі жоқ. Мектепте жұмыс жасаған мұғалім кез келген мемлекеттік қызметті атқара алатынына сенімім мол. Қазір жас ұстаздардың бір айлық еңбек жалақысы 40 мың теңге. Одан не талап етуге болады? Сонысымен қоймай, концертке билет алып, жарыстарға қатысуға мәжбүрлейміз. Мектепті қаржылық тексерулерді де бір жүйеге келтіру керек. Дәл осылай жалғаса берсе, жақсы мамандар қалмайды,-дейді №21 мектептің директоры С.Шудабаева.
Еліміздің білім саласында қордаланған мәселе көп. Мұғалімдер әлеуметтік жағынан қорғалмаған, оқушы тәрбиесінде олқылық көп. Сондай-ақ, қазіргі оқушылардың білім деңгейі салыстырмалы түрде өте төмен.

Өкінішке орай, қазір мұғалім мамандығын мектепте нашар оқыған түлектер таңдайды. Мұғалімдердің жалақысын көтерсе, үздік оқушылар ойланар еді. Кеңестер одағының кезінде мұғалімдердің жалақысы 300 сом, ал, мұнайшылардың айлығы 100 сом болатын. Қазір бәрі керісінше. Артық айтсам кешіріңіздер, қазіргі үздік оқушының деңгейі бұрынғы трактористің білім деңгейімен бірдей деуге болады. Бұрын ауыл мектебін бітірген бала Мәскеу университетіне ұялмай оқуға баратын еді. Көптеген мұғалімдер өз мамандықтарын амалсыздан атқаратындай. Білім саласына жаңаша өзгеріс керек,-дейді туризм колледжінің директоры М.Ізмұхамедов.
Білімсіз оқушыдан жақсы маман шықпайды. Білім саласына деген мемлекеттік қолдау мен жаңашыл бастамалар осы олқылықтардың орнын толтыруы тиіс.

Үштілділік – заман талабынан туындап отыр. Үштілділік –үш тілде бірден сөйлеп кету деген сөз емес. Шыны керек, жаңартылған білім мазмұнын кейбір мұғалімдердің өздері дұрыс түсіне алмай жатыр. Баланың еш жазығы жоқ, бәрі өзімізден. Жұмыс істеуіміз керек. Облысымыздан 100 мұғалім осы жылдың қараша айында 5 ай оқуға кетеді. 90 ағылшын тілі пәнінің оқытушылары да арнайы оқу курсында білімдерін толықтырады,-дейді облыстық білім басқармасы басшының орынбасары А.Тұржанова.

Анар ШАМШАДИНОВА

45653