Қала әкімдігі ғимаратында Астана қаласы, «Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы Қабылбек Жұмабеков пен Маңғыстау облыстық орталық мешітінің бас имамы Исмаил Сейтбеков жастармен кездесті.

Дін мәселесін талқылау, дұрыс бағытты айқындау мақсатындағы мұндай кездесу қаламызда осыған дейін мектеп оқушылары мен студенттер қатысуымен өткізілген болатын. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, мектеп мұғалімдері, психологтары мен жастардың дін саласындағы сауаттарын тереңдету көзделген бұл жиналыста «Нұр Астана» мешітінен келген имам өзінің білімімен бөлісті. Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасының төрағасы, бас мүфтидің тапсырмасымен елімізде жүргізіліп жатқан мұндай шаралар легі ислам дінінің тазалығын, бауырмалдылыққа жетелейтінін түсіндіріп келеді.
Адам баласының бойына ең қажетті мейірімділік пен сүйіспеншілік, өзара сыйластық пен кеңпейілділік және тағы да басқа құндылықтарды топтастыратын маңызды қасиеттің бірі – бауырмалдық. Бұл қасиеттің әсіресе, асыл дініміздегі орны өте ерекше. Дінімізде мұсылман мұсылманның бауыры, ол оған еш уақытта тілімен де, қолымен де жаманшылық жасамайды, келеке етпейді, малына, арына сұқтанбайды. Бұл қағида исламдағы ең ұлы ұғымдардың бірі.
Жиында көтерілген тақырып негізінде ата-бабаларымыздың өз елі үшін атқарған қажырлы еңбегі сөз болып, Ислам ғұламалырының сөздерімен өрнектелді. Қабылбек Жұмабеков көтерген тағы бір мәселе мұсылмандардың отбасылық құндылықтары турасында болды. Осыған орай қазіргі жастар арасындағы жағымсыз әдеттер талқыланып, мұсылман ерлер мен әйелдердің киім үлгілері қандай болуы керек екендігі сөз етілді. Облыстық орталық мешіттің бас имамы Исмаил Сейтбеков жастардың көкейтесті сұрақтарына жауап берді.

Әсел ҚОЙШЫБАЕВА