Астана экономикалық форумы

Жуырда Нұр-Сұлтан қаласында «Астана экономикалық форумы» өтті. Жаһандық көшбасшылар мен жетекші халықаралық сарапшылар әлемдік экономиканың ең маңызды мәселелерін талқылап, оларды шешу жолдарын ұсынды.

Форумда талқыланған басты тақырыптардың бірі – Нұр-Сұлтан қаласында Еуроодақтың қаржы орталығының құрылуы болды. Бұл тақырыптың сөз болуы алғаш рет емес, былтыр жазда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығымен таныстырған болатын. АХҚО-ның негізгі қатысушылары ресейлік және қазақстандық компаниялар, сондай-ақ Қытай мен Таяу Шығыс елдерінің кәсіпорындары деп жоспарланды. Сонымен қатар ағылшын құқығы жүйесі, жеңілдетілген визалық тәртіп (режим), салықтық жеңілдіктер секілді қолайлы шарттар қарастырылды. Жоба регламент пен басқару тәртібі деңгейінде құрылған. Құқықтық режим Қазақстан заңнамасынан дербес. Негізгі тіл – ағылшын тілі. Коммерциялық ұсыныстар шетелдік инвесторлар есебінен қорғалады.

Астана экономикалық форумы аясында «қонақ-аймақ» деп аталатын, өңірлерге инвестиция тартудың жаңа моделі енгізілді. Маңғыстау облысына республика бойынша «қонақ-аймақ» мәртебесіне бірінші ие болу құрметі берілді.

2019 жылдың 18 мамырында Маңғыстау облысы «Астана» халықаралық қаржы орталығымен бірлесіп, «Жаһандық Жібек жолы – Маңғыстау инвестициясы 2019» халықаралық инвестициялық форумын өткізді. Онда облыс әкімі Ералы Тоғжанов өңірдің инвестициялық әлеуетін айрықша атап өтті. Осылайша жаңа меморандум аясында облыс әкімі Ералы Тоғжанов пен АХҚО басшысы Қайрат Келімбетов толықтай келісімге қол жеткізді. Енді Маңғыстау облысы инвесторлармен халықаралық құқық принциптері бойынша жұмыс істейтін болады. Ондағы басты мақсат – аймақтың экономикалық әлеуетін халықаралық қаржы орталығының инвесторлары мен қаты- сушыларын шақыру есебінен арттыру.

«Forbes Global 2000» тізіміне енген CNPC, Shlumberger, Halliburton, OMV Petrom, Total, Saipem, Tenaris, Arcelor Mittal, Heidelberg Cement секілді компаниялардың қатысуымен әр түрлі салаларда бірнеше жоба табысты іске асырылды.

Қазіргі уақытта Маңғыстау облысында 2019–2025 жылдар аралығында 2,4 трлн. сомаға 44 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішінде шетелдік капиталдың қатысуымен жүзеге асырылатын жалпы сомасы 2,2 триллион теңгені құрайтын 18 жоба бар.

2019 жылы 66,7 миллиард теңге сомаға 22 жобаны іске қосу жоспарланды, оның ішінде шетелдік инвестиция қатысуымен жүргізілетін 4 жоба 38,4 миллиард теңгені құрайды.

Қазақстан Республикасы Президентінің, Маңғыстау облысының әкімдігінің тапсырмасына сәйкес «Маңғыстау» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ЖШС базасында инвесторға «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету үшін «Фронт кеңсе» жұмыс атқарады.

– Фронт кеңсесінің басты мақсаты – инвесторларды барлық үкіметтік және басқа ұйымдарда қолдау. Мұнда әлеуетті инвестор Маңғыстау облысындағы инвестициялық қызметті мемлекеттік қолдаудың ықтимал нысандары туралы барлық қажетті ақпаратты алады. Бүгінгі күні облыс әкімдігі мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдардың инвестициялық саясатты жүзеге асырудағы өзара іс-қимыл жасау ережесін әзірледі. Ережелерде фронт-кеңсесінің барлық функционалды іс-әрекеті қарастырылған, – деп атап өтті облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы.

Инвестициялық жобалар арқылы алдағы 5 жылда өңіріміздің туризм, ауыл шаруашылығы, сауда нарығында бірлескен жобалар арқылы тың серпіліс болмақ. Сонымен қатар шетелдік инвесторлардың қатысуымен өңірімізде құрылыс саласы өркендемек. Соңғы үлгіге сай көп қабатты ғимараттар мен өндіріс қуатына жататын ауқымды жобалар (соды, тұз қышқылын шығаратын зауыт құрылысы) жоспары құрылу үстінде.

