korme көрме

Маңғыстау облысының «Чосон» кәріс этномәдени бірлестігі «МартАрт» студиясымен бірге «Біз бейбітшілік пен достық өмір сүреміз» тақырыбында шығармашылық көрме өткізді. 

Тақырыптық көрме Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған Жастар жылы аясында, сондай-ақ 31 мамырда елімізде атап өтілетін саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында ұйымдастырылды.

Бұл көрмеге 4 жастан 14 жасқа дейінгі балалар қатысты. Жас суретшілердің 80-нен астам туындысы ұсынылды.

Студияның оқушылары корей ұлттық мотивтерін, сондай-ақ ұлы даланың жеті қырын бейнелейтін туындыларды жұртшылықтын назарына ұсынды.

— Көрмеде бұрында жарық көрмеген сексеннен астам жұмыс бар. Жиналған халықты корей мотивтерінде бейнелеген жас шеберлердің жұмыстары қызықтырды. Елбасының «Ұлы дала жеті қыры» бағдарламасын бейнелейтін туындылар да бар, — деді «МартАрт» директоры Марта Куталиева.

Көрмеде сөз алған Юсуп Шакшаев, Анна Лагай, Эхман Ким, Дэвид Ян, Валентина Ким және басқалар шығармашыл жастардың өте қабілетті екенін атап өтті.

Жастар келешегіміздің негізі ретінде өз білімімен, жасампаз еңбегімен және күш-жігерімен өз болашағын құрудың жаңа мүмкіндіктерін алу қажет, — деді Маңғыстау облыстық «Қоғамдық келісім» ҚМУ директоры Амангүл Жайылханова.

— Адам ұрпағымен мың жасайды. Сондықтан бәріміз балаларымыз елін, жерін сүйген, ұлкендерді сыйлап, кішілерге қамқор болып өссе дейміз. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттер теориямен дамымайды, үлкендердің үлгісімен сіңеді, — деп «Чосон» кәріс этномәдени бірлестігінің төрайымы Раиса Маденова барлық қатысушыларға алғысын білдірді.

Барлық қатысушыларға алғыс хаттары мен сыйлықтары берілді. Концерттік бағдарламада Маңғыстау облысының ҚХА өнерпаздарының орындауында достық, бейбітшілік туралы әндер шырқалды.

Мейіржан ТҰМАНОВ