заң

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері» атты оқыту курсының тұсаукесер дәрісі өткізілді.
Аталмыш шараға университет студенттері мен оқытушылары қатысты. Кездесуде департаменттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы профилактикасы басқармасының өкілі Ербол Жұмабай жиналған жастарға «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері» атты оқыту курсының мақсаты мен міндетін көрнекі құралдарды пайдалана отырып түсіндірді және ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» жаңа Заңының талаптарын, мемлекетіміздің заманауи сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты туралы мол мағлұмат берді.
Сөз кезегін алған департамент өкілі Ұлдай Қадырбаева Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын және сыбайлас жемқорлықпен күресудің халықаралық тәжірибесі туралы баяндады.
Тыңдаушыларға, сондай-ақ, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы Ашық келісім талаптары да кеңінен түсіндірілді.
Е.Жұмабай мен Ұ.Қадырбаева жиынға қатысқан студенттер мен ұстаздардың тақырыпқа сәйкес ортаға салған ой-пікірлерін тыңдап, олар қойған сұрақтарға жауап берді.
Басқосу соңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы бейнероликтер көрсетілді және әлеуметтік сауалнама жүргізілді.

Валентина ҚОЗЫБАҚОВА