sailau vybory сайлау учаскесі президент сайлауы
Сурет holanews.kz алынған

«Жастар» орталығының «Coworking» залында «Демократияны тарату орталығы» қоғамдық қорының «Сайлау үрдісіне – қоғамдық бақылау» жобасын іске асыру мақсатында «Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер», «Азаматтық альянс» ЗТБ вице-президенті және қоғамдық қор жетекшісі Досмаханбет Көшімнің семинар-тренингі өтті.

«Сайлау үрдісіне – қоғамдық ба­қылау» жобасын ұтып алған Досмаханбет Көшімнің ақтаулықтардың ал­дында бақылаушылардың сауатын толықтыру мақсатында сайлауды бақылаушыға берілетін міндеттер мен құқықтар, тек қана бақылауға қатысты арнайы сауалнамалық сұрақтарға жа­уап беру түрінде дайындалған «Бақылаушы блокноты» бойынша жүргізді.

Досмаханбет Көшім әуелі сайлау бақы­лаушысына қатысты бірқатар маңызды заңдылықтарға тоқталды. Сайлау барысын бақылаудың басты мақсаты – дауыс берудің әділ де адал өтуіне атсалысу. Сонымен қатар бақылаушылар дауыс беру процесін жүзеге асыратын сайлау комиссияларының әдейі жасаған не білмегендіктен жіберген қателіктеріне дер кезінде тосқауыл қойып, азаматтардың саяси өмірге қатысу құқығының сақталуын қамтамасыз етеді.

Сайлауды бақылаушы нені білуі тиіс және оның қандай құқы бар?

Сайлау барысын бақылау – қоғамдағы сайлауға деген сенімді арттыруға, ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етуге, сайлау­ды өткізу кезінде көзге түскен заң бұзушылық деректерін нақтылауға, сайлауды бағалауға, ке­лешекте сайлау туралы заңнаманы жақсартуға қажетті ақпарат беруге бағытталады.

Бақылаушының тіркелуі Қазақстан Респу­бликасының саяси партиялары, өзге де қоғамдық бірлестіктері, коммерциялық емес ұйымдары байқаушысының өкілеттіктері оның тегі, аты, әкесінің аты көрсетіліп, жазба­ша нысанда куәландырылуға тиіс. Бұл құжат байқаушыны жіберген ұйымның мөрімен расталады және ол байқаушының жеке ба­сын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде жарамды болады. Құжаттар сайлау комиссиясының төрағасына не оны алмасты­ратын адамға байқаушы туралы мәліметтерді есепке алу журналына енгізу арқылы оны тір­кеу үшін көрсетіледі.

Сонымен қатар бақылаушыға сайлау бары­сына және сайлау комиссиясының жұмысы­на килігуге, сайлаушыларға, олардың да­уыс беруіне (бюллетень толтыруына) көмек жасауға, дауыс беру кабиналарының ішіндегі сайлаушылардың әрекеттерін бақылауға, да­уыс беру құпиялығын бұзуы мүмкін басқа да әрекеттерге тыйым салынады.

Сөзінің барысында бақылаушының құ­қықтары мен міндеттерін шолып өткен семинар спикері бақылаушыға қажетті бақылаушы куәлігі немесе жолдаманы, жеке куәлікті, бақылаушының блокнотын, қағаз бен қаламды, сағатты, фотоаппарат пен бей­некамераны, қолшамды, түстік тағамын, ұялы телефонын ала баруы дұрыс болатынын да айтып өтті.

Әр учаскеге ауысып отыратын 2 бақы­лаушыдан болғаны дұрыстығын, 3 адам бол­са кезектесіп бақылауды қадағалау жеңілдігін назардан тыс қалдырмады. Қатысушыларға блокнот таратылып, оқуды бастап кетті.

1-сауалнама – «Сайлау учаскесінің ашылуы»

Учаске сағат 6.00-­де (жергілікті уақыт бойынша) ашылды ма?

Ашылмаған жағдайда бақылаушы өзінің блокнотына белгілеп отыруға құқылы. Мысалы, сайлау учаскесінде 2000 адам тіркел­ген болса, 2020 бюллетень беріледі. 1 пайыз резерв үшін артық беріледі. Бюллетень ақша шығаратын, қорғауы бар қағаздан жасалады.

