Маңғыстаудың болашағын гүлдендіріп, әлеуетін арттыратын дүние тек мұнай ғана емес. Себебі, табиғи байлықтың да суалып, таусылатын кезі болады. Сондықтан мұнайлы өлкенің экономикасын көтеретін басқа да тиімді жайларды қарастыру тұрғысында, қос құрылықтың арасын жалғастырып жатқан қарт Каспийдің жағалауы Маңғыстау халқын тағы бір жаңалығымен қуантпақ. Құрық ауылы, Сарша жерінен салынып жатқан «Құрық» паромдық кешені жобасының құрылысы аяқталуға жақын. Құрық ауылынан 17, Ақтау қаласынан 70 шақырымдай қашықтықта орналасқан бұл нысан әкімшілік аумағы жағынан Қарақия ауданына қарасты. Жылына 4 млн. тонна қуатпен жұмыс жасайтын «Құрық» паромдық кешені астық, мұнай өнімдері, тыңайтқыштар, химиялық өнімдер және басқа да халық тұтынатын бұйымдарды тасымалдаумен айналысатын болады.

Көліктік-логистикалық саласының маңызды және тиімді бөлігі саналатын авто және теміржол телімдері мен паром өткелі Қазақстанның Каспий теңізіндегі «Құрық» порты арқылы еліміздің транзиттік және экспорттық әлеуетін арттыруға негізделген ірі жобалардың құрамына кіреді. Паромдық кешен салынып біткесін, 250 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

Маңғыстау облысының Қарақия ауданы аумағында орналасқан паромдык кешеннің құрылыс жұмыстары 2015 жылдың наурыз айында басталған болатын. Жоспарға сәйкес биыл 2016 жылдың желтоқсан айында кешен құрылысының бірінші бөлігі аяқталуы керек. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан бұл жобаға осы екі жылға 29,9 млрд теңге қаржы бөлінген.

Маңғыстау облысының әкімі А. Айдарбаев, ҚР Парламенті сенатының депутаттары М.Бортник пен Б.Челпеков, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ бас инженері Б. Урынбасаров бастаған бір топ басшылар  өткен сәрсенбі күні  Саршада салынып жатқан «Құрық» паромдық кешенінің құрылыс жұмыстарымен танысты. Іссапар Саршаға барар тас жол мен темір жол құрылыстарының қалай орналасуы мен жүзеге асуынан басталды. Жолдың жайымен танысқан топ аудан басшыларымен бірге «Құрық» теңіз портында салынып жатқан паромдық кешенге барды. Тапсырыс берушісі «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ» болса, бас мердігері «Найза-Құрылыс» концерні» ЖШС-і. Аяқталуға жақын нысанның жұмысын алдын ала тексеру тобын жоба жетекшісі Али Карабалин қарсы алып, құрылыс алаңын аралатып, жобаның жүзеге асу барысымен егжей-тегжейлі таныстырды. Қазіргі таңда жұмыс барысы қарқынды, барлық күш жұмылдырған.Темір жол портқа дейін салынған, енді локомативтердің маневр жасау алаңы салынып жатыр. Паромдық кешенді ары қарай ұлғайтып дамыту үшін, бұл жерге қонақ үй, автотұрақ алаңы, көпшілік тамақтану орнынан бастап бірқатар нысан салынуы керек. Жағажайдағы құрылыс обьектлерімен танысқан соң, облыс және аудан басшылары және парламент сенатының депутаттары порттың басындағы кеңсеге жиналып, жоба жұмысының орындалу барысын талқылап жиын өткізді.

Бұл орайда, облыс әкімі А.Айдарбаев жобаға жауапты әр қызметкердің жұмсын саралап, бірқатар нақты тапсырмалар берді. «Құрық» паромдық кешені — Қазақстанның іскерлік және логистикалық хабқа айналуы мен ғаламдық инфрақұрылымдық ықпалдастыққа кіруіне өзіндік үлес қосатын,  еліміздің көліктік-логистикалық жүйесін жетілдіретін ірі жоба. Ауыл іргесінде іргелі айлақ бой көтерсе, әрине, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға және аудан экономикасын дамытуға зор үлесін қосары сөзсіз!

Шынар КЕНДІН

_mg_4464

img_4398

img_4331