kuralai киік құралайдың салқыны

Түсті шықтар шөптерге,
Жауатындай қар, түрі.
Соғады әр жыл көктемде,
Құралайдың салқыны.
Баяғы сол тәртібі – келеді жел арқылы,
Лағы боп киіктің құралайдың салқыны.

Қазақтың ақыны Сырбай Мәуленов осылай деп жырлаған «құралайдың салқыны» туралы білесіз бе?

Қыс мезгілі аяқталып, халық қалың киімін тастап, күн жылыған көктемде ауа райының қайта суытатыны бар. 14-27 мамырдың аралығына тұспа-тұс келетін бұл кезеңді қазақ «құралайдың салқыны» деп атаған. Құралай — киіктің лағы.

Халық ұғымында «Құралайдың салқыны» — мамыр айының екінші жартысынан басталып, он шақты күнге созылатын дауылды қара суық, құбылмалы күндер. Адамға да, малға да жайсыз қара суық түсіп, ызғырық жел соғып, тіпті кей жерде қар жауады.

Қазақтың есепшілері текебұрқылдақ амалы – текелердің шағылысатын кезіне қарап, құралайдың салқыны амалының уақытын дәл анықтап отырған.

Құралайдың салқыны аталатын себебі бұл кезде киіктер төлдеп, құралайының кіндігі түседі. Әрі киік төлдер кезде желге қарсы жүгіріп, төлдеуге қабілетті болады екен. Бұған табиғаттың тылсым күшімен соққан қатты суық жел жәрдемдеседі. kuralai киік құралайдың салқыныБір қызығы, даланы кезген барлық киік осы екі-үш күннің ішінде төлдеп үлгереді.

Енесі жанында болмаған кезде құралай тапжылмастан жата береді екен. Үлкендердің айтуынша, аналық киік кез келген құралайды емізіп, бауырына ала береді. Сондықтан ыстық жаз түскенде құралайдың далада жетім қалмайтыны осыдан.

Киік өзінің лағын осы мерзімде өргізеді. Яғни, құралайдың салқынында жел тұрып, жаңа туған лақ желге қарсы жүгіріп, тынысын ашып, тез аяқтанып кететін көрінеді. Киіктер сағаты 60 шақырым жылдамдықпен жүгіре алады. Жаңа туған лақ екі сағатта аяққа тұрып, екі күнде енесіне ере алады.

Киік төлдеген суық кезде етке құмар дала жыртқышының тәбеті қашып, етке жақындай алмайды деседі. Тек құралай аяғына тұрып, енесіне еріп жүре алатын шақта ғана жыртқыш аңдардың етке деген тәбеті қайта оралады.

Тағы бір қызық жайт — киік төлдер кезде сайын далада түйе­табан өсімдігі шығады. Оның жасылдау-қызғылт үлкен жапырақтары жаңа туған құралайды қырағы көз бүркіттен жасырып тұрады.

Қазақ киікті қасиетті жануарлардың қатарына жатқызып, қызына Құралай есімін берген. Ауыз әдебиетінде киікке байланысты аңыз-әңгіме көп сақталған. Ақын-жазушылар да жанары үлкен, қара көзді аруларды құралайға, аққұбаша әдемі бойжеткенді ақбөкенге теңеген.

Сәкен Сейфуллин «Жәндіктің киік деген баласы бар» деп жырласа, Әсет Найманбайұлы «Көрсем де де құралайды атқаным жоқ, Ұқсаттым Мақпал жанға шын жүректен» деп жазған.

Бір аңызда Жерұйықты іздеген Асан Қайғы бір жерге «Қырында киік жайлаған, суында балық ойнаған» деген баға беріпті.

Халық аузында айтылатын діни қиссалардың бірінде Адам ата жерге түскен кезде пейіштен інжірдің бес жапырағын алып түскені айтылады. Жапырақтың бірін бал арасы, екіншісін жібек құрты, енді бірін киік жеген делінеді. Қалған екеуін Адам ата жерге егіпті. Содан бері киік пейіштің жемісін жеген киелі аңға айналыпты.

Суреттер әлеуметтік желіден алынды