Қаламызға М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры гастрольдік сапармен келді.

img_8719

Ұжымға театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл жетекшілік етеді. 60-тан астам әртістерді бастаған театр басшылығын қала әкімі Е.Әбілов, қала әкімінің орынбасарлары мен жас өнерпаздар концерттік бағдарламамен күтіп алды. Қала кіреберісіндегі «Жаңаөзен» стеласы маңында қонақтарға арнайы жайылған ақ дастарханнан дәм татқан әртістердің кезекті сапары осылай басталды.

Театр деп санамызға сіңген өнер шаңырағы, ондағы жампоз-тарландар сол боямасыз өмірдегі біз аңғарып-аңғармаған жәйттерді тайға таңба басқандай етіп көрсетушілер, жеткізушілер. М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының ұжымы осы өнерді еліміздің мәдени астанасы — Алматы қаласынан арнайы арқалай келді.

М.Әуезов театрының тәуелсіздік кезеңіндегі, әсіресе, осы ғасыр басынан бергі гастрольдік карта географиясы тым ауқымды. Ұжым Республика Мәдениет министрлігі қолдауымен, сондай-ақ арнайы шақыртулармен де Ресейдің Омбы қаласы мен облысында, Ташкентте және республика облыстары мен елордамыз Астанада, сондай-ақ Елбасымыздың шағын қалаларды мәдени қызметпен қамту бағдарламасы аясында соңғы 3-4 жыл ішінде еліміздің 7-8 шағын қаласында өнер көрсетті. Сондай сапарларының бірі — театр 2013 жылы желтоқсанда қаламызға келіп, арнайы спектакль қойғанын, қалың көпшіліктің ерекше ықыласпен қарсы алғанын атап өту орынды.
— Еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен М.Әуезов театрының 90 жылдығы аясында жоспарлы түрде Маңғыстау облысына гастрольдік сапармен келдік. Мақсатымыз — аталған мерейтойларды алға тарта отырып, Маңғыстау өңірінің тұрғындарын өнерімізбен сусындату. Бұл жолғы сапарымызда театр репертуарындағы көрерменнің көңіл төрінен орын тепкен жеті спектакль қойылады, — дейді Е.Біләл.

img_8755

Бес түрлі қойылым 22-26 қыркүйек аралығында «Мұнайшы» мәдениет сарайында сахналанады. Алғаш қалың көрермен қауымға «Бейбарыс сұлтан» спектаклі жол тартпақ. Дешті қыпшақ жерінің тумасы, он жасында жетім қалып, құлдыққа өзге елге сатылып кеткен Сұлтан аз-Захир Бейбарыс қатардағы құлдан Мысыр елінің ойлы да кемеңгер билеушісі дәрежесіне дейін көтерілген тағдыры өте күрделі, қарама-қайшылықты тұлға. Қаншалықты биік атақ-даңқ пен аса зор билік әлеуетіне ие болса да Бейбарыс бабамыздың жүрегін мәңгілік бір сағыныш сыздатып өткен. Туған ел-жеріне, сайын даласына, жусанның ашқылтым иісіне деген сол сағыныш — спектакльдің де негізгі лейтмотиві.

23 қыркүйек күні  Исраил Сапарбайдың «Қыз мұңы» лирикалық драмасы сахналанады. Спектакль арқауы — бүгінгі күн. Алматының Арбаты, ызғарлы Желтоқсан оқиғасы кезінде бастарынан қиындық-қорлықты бірге өткерген жастардың сезімдері жеткізіледі. Терең психологизммен ерекшеленетін көрнекті орыс драматургы А.Володин пьесасы бойынша қойылымға ажырасуға бел буған сегіз отбасының әрқилы тағдыры арқау болған. «Қоштасқым келмейді» қойылымы 24 қыркүйекке жоспарланып отыр. Жасы, әлеуметтік мәртебесі, дүниетанымы жағынан әртүрлі бірнеше шаңырақ иелері сан түрлі өмір драмасына ұшырап, күмән-күдікке, тәкаппарлыққа бой алдырады — бақытты кездесулер баянсыз қоштасуларға ұласқалы тұрғандай. Некелерін бұзуға сотқа келген оларды татуластырмаққа судья барын салады. Өзімшіл ерлі-зайыптылар арасындағы рухани тартыс суреттеледі. Шарттылық белең алатын қойылымда әр кейіпкер әртүрлі таным, жеке дүниетанымын алға тартады. Әрбір кейіпкер, яғни әрбір адам — жеке әлем, тек сол әлемге үңілу, оны түсіне, қажет болса кешіре білу — үлкен қасиет. Негізінен театрдың жас буыны қатысатын спектакль өмірдің осы бір қарапайым да күрделі пәлсапасы туралы ойларға жетелейді.

25 қыркүйекте жаңаөзендіктердің назарына ұсынылатын «Тендерге түскен келіншек» драмасында қазіргі заман оқиғасы бейнеленген. Бұл қойылым машинамен кісі қағып кеткен жалғыз ұлдарын пара беріп соттан құтқармақ болып шарқ ұрған ерлі-зайыпты хақында. Гастрольдік сапардың Жаңаөзен қаласындағы соңғы күні — 26 қыркүйекте «Қожанасыр тірі екен» комедиясы сахналанады. Қожанасыр жалпы Шығыс, оның ішінде түркі халықтарына ортақ фольклорлық кейіпкер. Ал, спектакльде арамызда жүрген Қожанасырды сатып пайда таппақ, сенсация жасамақ болған коммерсанттар бейнесі сомдалады. Ортақ бабалары Қожанасырды өз еліне алып кету үшін келген түркі халықтары өкілдерінің өзара дау-дамайы, пікірталасы, Қожанасыр түскен ситуациялар — пьеса мен спектакль алға тартатын түп идеяны ашуға бастайды. ХХІ ғасыр — жаһандану ғасырына түркі халықтары қалай жетті, болмысы қалай өзгерді? Бұл жолда ол нені тапты, неден ұтылды және бүгінгі түркі әлемінің бет-бейнесі қандай? Қойылым оқиғалары күлкі тудыра отырып халқымыздың, жалпы түркі әлемінің бүгінгі ахуалын зерделей білуге, болашағы туралы ойлануға шақырады.

img_8749

Спектакльдерде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айдос Бектемір, Қазақстанның халық әртісі Гүлнар Жақыпова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бекжан Тұрыс, Азат Сейтметов, Асылбек Боранбай, Дәрия Жүсіп, Азамат Сатыбалды сынды көрермен қауымға театр және телеэкран арқылы танылып жүрген белді артистер мен қазақ театр өнерінің майталмандары бастаған көшке жаңадан қосылған жас буын өкілдері де өнер көрсетеді.

Әсел НҰРЛАНҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген автор