Медиация  заңының қолдану аясы қандай?

Қоғам   болған  жерде  дау  да, кикілжің  де болып тұрады.  Оған  бірден-бір  себеп-меншік  түрлерінің  көбеюі, нарықтық қатынастардың орнауы  және   халықтың  құқықтық  сауатының  артуы  деуге болады.  Қазіргі  таңда   жеке   және заңды тұлғалар араларында туындаған үлкен дауды  айтпағанда, кез-келген  ұсақ-түйек даулар бойынша да  сотқа жүгінеді. Себебі, қазір таңда сотқа деген халықтың сенімі жоғары. Бұған дәлел,   Елбасының  «100 Нақты қадам»  Ұлт  жоспары  аясында  сот жүйесінің  алдына  қойған талабы, қала берді,  сот жүйесінің ашықтығы мен қолжетімділігін  айтуға  болады.

Сот  өндірісінде  медиация  заңын қолдану арқылы аяқталған істер саны күн санап артып келеді. Өйткені,  сот жүйесі тарапынан осы заңды насихаттау үшін бұқаралық ақпарат құралдарында сұхбаттар, газет-журналдарда мақалалар, радиобағдарламалар мен семинар, дөңгелек үстелдер  мен жоғары оқу орындарында  лекциялар оқу сияқты жұмыстар  атқарылуда.  Бұл туралы  Маңғыстау облысының Ақтау қалалық №2 сотының   судьясы   Едіге Бегенов айтты.

Дегенмен халық арасында әлі де болса бұл заңды қолдануда  түсінбеушіліктер де  жоқ  емес.

Медиация — бұл    латын    тілінен   аударғанда,  делдалдық ету, яғни тараптарды  өзара  келістіру тәсілі  немесе  медиаторды  мәмлегер,  бітімгер деп  түсінген  абзал.  Қазақы  ұғымға  сәйкестендірсек,  медиатор – екі  жаққа да  ортақ даудамайда айтысушы жақтарды ортақ келісімге келтіріп, тең шешетін  ара  ағайын.

Медиация – үшінші  бейтарап  қөзқарасты  ұстанатын,  яғни  медиатордың  көмегі  арқылы  дау-жанжалдарды соттың қатысуынсыз реттеу. Сонымен бірге,  сотта дауды шешу кезінде судьялар да  медиатор ретінде  дауды  шешуге  араласа  алады. Себебі,  бұл  заңмен   қарастырылған.

— «Медиация» заңы  2012 жылы  қолданысқа  енгізілсе  де,  қоғамның  заңды  және  жеке тұлғалары  бұл  жаңашыл  заңды   әлі    де   жете   меңгере қойған жоқ.  «Медиация» деген аты  жаңа  болғанымен,   қазақ   үшін  жат  дүние  емес. Бұл — «Алдыңа  келсе,  атаңның  да   құнын  кеш»  деген  қағиданы  басшылыққа   алған    дарабоз  билердің  дәстүрлі билік жүргізу тәсілінің баламасы. Қазіргі  таңда  сотқа  жүгінген  азаматтар медиация заңының қалай жұмыс  жасайтынын  сотта дауды шешу барысында   біліп оның тиімді тұстарын көріп отыр. Егер де жеке және заңды тұлғалар дауды шешуде  сотқа  дейін  медиация   жүйесін   пайдаланса,  ол өте тиімді   болары  сөзсіз. Бұдан бөлек тараптар дауды сот отырысы кезінде де шеше алады, яғни  дау бойынша өздеріне тиімді  ұсыныстарды  талқылап, белгілі  бір  келісімге  келіп,  осы  медиация заңы аясында бітімгершілік келісімін соттан бекітуді сұрайды. Сот әрбір жасақталған медиация немесе бітімгершілік келісімінің  заңдылығын  тексеріп, яғни үшінші тұлғаның мүделеріне нұқсан келмейтін болса, ол келісімді  бекіту туралы ұйғарым  шығарады. Талапкерге мемлекеттік баж салығы үшін төлеген  алымы  Салық кодексінің талаптарына сәйкес кері қайтарылып беріледі,-дейді Ақтау қалалық №2 сотының судьясы  Е.Бегенов.

Медиациялық  келісім  кәсіби медиаторлар және кәсіби емес медиаторлар  көмегімен  жүзеге  асырылады.  Кәсіби емес медиатор дегеніміз- халқына қалаулы, еліне елеулі үлкен аға-апалар, көреген ақсақалдар. Кәсіби медиаторлардан бөлек, судьялар да  заң  талаптарына сәйкес судья-медиатор деген сертификаты арқылы  медиатор  қызметін атқара алады.

— Сот жүйесіне енгізілген жаңа өзгерістер жөнінде айтсам, «100 нақты қадам»   аясында   бір жылдың ішінде 56 заң қабылданған болатын. Соның  ішінде  сотқа  қатысты 2016 жылы «Азаматтық процестік кодексі» қабылданды. Осы заңда дауды шешу кезінде тараптарды  бітімгершілікке   келтіру  үшін  арнайы   тарау  енгізілді.  Бұл  тарауда  тараптарды татуластыру мәселесіне көп көңіл бөлінеді.   Азаматтық  істер  бойынша дауды шешуде тараптардың арасындағы  дауды  татуластыру рәсімдері арқылы реттеу мәселесі, Ақтау қаласы №2 сотының судьяларымен күнделікті  істерді қарау барысында  басты  назарда,-дейді Е.Бегенов.

Қазіргі  сот  жүйесінде  тараптардың татуласуы үшін медиациядан басқа  партисипативтік  рәсімдер  де  қолданылады. Партисипативтік   рәсім  арқылы дауды шешу дегеніміз, медиация, бітімгершілік сияқты келісімге ұқсас, мұнда тек қана, келісім тараптардың қорғаушылары арқылы жүзеге асырылады.

Қазақ  үшін  бітімгершілік- билік  айтудың  ең  озық  өнегесі.   Елімізде     «Медиация  туралы» заңның қабылдануы, өркениет көшіне  бет түзеген батыл   қадамдардың  жасалуы  біздің  қоғамымызда  оң  өзгерістердің  жүзеге  асырылып  жатқандығының  айқын көрінісі екендігін айғақтайды. Бұл  заң —  қазақ  халқының  дәстүрлі  билер  мен  ата-бабалар  тағылымын, әдет-ғұрып  тәжірибесін   қалпына  келтіруге  жасалған  игі  қадамдардың бірі.

 

Ұ. Адайханова,

 Еуразия Ұлттық Университетінің I курс студенті