Халқымыздың сан ғасырлық мәдени мұрасын, салт — дәстүрін кейінгі ұрпаққа насихаттау негізінде және республикамыздың түкпір — түкпіріндегі жас таланттарды тану мақсатында жуырда Алматы қаласында  республикалық «Ғұмырдария» продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен ІХ республикалық «Асыл — мұра» атты ән — би өнер байқауы өткен болатын. Байқауға республикамыздың әр облы­сынан таңдаулы деген үш жүзге жуық жас өнерпаздар қатысып, олар көр­кемсөз оқу, дәстүрлі ән айту, аспапта ойнау, би, сән үлгісі жанрлары бойынша өнер көрсетті. Олар жас ерекшеліктеріне қарай кіші, орта және жоғарғы топ болып өзара бақ сынасты.

Байқауда Маңғыстау аудандық мәдениет үйінің  жанындағы Гүлфайрус Қалиева жетекшілік ететін «Таңшолпан» халықтық би  ұжымының орта және кіші топтары өнер көрсетіп, кілең «сен тұр, мен атайын» дейтіндей мықты жас өнерпаздар арасынан үкілеп қосқан екі топ та оза шауып, бас жүлдеге ие болды.Таңшолпан (1)

Құрылғанына 17 жыл болған «Таңшолпан» халықтық би ансамблінде бүгінгі таңда 90 – ға жуық жас тәлім алуда. Бастапқыда азғантай ғана ынталы жастар өнер көрсетіп жүрген ұжым уақыт өте келе жанданып, үйірме жетекшісінің үздіксіз ізденістерінің арқасында жарқын жетістіктерге қол жеткізе бастады.

– «Мен 2012 жылы «Өрлеу» мекемесіне жұмысқа келіп,  алғашқы жоспарларды құрып, үйірме жұмысын бастаған кезім  әлі есімде. Ол кезде үйірмеде 20 оқушы ғана дайындық жасайтын. Сынып бөлмелері барынша жабдықталғанымен, сахналық киімдеріміз талапқа сай келмейтін. Сондықтан аудандық мерекелік шараларда ғана өнер көрсетіп, байқауларға қатыса алмайтын едік. Бірақ, би өнерімен айналысқысы келетін оқушылардың өнерге деген құлшынысы жұмысымызға тың серпін беріп, нақты мақсаттар құрдық. Сонымен қатар мекеме басшысы М. Дуланованың қолдауымен би сыныбына қажетті жағдайлар жасалып, түрлі би костюмдерін тіктірдік. Соның арқасында үйірме мүшелерінің қатары да көбейіп, уақыт өте келе облыс орталығында өнер көрсетуге мүмкіндіктер ашылды. Міне, күні кеше ұжымымыз республикалық байқауда бас жүлдеге қол жеткізді» — деп ұжым жетекшісі қуанышын жасыра алмады.Таңшолпан (3)

Бүгінде «Таңшолпан» би ансамбілінің құрамында Жанар Бисенова, Айгерім Алшынбаева, Сапфира Қонысбаева, Ақмаржан Аманбаева, Венера Қыдырғалиқызы, Гүлнұр Наурызбайқызы, Дариға Бекарысова, Қырмызы Төлегенова есімді жас бишілер өнер көрсетеді. Олардың барлығы би өнерін шебер меңгерген талантты жастар. Болашағынан көп үміт күттіретін өнерпаздардың алдағы уақытта кәсіби биші болатынына ұстазы Г.Қалиева сеніммен қарайды. Ұжым мүшелері арасында ұстазы секілді өнер саласында қызмет етіп, жарқын жетістіктерге жетуді армандайтындар да бар.
«Ел іші – өнер кеніші» демекші, ауданымызда өнерлі, талапты, талантты жастар көп-ақ. «Бұлақ көрсең, көзің аш» деген халық даналығы негізінде олардың шабытына шырай келтіріп жүрген ұстаздардың жұмысы да белсенді. Өнер өлкесіне өзіндік нақышпен, ерекше үлгімен қадам басып, аудан мақтанышына айналған «Таңшолпан» би ұжымына тек сәттіліктер тілейміз.

Мұратбек КӘДІРБАЕВ