Тізімге тіркелмеген азаматтарға қосымша тізім жасалады. Жолсапарға шығатынын алдын ала білетін азамат өзі тіркелген сайлау учаскесінен талон алып, Қазақстанның не­месе көрші шетелдердің кез келген сайлау учаскесінен дауыс беруге құқы бар. Мыса­лы, Оралға жолсапарға шыққан азамат сол қаланың, не ауданның кез келген сайлау учас­кесінен дауыс бере алады.

Дауыс беру бөлмесінде үгіт­-насихат ма­териалдары бар ма? Бар болса, қай партия­нікі? 28­-баптың 6-­тарауы бойынша, сайлауға түсіп жатқан әрбір үміткердің суреті бірдей болуға тиіс. Мысалы, 7 үміткердің көлемі бірдей фотосы, шрифті бірдей ақпараттық мәлімет болуға тиіс. Егер алтауы ілулі болып, біреуінің суреті болмаса, бақылаушының сай­лау комиссиясының төрағасына шағымданып бәрін алғызып тастауға құқы бар.

Жасырын дауыс беру кабинасында үгіт материалдары бар ма? Сайлау комиссиясы төрағасының рұқсатымен жасырын дауыс беру кабиналарын тексеріп шығуға болады. Мыса­лы, бюллетеньге белгі салу үшін қойылған қаламда белгілі бір үміткер партияның аты, не суреті болмауға тиіс. Болған жағдайда бақылаушының ол қаламды өзгертуге құқысы бар. Сонымен қатар бақылаушының 2-­3 сағат сайын сайлау комиссиясы төрағасының рұқсатымен кіріп, тексеріп шығуына бо­лады. Сондықтан бақылаушы сайлау комиссиясының мүшелерімен жақсы қарым­-қатынас сақтай отырып, сайлаудың таза, әділ өтуін қадағалауды ғана білуі қажет.

Учаскеде барлық саяси партиялар туралы бірегей нысанда ақпарат болуға тиіс. Бюллетень үлгілері, комиссия мүшелерінің аты-­жөні мен лауазымдары көрсетілген ақпарат, жоғары тұрған сайлау комиссияларының және сот пен прокуратураның телефондар тізімі болуға тиіс.

Бақылаушы сайлау комиссиясының үйде дауыс беру қанша жазбаша өтінішті қабылдағанын білуге құқылы. Ол өтініш бойынша сайлаушының дауыс беруін бақылаушының қадағалауына құқы бар. Сайлау жұмысы ба­рысында өтініш саны толығып тұруы мүмкін. Сайлау процесіне қатысы жоқ тұлғалар учаскеде жүрмеуі керек. Мысалы, мектеп ди­ректоры, әкімшілік өкілдері, партия кандидат­тары, милиция т.б. Егер бақылаушыны учас­кеге кіргізбей қойған жағдайда, шағымдана алады.

Бақылаушы сайлау процесіне бөгет жаса­май, бақылауға құқылы. Сондықтан беріл­ген орында тыныш қана бақылауы тиіс. Егер бақылаушы сайлау процесіне кедергі келтіретін жағдайлар туғызуға себепші бол­са, оны сайлау комиссиясының төрағасы акті жасап шығарып жіберуге құқылы. Сондықтан бақылаушы өзін байсалды, са­налы ұстауы қажет. Бақылаушының алдын лентамен т.б. жіппен бөгеп қоюға болмайды. Сыртқа шығып, демалып, жүруге болады. Сол жағдайда 2­-3 бақылаушы болуы керек.

Учаскені ашу рәсімі кезінде сайлау комис­сиясының үштен екісі болуға міндетті. Мысалы, 7 адамның 5­-еуі, 11 адамның 7-­еуі болуға тиіс. Ең бастысы, сайлау учаскесі ашылғандығы туралы хаттама толтырылып, оған қол қойылуы қажет.

Бақылаушыға дауыс беру барысының бар­лық сәттерін көріп отыратын орын берілу­ге тиіс және оны талап етуге әрбір бақы­лаушының құқы бар.

