Таяуда облыстық прокуратура БАҚ өкілдеріне баспасөз мәжілісін өткізіп, ағымдағы жылдың 6 айында атқарылған жұмысы туралы есеп берді.

Аймақтың бас прокуратурасының есебіне сәйкес 2016 жылдың 6 айында әлеуметтік-экономикалық қадағалау саласында 233 тексеру жүргізіліп, 8458 заң бұзушылығы анықталып, 1265 прокурорлық ықпал ету актісі енгізілді.

Прокурорлық ықпал ету актісімен мемлекет пайдасына 5,4 млрд. теңге өндіріліп, 20,6 млн. теңге әкімшілік айыппұл төленіп, 38,4 млн. теңгеге мүліктер қайтарылды. Жұмысшылар құқығы аяққа тапталып, өңірде еңбек даулары орын алды: «Хазар Мұнай» ЖШС-де 38 жұмысшыға 25 млн. теңге жалақы бойынша қарызы ұйғарым енгізілген соң толық төленді. Осыға ұқсас дау «АқтауОйлМаш» ЖШС-де болып, 143 жұмысшының ұзақ мерзімнен бері қолына тимеген 75 млн. теңге жалақы бойынша қарызы прокурорлардың араласуымен өндірілді.

Сондай-ақ облыстық прокуратура басшылары елімізде орын алған террористік актілерге байланысты өлкемізде қауіпсіздік күшейтілгенін айтты:

-Барлық құқық қорғау органдары күшейтілген қызмет атқару режіміне көшті. Бүкіл облыс бойынша бақылау орнатылып, мониторинг жасалып отырады. Және құқық қорғау органдарымен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық шаралар өткізілуде,-деді әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықтарды бақылау жөніндегі басқарма басшысы Арман Мұқашев.

Оның сөзінше, экстремизм мен терроризмге қарсы арнайы құрылған бөлім, ұлттық қауіпсіздік комитеті, арнайы органдар жұмыс істеп, жағдайды жіті қадағалауда ұстап отыр. Ғаламтор кеңестігіндегі күдікті сайттарға, әлеуметтік желілерге ұдайы бақылау жасалады.

Сондай-ақ баспасөз мәжілісінде кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық, қасақылық, теңіз жағажайларына төленетін ақы, сыбайлас жемқорлық және т.б. өзекті мәселелер көтерілді.

Ханым ҚУАТ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

13765673_1082589785162338_3239273683749904471_o

13717443_1082590368495613_2293336508812955971_o