Қарақия ауданы Сенек елді мекенінің 50 жылдығына орай «I love SENEK» инсталляциясының ашылуы өтті. Ауыл аты жазылған инсталляцияны 1982 — 1992 жылдары туған Сенек ауылының тұрғындары сыйға тартты, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Инсталляцияны ашу құрметі ауылдың әкімі Бауыржан Еркеғұловқа берілді. Салтанатты шараға ауыл тұрғындары қатысып, шашу шашылып, ән шырқалды.

Сенек елді мекеннің мерейтойы жаз айында тойланады. Қазіргі таңда Сенек ауылында туып-өскен азаматтар, Қашаған Күржіманұлы атындағы 11 жылдық орта мектебін бітірген түлектер және ауыл тұрғындары әлеуметтік желіде топ ашқан. Топта ауыл азаматтары кеңесіп, ұсыныстарын айтуда. Олар Сенек ауылына 50 жыл толуына орай «Елу жылда — ел жаңа» деп көшелеріне тазалық жүргізу, жаңа саябақ салу, елді мекенге еңбегі сіңген азаматтардың суреті мен аты-жөні жазылған тақталарды ілу, спорт алаңын және жолдарды жөндеу сияқты 50 түрлі игі іс шара жасауды жоспарлапты. Сондай-ақ Сенектің қызыл құмында ойнап, тау бөктерінде қозы бағып ер жеткен азаматтардың барлығын мерейтойға белсене атсалысуға шақырып отыр.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Суреттер мен видеоны ұсынған Сенек ауылының тұрғындары

Сенекте «I love SENEK» инсталляциясы ашылды (ФОТО, ВИДЕО)