Соңғы жылдары баспасөз беттерінде жазудай-ақ жазылып, айтудай-ақ айтылып жүрген той-томалақта, садақаларда әйелдердің шүберек-шауқан салған пакетінің жыры бітпей-ақ қойды.

Маңғыстауда қазақылықтың қаймағы бұзылмаған аймақ, салт-дәстүріміз сызат түспей сақталған деп мақтанамыз. Әрине, бұл рас, ауданымызда әзірге әр жерден келген кірме салт билігін жүргізе қойған жоқ.
Бірақ, кейбір садақа-тойларда біз бала күнімізде көрмеген, бұрын-соңды естіп білмеген салттардың сылаң қағып жүргенін көргенде таң қалмасқа шараң жоқ. Қазір «бәрі бәсеке, қолы ұзын адам не істесе де өзі біледі» деп отыратын ақ жаулықты аналар мен ақсақалды аталардың саны да көбейген. Басқа басқа, бірақ салт-дәстүр мәселесінде қолынан келіп, қонышынан басуға жол бермесек екен деген ой мені жиі мазалайды.

Солардың бірі – кеше ғана бақилық болған адамды ақ жуып арулап, ақтық сапарға аттандырып жіберген киіз үйдің белдігінде байланып тұратын қызылды-жасылды пакеттерін ауыстырып алып, кіжіңдеп жататын кемпірлердің қылығы сырт қараған адамға ерсі көрінеді, адамы қайтқан үйге ауыр тиетіні жасырын емес. Сосын, пакет ауыстыру деген бейнеті көп жұмысқа сол үйдің жан-жағын жатып өргізетін, адамдардың түсін түстеп, «мәртебесін» бағалай алатын алымды адам байланып тұруы керек.

Басына қайғы түсіп, шаруасы шығып жатқан жанұяға бір уыс бидайдың құнындай көмек болмайтын, қазіргі заманда есікке ұстап, шәйдің астына жаюға да жарамайтын резеңке матаның қызын алып келіп, көгін алып кететін әдетті доғаруды көп болып қолға алатын кез келген сияқты. Таушық ауылы тұрғындарының тәжірибесінде бар пакет ауыстыруды қою мәселесін аудан, ауыл имамдары мен ақсақалдар бас қосқан жиындарда қозғап, күн тәртібіне қойсақ, бірден тиыла қоймағанымен атын таба алмай айқайлаған Қожанасыр сынды кемпірлердің қатары сирер ме еді, бәлкім?

Лаура Тындырғанова