мешіт ауызашар
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

Айлардың сұлтаны Рамазанда жасалып жатқан қайырымдылық істердің бір көрінісін балалардан көру-бір ғанибет. Балалық қиялдың қанатынан түсіп, үлкендердің тыныс-тіршілігіне бір мезет үңілу де керек шығар. Ақтау қаласындағы Бекет ата мешітіне болған балалардың мына ісі көңілді қуантып тастады. Ата-аналары берген құрманы мешітке келген жамағатқа, ауыз ашарға жайылған дастарханға қойып, қайырымды істің көкжиегін кеңейте түскендей болды. 6-14 жас аралығындағы мектеп оқушыларының өмірдің мәнін түсінуі, қасиетті рамазан айында жасалатын сауапты істі жүрекпен сезіне білу, адам деп аталатын ұлы тіршілік иесін сыйлап білуі-көңіл қуантарлық жайт. Әңгіме бұл балақайлардың кім екендігінде емес, оларды тәрбиелеп, өмірлік ұстанымдарын белгіліп, көрсетіп отырған ата-аналарының кім екендігінде.

ауызашар

Рамазан — қайырымдылық айы. Ізгілік пен мейірімділіктің шуақ шашып, адамгершіліктің сәулесін шашатын ай. «Қайырдан не істесеңдер, Алла оны күдіксіз біледі» деп жазылған «Ниса» сүресінің 127 аятында.

«Қасиетті Рамазанда кедей-кепшік, жетім-жесірлерге қол ұшын беріп, көмек көрсетсе, Алланың мол сауабына кенелері сөзсіз» деген әңгіменің өзегінде сауапты істің үлкен салмағы тұр. «Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген болатын ұлы ақын Абай. Ендеше бала тәрбиесіне жақсы үлгі, өнеге беріп отырған ата-анадан да, оның үлгісін зердесіне тоқып, жамағатқа ұсынып отырған баладан да айналмассың ба?

А.АХМЕТҰЛЫ