қызмет портфель маман

Бүгінде екі қолға бір жұмыс табу, әсіресе, жастардың жұмысқа орналасуы қиын боп кеткені жасырын емес. Қолында жоғары оқу орнының дипломы бары да, орта білімдісі де жұмыс іздеп әлек. Сондайда олардың бірқатары ара-тұра ұйымдастырылатын бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне барып, бағын сынап, жолы болғаны жұмысқа ілініп жатады. Жастардың көпшілігі жалақының мол болғанын қалағанымен, бұйырғанын місе тұтары сөзсіз. Өйткені, оларға ең алдымен еңбек өтілі керек.
Ақтаудағы жастар ресурсы орталығында жақында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өңір жастарының барлығына емес, тек мемлекеттік қызметкер болғысы келетіндерге арналды. Мемлекеттік қызметке орналасуды армандап, бірақ оның жолдарын білмей жүрген жас қыз-жігіттер үшін таптырмас шара болды бұл.
-Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті Ақтау қаласының әкімдігі және облыстық жастар ресурсы орталығымен бірлесіп ұйымдастырған бүгінгі жәрмеңкеге тек мемлекеттік қызметкер болудан үміттілер ғана қатысады,-деді Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының өкілі Ербол Жұмабай. -Біздің мақсатымыз—үміткер жастарды мемлекеттік қызметті өткеру жүйесімен және тестілеуден өту тәртібімен таныстыру. Сондай-ақ келушілер үшін арнайы жадынамалар дайындадық. Онда тестілеуден өтудің қадамдық механизмі және одан әрі конкурсқа қатысудың нақты жолдары көрсетілген.
Биылғы бірінші тоқсан қорытынысы бойынша облыста бес жүздей мемлекеттік қызметкердің орны бос тұр. Бұл бос қызмет орындарын аудандар мен қалалардың қырықтан астам мемлекеттік мекемелері жастарға ұсынды.
-Мамандығым—заңгер,-деді қолына бір топ түйінхат ұстаған Әмина есімді қыз. -Үш мемлекеттік мекемеге резюме тапсырдым. Бұрын еш жерде жұмыс істегенім жоқ. Еңбек өтілі жоқ демесе, шақыратын шығар кейін біреуі. Бірақ онда да тестілеуден өте алам ба, білмеймін.
Шыны керек, бұл жолы түйінхат тапсырушылар жалпы көпшілікке арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне келушілерден анағұрлым аз болды. Мұның себебі түсінікті де. Ұымдастырушылардың айтуынша, мемлекеттік қызметкерлерді іріктеп алуға арналған мұндай шара алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Валентина ҚОЗЫБАҚОВА