Қызметтік этика сақталмаса, жемқорлыққа жол ашылады…

ҚР 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығы айқын көрсетіліп, жеке бөлім ретінде қарастырылған. Осыған орай, өңірімізде ҚР мемлекеттік қызмет істері министрлігінің облысымыз бойынша департаментінің тапсырысымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар кешенін өткізу» өңірлік жобасы бойынша 2016 жылға арналған іс-шаралар жоспары жасақталып, «Қолдау-Қазақстан» көпсалалы коммерциялық емес холдингі» жекеменшік мекемесі бірқатар шаралар өткізілуде.

IMG_7198

«Қолдау-Қазақстан» жекеменшік мекемесінің ұйымдастыруымен алғашқы шара Мұнайлы ауданында өткізілген. Ауданның мемлекеттік қызметшілеріне қызметтік этика нормалары түсіндіріліп, қоғамның жанын жегідей жеген жемқорлықтың алдын алудың жолдары айтылды. Әлеуметтік тапсырыс аясындағы жобаның кезекті шарасы «Арман» жастар орталығында «Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау қызметін жүзеге асырудағы қызметтік этика және жоғары рухани-адамгершілік ахуал» тақырыбында болып өтті. Мемлекеттік қызметкерлер мен БАҚ өкілдері қатысқан дөңгелек үстел барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және мемлекеттік қызметтің сыбайлас жемқорлыққа қарсыласуының жаңа моделі талқыланды.
ҚР мемлекеттік қызмет министрлігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Маңғыстау облысы бойынша департаментінің мәліметтерінше, ағымдағы жылдың алты айында өлкемізде лауазымды тұлғалардың қатысуымен бірнеше қылмыс деректері тіркелген. ҚР Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу және бәселекестікті қорғау комитетінің облысымыз бойынша департаменті басшысы мен орынбасары «Өзен-Жылу» мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорны басшысынан тексеріс кезінде анықталған заң бұзушылықтарды жауып, сол үшін салынатын 9 600 000 теңге әкімшілік айыппұл көлемін 3 200 000-ға азайту мақсатында 300 000 теңге пара алған. Сөйтіп, заңды белшесінен басып, мемлекетке біршама зиян келтірген. Тергеу кезінде қос басшының «Бейнеу-Энергосервис» мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорнының қызметіне қатысты заң бұзушылықтарды жасырғаны анықталған. Ақтау қалалық соты өз лауазымын асыра пайдаланып, сыбайлас жемқорлық қылмысқа барған мекеме басшыларын мемлекеттік қызметтен біржола аластатып, ірі көлемде айыппұлдар салған. Өкінішке орай, бұл биыл орын алған жалғыз дерек емес. 6 айдың ішінде 4 қылмыс тіркеліп, сыбайлас жемқорлыққа жол берілген. Әрине, жемқорлықпен жалғыз күресіп, оның тамырына балта шабу мүмкін емес.
— Сыбайлас жемқорлықпен бір құрылым айналысып, оны жеңе алмайды. Жемқорлықпен қоғам болып күресу керек. Қоғам түзеліп, мәдениетті қалыптырса ғана жағдай өзгереді деп сенемін. Әрбір азамат өзін-өзі тәрбиелеуі керек. Бәрі этикадан басталады. Қызметтік этика сақталмаса, жемқорлыққа жол ашылады,-дейді ҚР мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Қ. Бәйгебаев.

IMG_7206

Аталмыш департаменттің бас маманы Ақмарал Сванбаева қатысушыларды мемлекеттік қызметтің сыбайлас жемқорлыққа қарсыласуының жаңа моделімен таныстырды.
— Біздің қызметіміздің алдында тұрған бірінші кезекті міндеттерге сыбайлас жемқорлық қылмыстарының алдын алу, анықтау, жол бермеу, ашу және тергеу жатады. Анықтау және тергеу жұмыстарымен қатар құқыққа қайшы әрекеттердің себептерін алдын алу және анықтауға қатысты жұмыстарды бірге жүргізудеміз. Өз қызметімізден мемлекеттік орындардағы сыбайлас жемқорлыққа төзбеушіліктің қалыптасуын және шенеуніктердің тарапынан сыбайлас жемқорлық фактілерін болдырмау шараларын күтеміз,- деді А.Сванбаева.
«ҚР 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 2014 жылдың желтоқсан айында бекітілсе, ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы 2016 жылдың 1 қаңтарында күшіне енген болатын. 27 баптан тұратын заң сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеп, елімізде жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруды мақсат етеді. Департаменті басшыларының айтуынша, сыбайлас жемқорлық деректерімен кездескен жағдайда тұрғылықты жердегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне дереу хабарласу керек. Тіпті, 1424 телефоны арқылы ақпарат беруге болады. Жемқорлық құқық бұзушылық туралы хабар берген азаматтарға сыйақы белгіленген. Қызмет барысында қорқытып ақша алатын немесе пара беруге мәжбүрлейтін, сондай-ақ, кәсіпкерлік қызметке кедергі болатын жағдайларда департаментке арыздану қажет.
2016 жылы ҚР мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті 259 сыбайлас жемқорлық қылмыстарын анықтаған. 108 іс сотқа жіберілсе, 103-і тоқтатылған. Лауазымды тұлғалар мен мемлекеттік орындар тарапынан орын алатын заң бұзушылықтардан шағын және орта бизнесті қорғау мақсатында бірқатар шаралар қолға алынуда көрінеді. Жылдың алғашқы жартыжылдығында кәсіпкерлердің құқығын бұзуға қатысты 4 дерек тіркелген. Дөңгелек үстел барысында сөз болған жәйттің бірі — мемлекеттік қызметшілердің әдеп сақтауы болды. ҚР мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінде мемлекеттік қызметшілер мінез-құлықтарының жалпы стандарттары айқын көрсетілген. Әдеп кодексі бойынша, олар әрқашан жалпы қабылданған моральдық- әдептілік нормаларын сақтауға, азаматтармен қарым-қатынаста сыпайылық танытуға, өздерінің қабылдайтын шешімдерінің заңдылығы мен әділдігін қамтамасыз етуге және мемлекет мүддесіне нұқсан келтіретін іс-әрекеттерге қарсы тұруға міндетті.

Анар ШАМШАДИНОВА