Жұмағали Қалдықараевтың

9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында Маңғыстаулық бір топ адам Белоруссияға  автобуспен аттанған болатын. 

Бұл туралы сайтымызда жазған болатынбыз.  Мақсаты – Кеңес Одағының Батыры Жұмағали Қалдықараевтың Мозырь қаласындағы бауырластар зиратындағы батырдың басына Маңғыстаудың топырағы мен Отпан таудың жусанын апарған. Қабірдің басынан бір уыс топырақ алып қайтқан. Өткен сенбі күні Белорустан келген сол бір уыс топырақты Шопан ата қорымының тұсына қойды.

Әкелінген топырақ Маңғыстау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлеповтің сөз сөйлеп, сәттілік тулеуімен жерге көмілді. Шағын тұрпат жасалып, батырға  арналған уақытша ескерткіш қойылды.

Мұнан кейін Шопан ата қорымы жанындағы түнеухананың бастырмасы астында Жұмағали Қалдықараевтың рухына арнап ас садақа берілді. Ол жерде Жаңаөзен қаласының әкімі Елубай Әбілов, қалалық мәслихаттың хатшысы Сақи Мыңбай, қарағиялық ардагерлер Мұхамбет ата мен Тұрсынғали Көшенов сияқты басқа да көптеген адамдар шығып сөйлеп, мынадай шаруаның жастар тәрбиесінде маңызды орын алатынын атап өтті. Сондай-ақ, Белоруссияға барып келген топтан бірқатар өкілдері шығып сөйлеп, жиналған жұртқа көрген білгендерін айтып берді. Ас-садақа соңында Жаңаөзен қалалық мешітінің бас имамы Қайрат Маманбаев қан майданда құрбан болған Жұмағали батырдың рухына Құран бағыштады. Ата шапан таратылып, игі жақсыларға сыйлықтар мен алғыс хаттар тапсырылды.

Ж.Қалдықараевтың топырағы «Шопан ата» тұсына қойылдыБірақ бір таңқалдыратыны, тіпті таңқалдырғаны емес ойландыратыны батырдың қабірінен әкелінген топырақ «Күйеу тамнан» өтіп, Шопан атаға барар жолдың сол жағындағы сайдың түбіне қойылды. Ескі әңгімелерді көп айтатын ертедегі кәрі құлақ қариялардың сөздерінен есімізде қалған бірен-саран қағидадай қалыптасқан ырымдары есімізге еріксіз оралды. Сонда айтылғандардың ішінде «Біздің қазақ өлісін кез келген жерге жерлемеген. Ойламаған жерден, жол-жөнекей, аяқастынан біреу-міреу жан тәсілім етсе, қанша қысылтаяң болса да, ең болмаса ішдәретін алдырып, көз ұшында көрінген молаға жерлейтін болған екен. Немесе уақытша аманаттап қойылатын болған. Ал егер жақын маңда қорым жоқ мидай жазық далада келе жатып осындай оқиғаға тап болса, жолда кездескен кез келген биік төбенің басына жерлеп кете берген. Мұндай жағдай, әсіресе баяғы ашаршылық, қуғын-сүргін замандарында өте көп болды» деп айтып отыратын сөздері еміс-еміс есімізде қалыпты.

Ж.Қалдықараевтың топырағы «Шопан ата» тұсына қойылдыҚазіргі заманда адамдар мола түгіл баспанасын да өлшеп-пішіп, ылажсыз болмаса ойға, яғни сайдың түбіне салмайды. Өйткені, табиғаттың түрлі құбылыстары кесент келтіруі ғажап емес. Бірақ әркім өзі біледі дағы. Біреуге ақыл айтқалы отырған түгіміз жоқ. Ақыл айтамын деп бәлеге қалатын да жағдайымыз жоқ. Тек жұртшылықтан ойымызды жасырып қала алмадық. Әйтпесе, ас-садақадағы ақсақалдар мен атқа мінер азаматтар айтқандай шынында да мұндай игілікті істердің жастар тәрбиесінде маңызды орын иелейтіні шындық. Қабірінен әкелінген топырақпен қоса ерлігі елге танылған батыр аталарымыздың еңселі ескерткіштері тұрса елдің де, жердің де айбыны артады. Енді осы ойымызды, яғни ел тілегін жоғарыға жұқалап жеткізіп көрелік.

Ғасырдың төрт аяғы тең басылды,
Шулатқан соғыс өрті ен ғасырды.
Жұмағали батырға Маңғыстауда
Тарихтың шымылдығы енді ашылыды.

Ширек ғасыр жырлаған «жыр, әнімсің»,
Жұлдызың табылмаған тұмарымсың.
«Құмжыққын»ның құмында бойды түзеп,
«Кәтеп»тен түлеп ұшқан қыранымсың.

Ер болып ел есінде сақталғансың,
Қарақалпақ елінде шаттанғансың.
Шаржауға айдап малды барған кезде,
Түрікменстан жерінен аттанғансың.

Апшысын немістердің қуырғансың,
Талайдың қанын судай суырғансың.
Қабірің Белоруста жатқанымен,
Қазақстан жерінде туылғансың.

Ерлікпен жүрген жерге жаққан ісі,
Бұйырмысы болған соң Һақтан ісі.
Қарақалпақ, Түрікмен, Қазақтар мен,
Болдың сен Белорустың мақтанышы.

Сарбаз боп қан майданға алынғансың,
Болғасын қазақшылық арың басым.
Қорғау үшін көпірін Днепрдің,
Жас жаныңды құрбан қып шалынғансың.

Сені ойлап қарындасың егіліп тұр,
Дей алмаймын керегең керіліп тұр.
Қабіріңнен әкелген топырағың,
Туған жердің төсіне себіліп тұр.

Болмайды-ау, ел тілегін қолдамасқа,
Азды-көпті ойымды жолдамасқа.
Адайдың үш батыры Ақтауға кеп,(1)
Еңселі ескерткіш боп орналасса.

Ерлік те тәрбиенің құралы еді,
Билік те ел тілегін ұғар еді.
Үш батырға ескерткіш орнатылса,
Нұр үстіне нұр болып тұрар еді.

1. Жұмағали Қалдықараев,
2. Мәди Бегенов,
3. Біләл Қалиев.

Мұратбай ҰЛЫҚПАН.
Суреттерді түсірген автор.
22.05.17.