Сайлаушының барлық дауыс беру сәтінің басты кезеңі – бақылаушыға бюллетень алуы, кабинаға кіріп­-шығуы, урнаға тастауы көрініп тұруы тиіс.

Бюллетеннің ксерокөшірмесін алуға бақылаушының құқы бар.

Сайлаушы бюллетеньге қол қойылуын қа­дағалауы қажет. Әр жеке адамға бюллетеньді берер кезде қол қойылады.

Бақылаушылар қалай тіркеледі?

2000 жылы сайлау туралы орталық сайлау комиссиясы бекіткен заңға бақылаушы құқы туралы 15­-бап енгізілді. Бейнекамераға сайлау процесінің жүрісін орнында отырып түсіруге құқылы. Бақылаушының жолдамадағы аты­-жөні құжаттағымен бірдей болуға тиіс.

Ерікті кез келген азамат кез келген үкіметтік емес ұйым, партиялық ұйым атынан тіркеле алады. Қазақстанда 24 мың ҮЕҰ бар, облыста 300-­дей ұйым жұмыс істейді.

2-сауалнама – «Дауыс беру барысы»

Сайлаушылар тізіміндегі сәйкессіздіктер салдарынан сайлаушылардың дауыс беруге рұқсат етілмеген жағдайлар болды ма?

Сайлаушылар тізіміне қосымшалар мен өзгерістер енгізілді ме?

Сайлаушылар бюллетень алғанда жеке куә­лігінен, паспорты мен әскери билетінен басқа қандай құжаттар ұсынды?

Дауыс беру құпиясы қамтамасыз етілді ме? Сайлау комиссиясы мүшелері бюллетеньдерге алдын ала қол қойды ма?

Жасырын дауыс беру кабинасында үгіт ма­териалдары бар ма?

Сайлау комиссиясы төрағасының рұқса­тымен жасырын дауыс беру кабиналарын тексеріп шығыңыз.

Учаскелік сайлау комиссиясы мүшелері азаматтар мен бақылаушылардың ескертулері мен шағымдарын ескерді ме?

Дауыс беру барысында, сайлау учаске­сінде үгіт­-насихат жүргізілді ме? Ол қандай қоғамдық партияның не қоғамдық ұйымның бақылаушылары?

Үйден дауыс беру кезінде бақылаушылар тасымалданатын жәшік орналасқан көліктің ішінде болды ма?

Бақылаушы жәшіктің қасында отыруға тиіс. Машинаның артынан еріп жүріңіз деп жәшікті алып кетіп қалуға көнбеу керек.

Отбасымен дауыс беру жағдайлары болды ма?

1 адам үйінің бірнеше мүшесі үшін да­уыс беруіне болмайды. Әрбір отбасы мүшесі жеке­жеке дауыс беруге тиіс. Отбасымен да­уыс беру – отбасы мүшелерінің жеке-­жеке куәліктерімен келіп, әр бөлек дауыс беруі. Урнаға топтап бюллетень тастауға болмайды. Сайлау комиссиясы үйде дауыс беру жөніндегі қанша жазбаша өтініштерді қабылдады?

Бақылаушылардың сайлау учаскесінің ішін­де, сайлау процесіне бөгет жасамай, аралап жүруіне шектеу болды ма?

3-сауалнама – «Дауыстарды санау рәсімі»

Сайлаушылардың даусын есептеу дауыс беру рәсімі аяқтала салысымен дереу басталды ма?

Жаңа сайлау заңы бойынша сайлау бітісі­мен бірден бюллетень саналады. Заң бойынша дауыс санау кезінде тек хатшының қолында ғана қалам болады.

Сайлау туралы заңның 43­-бап, 1­-тармағы бойынша «Дауыстарды санау кезінде қаты­сатын сенім білдірілген адамдар мен бай­қаушылар дауыстарды санауды бюллетень­дегі белгілердің көрініп тұруы қамтамасыз етілетіндей қашықтықпен жағдайды бақылап тұрады». Қажет десе, әр бюллетеньді түсіріп отыруға да болады.

