ҚР Тұңғыш Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында көрсетілген тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында, сондай-ақ Елбасының Жолдауында жарияланған Жастар жылы, Сүгір жырау Бегендікұлының 125 жылдығы, күйші-сазгер Мұрат Өскенбайұлының 115 жылдығы, халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы мен ақын Фариза Оңғарсынованың 80 жылдық мерейтойлары аясында Маңғыстау облысының мәдениет басқармасы Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен Абыл мәдениет үйінде «Жетістікке жетелейтін жеті қыр» атты облыстық ХІ «Маңғыстау жұлдыздары» өнер фестиваліне Бейнеу ауданының дайындаған конкурстық концерті өтті.

Ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Үміт Әмірханова құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тілеп, өз лебізін білдірді.

Жыл сайынғы дәстүрге сай «Ел іші – өнер кеніші» демекші, өнерлі жастарға қолдау білдіріп, рухани мәдениеті мен шығармашылық бастамашылығын дамыту және жетілдіру мақсатында өткізіліп отырған фестивальға облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығы директоры А.Зейлова, облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы Ж.Ержігітова, облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Н.Кудусов, облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығының маманы С.Құдайберген, Маңғыстау өнер колледжінің ұстазы А.Сарғажаева, облыстық ғылыми әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығының маманы С.Сариев, М.Өскенбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі А.Омарова, облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығының бөлім меңгерушісі Н.Ноғаева қазылық етті.

Мәдени шарада бекітілген ережеге сай Бейнеу аудандық халықтық ұлт-аспаптары оркестрі, «Керуен» би тобы, халықтық «Таңшолпан» би ансамблі, халықтық «Арай» эстрадалық вокалды ансамблі, үлгілі «Домбырашылар» ансамблі, акапелла «Бейнеу» тобы, халықтық «Аналар сазы» ансамблі, Ә.Түркменбаева, Ғ.Аягозов, Н.Оңғарбаев, Т.Қуаныш, С.Қуантқанова, Ә.Шыныбаева сынды аудан өнерпаздары «Аспаптық, халықтық музыка»,» Халықтық аспаптарда орындау», «Дәстүрлі ән», «Көркем сөз оқу», «Хореография», «Эстрадалық музыка», сонымен бірге «Классикалық жанр» аталымдары бойынша өз өнерлерін көрсетті.

Маңғыстау, Бейнеу, Қарақия, Түпқараған, Мұнайлы аудандары мен Ақтау, Жаңаөзен қалаларының өнерпаздарымен бірге сынға түсіп жатқан дүбірлі доданың мамыр айында өтетін қорытындысында аудан өнерпаздарына сәттілік тілеп, жеңіс тұғырынан көрінуіне тілекшіміз.

Үміт АСҚАРҚЫЗЫ