Зейнеп Тастемірова

Облыста жаңа оқу жылында 2, 5, 7 сыныптардың оқушыларын оқулықтармен қамтамасыз ету үшін 1 063 995 мың теңгеге 18 баспамен келісімшарт жасалған. Бүгінгі таңда сатып алынатын оқулықтардың жалпы саны — 910 010 дананы құрап отыр. Одан бөлек 1-сыныптарға арналған 155 785  дана жұмыс дәптері сатып алынбақ. 25 тамызға дейін барлық оқулықтар аудандық, қалалық білім бөлімдеріне жеткізіледі деп жоспарланған. Бұл жайында облыстық білім басқармасының басшысы Зейнеп Тастемірова мәлімдеді.

Қазіргі таңда облыс бойынша 495 білім беру ұйымы тіркелген. Оның ішінде 252-балабақша, 147-мектеп, 26-колледж, 57-қосымша білім беру,  13-арнайы білім беру ұйымдары бар. Өткен оқу жылында облыстағы педагогтардың саны алдыңғы оқу жылымен салыстырғанда 1274-ке өсіп, 16 185-ті құраған. Барлық педагогтардың 10775-і  (66,6%) жоғары білімді, 6861-і (42,3%) жоғары және бірінші санатты мамандар.

Тағы оқыңыздар: 300 мұғалім жергілікті бюджет есебінен қосымша оқытылады

-Білім беру саласында басқарушылық құзыреттілікті дамыту мақсатында облыс әкімдігінің қолдауымен «Білім беру саласындағы менеджмент» мамандығы бойынша білім саласының 50 маманы Алматы менеджмент университетінде 2 жылдық магистратурада, 70 маманы  Al-Farabi Education білім беру орталығында 1 жылдық курста  білім алуда. Соңғы үш жыл ішінде облыстың 8 педагогы «Үздік педагог» республикалық конкурсының грантын жеңіп алып, төсбелгі иегері атанды.  Биылғы «Үздік педагог» конкурсының облыстық кезеңінің 9 жүлдегері республикалық кезеңге жолдама алды,-дейді облыстық білім басқармасының басшысы Зейнеп Тастемірова.

Венера МИРЛАН