Сайлау бюллетеньдерін санау кезінде ко­миссия төрағасы немесе комиссияның белгілі бір мүшесі қатысушыларға сайлау бюллетенін көрсетеді және сайлаушының ерік білдіруін жариялайды. Бұл ретте бюллетеньдер әрбір кандидат, партиялық тізімін ұсынған саяси партия бойынша және жарамсыз бюллетень­дер бойынша жеке­-жеке қатталып жиналады. Бюллетень санау рәсімі кезінде әр үміткердің аты­-жөні жеке­-жеке оқылып, бөлек-­бөлек топ­талады. Топталып болғасын сенімділігіне көз жеткізу мақсатында арасынан біреуін алып, қарауға мүмкіндік берілуі тиіс.

Бақылаушыға бюллетеньдегі белгі көрі­нетіндей қашықтықтан орын берілді ме? Бұл өте маңызды кезең болғандықтан бақылаушы өз құқын кеңінен пайдаланып, заңды түрде талап ете алады. Сондықтан бюллетеньдер жатқан столға жақын, бюллетеньдегі бел­гі көрінетіндей жерге, мысалы 1 метрдей қашықтыққа жақындап отыруына болады. Бүгінгідей бейнетүсірім мүмкіндігі мол кезеңде әрбір бюллетеньді жеке-­жеке түсіріп алуға да болады. Ол заңға қайшы келмей­ді. Мысалы, Украинада қол созымдай жерде отыру заңмен белгіленген. Сайлау учаскесі 8­-де жабылады, бірақ соған дейін ішке кіріп үлгерген адамдарға дауыс беруге мүмкіндік беріледі. Ал ауруханаларда адамдар дауыс беріп болғасын, есебі шығарылып, ол жерден жәшікті алып кетуге болады.

Дауыс беру жәшіктерін ашар алдында пайдаланылмаған бюллетеньдер саналды ма және жойылды ма?

«Сіз қанша бюллетень бердіңіз?» деп сұ­рағанда, сіз де ілесіп жазып отыра аласыз. Бюллетеньнің саны артық шықпауы тиіс, кем шығуы мүмкін.

Мысалы, Қырғыз елінде санаудың демо­кратиялық жолын қалыптастырудың жария түрі былай есептеледі екен. Жәшіктегі бюл­летеньдер столға төгілген соң, әр бюллетень­ді бақылаушыларға көрсету арқылы үлкен тақтаға сызықша қою арқылы есептеу әдісі болған. Бұл – өте қарапайым әрі таза санау жолының бірі.

Жәшіктен шыққан бюллетень кем болуы мүмкін, бірақ артық болмауға тиіс. Жарамсыз бюллетень қатарына – үміткердің бірнешеуін белгілеу немесе екі аралыққа белгі қою не­месе белгі қоймау. Біреулер «иә» деген жазу жазады. Бұл қабылдануға тиіс. Себебі «иә» деген жазу дауыс беретін үміткердің тұсында тұрса, оны комиссия мүшелері дауысқа салу арқылы шешеді. Мүшелердің үштен екісі «Қабылдансын» деп дауыс берсе шешімін та­бады.

Бақылаушының талабы бойынша бюлле­теньді тағы бір рет санап шығуға мүмкіндігі бар. Бұл туралы сайлауды өткізу туралы заңның 43­-бап, 9-­тармағы бойынша «Тиісті жоғары тұрған сайлау комиссиясы учаскелік сайлау комиссияларының хаттамаларында қателерді, сәйкессіздіктерді анықтаған болса, сондай­-ақ дауысты есептеудің дұрыстығына күмәнданатын болса, ол комиссия тиісті учаскелік (аумақтық) сайлау комиссиясы сайлаушыларының дауысын қайта санау тура­лы шешім қабылдауға құқылы.

Сайлаушылардың даусын қайта санау жоғары тұрған сайлау комиссиясы мүшесінің және дауыстарының дұрыс саналмағандығы фактілерін табыс еткен өтініш берушілердің қатысуымен жүргізіледі».

Бір бақылаушы бірнеше сайлау учаскесіне барып сайлаудың өту барысын бақылауға мүмкіндігі бар. Акт жасап, 2 адам қол қояды. Акт тек учаске ішінде болған заңсыздыққа толтырылады. Сырттағы процеске бақылау­шының қатысы жоқ. Хаттамаға комиссия мүшелері түгел қол қояды.

Үміт ЖӘЛЕКЕ