Маңғыстау облысы Қазақстанның оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан және бұл аймақтың геоэкономикалық орналасуы қолайлы болып келеді. Аймақ арқылы Шығыс Еуропаны Орталық Азиямен және Солтүстік Еуропаны – Парсы шығанағы елдерімен байланыстыратын «TРAСЕКА» және «Север-Юг» (Солтүстік-Оңтүстік) халықаралық көлік дәліздері өтеді.

«Ақтау теңіз порты» АЭА Қазақстанның Батыс қақпасы ретінде еліміздің әлемдік нарыққа еркін шығуында маңызды рөл ойнайды. Былтыр өңірдің жалпы ішкі өнімі 9 млрд. АҚШ долларын, ал жыл сайынғы өсім 3 пайызды құрады. Ішкі өнімнің басым үлесі, яғни 54 пайызы өнеркәсіптік секторға, ал 6 пайызы көлік пен логистика саласына, 4 пайызы көтерме және бөлшек сауда нарығына тиесілі. Соңғы бес жыл көлемінде шетелдік инвестиция көлемі 3 млрд. АҚШ долларға жетті.

Республикалық өнеркәсіптік өнім өндірісіндегі өңір үлесі 11 пайызды құрап, оның көлемі бойынша Атырау облысынан кейінгі екінші орында тұрақтады. Жыл сайын облыс аумағында 18 млн. тонна мұнай және 3 млрд. текше метр табиғи газ өндіріледі. Мұнайдың табиғи қоры 547 млн. тонна, ал «көгілдір отын» қор көлемі 200 млрд. текше метр деп бағаланған. Ал жер қойнауындағы фосфорит көлемі 4 млн., марганец 37 млн., темір рудасы 339 млн., уран 29 мың тоннаны құрайды. Сонымен қоса өлке қойнауында құрылысқа аса қажетті тас, құм, бор, цементтік және керамзиттік шикізат сынды инерциялы материалдардың мол қоры барланған.

Әрине, өңір экономикасын өндірістік сала негізінде ғана дамыту мүмкін емес. Елбасы Жолдауының өзекті идеясы – шикізаттық емес секторға инвестиция тарту арқылы экономиканы әртараптандыру екендігі мәлім. Бұл бағытта облыс әлеуеті өте зор. Яғни отандық мұнай сервисін, көліктік логистика мен агроөнеркәсіптік кешенді, туризм мен баламалы қуат көздерін игеруді дамыту облыс экономикасының өрлеу қарқынына соны серпін берері хақ. Әсіресе мұнай сервисі саласын дамыту шағын және орта кәсіпкерлікті жандандыра түспек.

Еліміздегі арнайы экономикалық аймақтар – экономиканы әртараптандырудың қуатты құралы. Бүгінгі таңда «Ақтау теңіз порты» АЭА-да жалпы сомасы 429 млн. АҚШ долларын құрайтын 27 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. АЭА аумағында жаңа өнеркәсіптік нысандарды құру үшін барлық жағдай жасақталған. Бос жер бөлігі бар. Қажетті инфрақұрылымдық жүйелермен қамтылған, шетелдік жұмыс күшін тарту жөніндегі заңнамалық рәсімдер оңтайландырылған, кедендік баж салығын өтеудегі жеңілдіктер де қарастырылған.

Маңғыстау облысы қуатты транзиттік және көліктік-логистикалық әлеуетке ие. «Нұрлы жол» бағдарламасы мен Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамыту саясаты аясында Ақтау портына жүк тасымалын жеңілдету үшін арнайы көлік маршрутының жобасы жасақталды. Облыс аумағында жылына жүктерді ауыстырып тиеу қуаты 25 млн. тоннаны құрайтын 3 теңіз порты жұмыс жасайды. Халықаралық көлік дәліздері тоғысындағы теңіз порттары Ақтау қаласы мен «Қорғас–Шығыс қақпасы» АЭА-ны байланыстыратын темір жол тармағына негізделген мультимодальды логистикалық тізбектің басты өзегіне айналды. Экономикалық маңызы орасан тізбек бойынша Қазақстан мен Орталық Азиядан жөнелтілген мұнай шикізаты мен мұнай өнімдері және құрғақ жүк контейнерлері Иран, Түркия, Әзірбайжан сынды Кавказ сырты, Парсы шығанағы елдері арқылы Еуропаға жол тартады. Теңіз порттарының тиімді географиялық жағдайы жүк тасымалдау құны мен мезгілін төмендетіп, Каспий теңізі арқылы өтетін экспорт көлемін 30%-ға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда Қытайдың Ляньюньган қаласынан Ақтау және Құрық порттары арқылы Еуропаға жүк тасымалы 13–16 күнде, яғни өзге маршруттармен салыстырғанда екі есе жылдам жүзеге асады.

