Астанада Маңғыстау күндері

Астана төрінде өтіп жатқан «ЭКСПО — 2017» халықаралық көрмесіне қатысқан Маңғыстау облысының өнер ұжымдарын құраған 700-ге жуық өнерпаз қазақ елінің абыройын асқақтатып, мәртебесін еселей түсуге белсенді ат салысты. «Қарт Каспийден сәлем ал, Ерке Есіл» деп аталған Маңғыстау күндері бағдарламасы аясында өткен шараға өңіріміздің ірі өнер ошақтарының бірі—Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінің  ұжымдары да қатысты. Атап айтқанда, «Колибри» сән-театр студиясы, «Жорға» би ансамблі, «Радуга» балалар студиясы, «Альтаир» би ансамблі, «Настроение» би ансамблі, «Молодость» джаз ансамблі және «Гвоздь» халықтық театры Елордамыздың төрінде өнер көрсетті.

21-тамыз күні Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінің қызметкерлері Астанадан келген өз ұжымдастары мен тәрбиеленушілерін салтанатты түрде қарсы алды.

-Маңғыстау күндерінің көптеген мерекелік концерттерінде режиссер қызметін атқардым,-деп әңгімеледі қоюшы-режиссер Серік Сариев. -Тек қана шығармашылық ұжымдардан құралған делегацияның өзі 657 адам болды. Бұл облысымыздың ірі өнер ошақтары –Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры, Абыл Тарақұлы атындағы облыстық филармония, Абай атындағы мәдени-демалыс кешені, облыстық қуыршақ театры және «Достық» үйінің өнерпаздары. Сонымен қатар, «Арна» жанұялық ансамблі секілді жеке ұйымдасқан топтар дәл осы тамыз айының 15-18-і аралығында өткен шараларға белсенді ат салысты. Маңғыстаудың аудандарынан келген жас таланттар мен қазіргі таңда өз биігі бар өнерпаздар 4 күнге созылған бағдарлама аясында өнер көрсетіп, көрермендердің ерекше ықыласына бөлене білді. Кіші симфониялық оркестр, Абыл Тарақұлы атындағы оркестр, «Ақжарма» фольклорлық ансамблі, кіші камералық ансамбль, ВИА топтары  «Қарт Каспийден сәлем ал, Ерке Есіл» бағдарламасына өз үлестерін қосты. Өнер ұжымдары Елордамыздағы негізгі сахналардан бөлек, этно-ауылда, «Жерұйық» саябағы іспеттес шағын концерттік алаңдарда бой көрсетті. Біз ұсынған бағдарламаның тағы бір ерекше тұсы–әртістеріміздің қатысуымен ЭКСПО-дағы Маңғыстау облысы күндерінің ашылу салтанаты еді. Ол жерде, яғни амфитеатрда өте бір әдемі көрініс орын алды. Киелі өлкемізден бастау алып, Астанада аялдаған көш іспеттес керуен жүздеген адамдардан құралған болатын. Жиылған халық біз ұсынған асылған ет, құрт, ірімшік, балқаймақ секілді дәмнен ауыз тиіп, театрландырылған көріністі тамашалады. Облысымыздың қолөнер шеберлері мен суретшілері де аталған шараға зор үлесін қосты.  Олар Маңғыстау мәдениетін, өзгеге ұқсамайтын ерекше сипатын, табиғатын әр түрлі қолдан жасалған бұйымдар мен суреттер арқылы жеткізе білді. Есенғали Раушанов ағамыздың шығармашылық кеші де «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында ұсынған бағдарламамыздан орын алды. Ұйымдастыру алқасы біздің делегацияның басқа қатысушылардан өнерпаздар санының көптігімен, қойылымдар мен нөмірлердің сапалы болуымен және әдемі сахналық костюмдерімен ерекшеленгені туралы айтып өткен болатын. Бұл біз үшін үлкен мәртебе деп білеміз. Артылған жүк абыроймен атқарылғаны көңілде қуаныш ұялатады. Барлық ат салысып, өнер көрсеткен ұжымдарға шын жүректен алғыс білдіремін.

Валентина ҚОЗЫБАҚОВА

АлдыңғыШекарашылар мерекесі
Келесі18 баспамен келісімшарт жасалған
Валентина Қозыбақова
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетін, халықаралық телестудия мектебін бітірген. Түрікменстанда қазақ тілінде шығып тұрған «Жұмысшы» газетінде тілші, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, Маңғыстау облыстық телеарнасында радио-тележурналист, республикалық «Қазақстан Заман» газетінің Маңғыстау облысы бойынша меншікті тілшісі қызметтерін атқарған. Маңғыстау облыстық «Маңғыстау» газетінің тілшісі.