Тәуелсіз елімізде некеге тұрған кезде отбасылық қатынастарда әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, тілдік немесе қай дінді ұстанатындығына қарай азаматтардың құқығын шектеудің кез келген түрлеріне тыйым салынады. Ерлі-зайыптылар қатынастарына туыстарының араласуына жол берілмейді. Егер неке күш көрсету, алдау, қорқыту жолымен қиылған болса, онда ол жарамсыз деп танылуы мүмкін. Некеге тұру келісімін некені тіркеу рәсімінің барысында некеге тұрушы адамның тікелей өзі ауызша білдіреді және оның қолын қойғызу арқылы расталады.
Отбасын құру үшін неке жасына жетудің үлкен маңызы бар. Некеге тұрушылар белгілі бір рухани және күш – қуат кемелділігіне ие болуы керек, ол белгілі бір жаспен байланысты. Біздің заңымызға сәйкес неке жасы – 18 жас. АХАТ органдары дәлелді себептері болған жағдайда неке жасын екі жылдан аспайтын мерзімге төмендете алады. Неке жасына жетпеген адамдардың некеге тұруына ата – аналарының келісімі бойынша ғана рұқсат етіледі. Жүктілік немесе баланың тууы, әскери қызметке шақырылуы, кәмелетке толмағандардың нақты отбасын құруы дәлелді себептердің қатарына жатады.
Некеге тұратын адамның тікелей қатысуымен неке мемлекеттік АХАТ органдарында қиылады. Некені сенімхат бойынша немесе өкілдер арқылы қиюға тыйым салынады. Қамауда немесе бас бостандығынан айырылғандар некеге отыра алады. Алайда оларда мемлекеттік тіркеу Азаматтық Хал Актілерін Тіркеу бөлімінде емес, бас бостандығын айыру орнында немесе қамауда отырған жерде жүргізіледі.
Заңда неке қиюға кедергілер де көзделген. Бұл өзге тіркелген некенің болуы, болашақ ерлі — зайыптылардың жақын туыстығы, некеге тұрушылардың біреуінің іс-әрекетке қабілетсіздігі, сондай — ақ бала асырап алушылар мен асырап алғандар арасында неке қию болып табылады.
Бүгінгі таңда «Электрондық үкімет» порталы арқылы Қазақстан Республикасының азаматтары, соның ішінде некеге алғаш рет отыратын азаматтар үшін некеге тұру, некені бұзу туралы өтініштерді тіркеуге болады.
Ал неке бұзуға интернет арқылы арыз беру үшін — азаматтардың кәмелетке толмаған балалары мен бір-біріне мүліктік талаптары жоқ, некені бұзуға өзара келісімі болуы қажет.
Айта кетсек, 2015 жылы облыс бойынша 5748 неке тіркелсе, оның — 2059 онлайн жүйеде тіркелген.Сонымен қатар, онлайн жүйесі арқылы некені тіркеу бойынша сұрақтар туындаса 1414 орталығына хабарласуыңызға болады.

Ләззат АХМЕДОВА,
Азаматтық хал актілерін тіркеу және апостильдеуді қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің басшысы,
«Қазақстан заңгерлер одағы» РҚБ МОФ мүшесі.