Сонымен қоса Ақтау портында «Ақтау–Баку» бағытында құрғақ жүк тасымалын жеңілдету мен жылдамдатуға арналған фидерлі, яғни қысқа маршрутқа арналған кемелер іске қо­сылды. 2021 жылы Ақтау мен Құрық порт­тарындағы жүк тиеу, тасымалдау көлемі жылына 300 мың контейнерді құрайды деп күтілуде.

Жалпы облыс бойынша агроөнеркәсіптік кешенге, соның ішінде, өңірдің климаттық ерекшелігіне байланысты жылыжай кәсібін көркейтуге, мал және балық шаруашылығын, теңіз өнімдері өндірісін дамытуға инвестиция бағыттауға өте тиімді деп бағаланған. Саммит аясында бас қосқан мемлекет басшылары Каспий теңізі жағалауында туризмді дамыту жобасы мол мүмкіндікке ие екендігін атап өткен еді.

Бүгінде жағалау аймақты инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар басталып кетті. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін Үкімет 27 млрд. теңге бөліп отыр. Жағажай туризмін дамытуға арналған жағалау сызығының ұзындығы 63 шақырымды құрайды.

– Аймағымызда бір жылдың 300 күнінде күн ашық болады және бұл еліміз бойынша ең жақсы көрсеткіш болып табылады, ал желдің жылдамдығы секундына 8.43 метр­ді құрайды. Осындай климаттық жағдайлар өңірден қосымша электр энергиясы көзін алатын күн және жел электрстансаларын құруға мол мүмкіндік береді. Сондықтан баламалы энергия көздерін өндіру сала­сын дамытуға да маңыз беріледі. Бұл ке­лешегі зор ресурс көздерінің бірі ретінде болашақта электр өндірудің басқа барлық дәстүрлі әдістерін ығыстыратын болады. Қазіргі таңда облыс аумағында қуаттылығы 90 МВт болатын жел электрстансаларының құрылыстары жүріп жатыр, – деді аймақ басшысы.

Өз сөзін қорытындылай келе Ералы Тоғжанов аймақта бизнес жүргізу үшін «ашық есіктер» принципімен жағдайлар жасалғанын және жергілікті атқарушы ор­гандар өзара тиімді қызметтестік жасауға дайын екендігін мәлімдеді.

«Global Silk Road Mangystau invest 2019» форумының қарсаңында, ірі инвестиция­лар бойынша қазақстандық дөңгелек үстел алаңында жалпы құны 2 млрд. АҚШ дол­ларын құрайтын 2 меморандумға қол қо­йылды. Сол инвесторлардың қатарында арнайы экономикалық аймақ аумағына жет­кізу базасы құрылысын салатын «Shanghai ACE Investment» компаниясы, метанол мен олефиндер шығаратын «WESTGAZOIL», сондай­ақ жалпы сомасы 230 млн. АҚШ доллары болатын «Техногран­-Ақтөбе» ЖШС­-мен Бескемпір темір кен орнын да­мыту, «Mangystau Oil Refining» компания­сымен шағын мұнай өңдеу зауытын салу жөнінде келісілді.

Ақтау мен Ляньюньган қалалары басшы­лары арасында қалааралық қызметтестік туралы меморандумға қол қойылды.

Құрық порты мен Ляньюньган қаласы порты арасында сапалы логистикалық қыз­мет көрсету, клиенттерге жүктерді жеткізу, жүктеу­-түсіру, тасымалдау бойынша қыз­меттестікті дамыту туралы меморандумға қол қойылды.

«Ақтау теңіз порты» АЭА мен Ля­ньюньган АЭА арасында дамуды, басқару және пайдалануды, жобалық құрылыс пен инвестициялар тартуды жоспарлау, «Белдеу және жол» жобасы аясында екі жақты серіктестікті нығайту бойынша екі жақты қызметтестікке ықпал ету туралы меморандумға қол қойылды.

Мейіржан ТҰМАНОВ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