Ақын, сыншы, журналист, педагог және сазгер Мырзатай Үйсінбайұлы Болат 1947 жылдың 12 қарашасында  Маңғыстау ауданының Тұщықұдық ауылында туған.

М.Ү.Болаттың өлеңдері әр жылдарда Республикалық газет-журналдарда жарық көріп, ақындардың «Қарлығаш» (1981 ж.) «Жыр – моншақ» (2003 ж.) жинақтарына, сондай-ақ, мектеп оқушыларына арналған «Маңғыстау әдебиеті» (2008 ж.) атты хрестоматияға енеді.

М.Ү.Болат – үш кітап шығарған қаламгер. Оның 2009 жылы Алматыда «Бабамұра-М» баспасынан «Бір арман» атты жыр жинағы шыққан. Ақынның поэзиясын Өтежан Нұрғалиев, Қадыр Мырзалиев секілді қазақтың классик- ақындары жоғары бағалаған. Ол – әдебиет пен өнер сынына да араласып жүр. Оның дәлелі – 2010 жылы «Оқшау сөз» деген атпен жарық көрген сын кітабы. Сондай-ақ әлемге әйгілі австриялық жазушы Стефан Цвейгтің 7 новелласын қазақ тіліне аударып, «Бейтаныс әйел» атты жинақ шығарды.

Ойымда тек бір Алла!..

Өмір деген – жұмбағы көп шығарма…
Дайын тұрар мендейлерді сынарға!..
Ақша қуған қу заманның ажарын –
Ақын сорлы бұл тірлікте ұғар ма?!.

Өмір деген – жұмбағы көп шығарма…
Жұмбағыңда – батпан бақыт тұрар ма?..
Нан-шайымнан артылмайды алғаным –
Қысыламын одан көпті сұрарға!..

Өмір деген – жұмбағы көп шығарма…
Ой таппайсың олай-бұлай бұрарға!..
Пысық болсаң – келтірер ең ретін,
Жуас сорлы!.. Дымыңды енді шығарма!..

Өмір солай – жұмбағы көп шығарма…
Кітаптарым – қалың жұртқа ұнар ма?..
Менің үшін дүн-дүнияң сиықсыз –
Ойымда тек – Өлеңім мен бір Алла!..

Қаңтар – 2014

Пенделікке оқ аттым!..

Қызғаныш қой – аты мәлім Қызыл Ит!..
Босына үрсе – қайдан болсын түзу Ит!..
Әлмисақтан адамзатпен бір туған –
Туа сала туысына ұмтылған!..

Бір азғантай сыр айтайын сендерге:
Отыз бестің шамасына келгенде –
Қызғаныштың бұғауынан босандым…
Кісіліктің киесінен от алдым!..

Отыз бестің биігіне келгенде…
Ақындық пен ой маржанын тергенде –
Құдайым-ау!.. Жерім менің кеңіді –
Бірте-бірте пенделігім кеміді!..

Жастығымда сабыр – құсым оңалмай –
Жүріп қалдым көкіректі жеңе алмай!..
«Өзгеріске қалай келдің?» — дедің бе?..
«Қызыл Итті қалай жеңдің?» дедің бе?..

Ақындардың асып тұрған дарынын,
Білімдінің ақылы мен жалынын –
Бәрін-бәрін мойындауға үйрендім…
Адамдармен туысырақ күйге ендім…

Мұның бәрі оңай емес пендеге…
Сабыр қылсаң – сен келерсің жөнге де!..
Отыз бесте – пенделікке оқ аттым…
Қызғаныштың Қызыл Итін жоғалттым!..

Шілде – 2015

Жақсылық пен жамандық

«Туыспайды жақсылық пен жамандық!..
Жуыспайды сақилық пен сараңдық!..
Бұлар мүлдем қиыспайды!..» – деуші едім…
«Бірі-бірімен сыйыспайды!..» – деуші едім.

Мұның сырын жастығымда білмеппін –
Қауағыма құпиясын ілмеппін!..
Тірлігіңді күрт өзгертсе Құдайың –
Өзгерістің байқамассың сылайын*!..

Пендеңіздің басына ауыр іс түссе –
Ағайынның жүйкесіне күш түссе!..
Жағаласып-сабаласып жүргендер –
Қысқа күнде абаласып жүргендер!..

Ылдым-жылдым жуысып та кетер-ау!..
Қапелімде ұғысып та кетер-ау!..
Қиын күндер уақытша ғой – өтер-ау…
Күлкі-тірлік қайта айналып жетер-ау!..

Әлгі айтқаным: жақсылық пен жамандық…
Туыспайтын адалдық пен қараулық –
Аяқ асты сырт берер-ді суынып –
Енді қайтып көрмейтіндей шығынып!..

Бұл тіршілік осыменен тоқтай ма?..
Өмір сыны қайта айналып соқпай ма?..
Адам шіркін күліп, бірде жылайды –
Бірде ескеріп, бірде ұмытар Құдайды!..
Сылайын* – «бағытын, жұмбағын» деген мағынада.

Шілде – 2015

Хокусайдың арманы

Хокусай сан* жапондардың көзі еді –
Даңқы шыққан суретшінің өзі еді!..
Өмірбақи салған екен құстарды –
Қанаттылар болып арман-өзегі!..

Хокусай сан салса-дағы мың құсты –
Арманындай сала алмапты бір құсты!..
Дейді екен ол: «Ұқсата алмай келемін –
Қиялымды аялаған шын құсты!..»

Сексен жаста сол Хокусай қария –
Арман – тілек онда жатқан дария!..
Дейді екен ол: «Шеберленіп келемін –
Нәтижесін қылармын-ау жария!..»

Хокусай шал сұлулыққа тоймаған –
Өнерінің мәңгілігін ойлаған!..
Оның үшін құр атақтың мәні жоқ –
Құстарына сұқтануын қоймаған!..

Ақын болып жаратыппын жүз өлең –
Елуімде биікке бет түзегем!..
Жетпісімде жазсам жүйрік жеті өлең –
Бұл шимайдан* шылбырымды үзер ем!..

Ерінбеші!.. Аспанда емес шеберлік!..
Жүзе білсең – бойлатпай ма тереңдік?..
Хокусайша жүз ойланам: «Не бердік?!.
Жеткізер ме кемеңгерлік – кемелдік?!»

Сан* – «мырза» деген мағынада.
Шимай* – «жазу» деген мағынада.

Махаббат

Таусылғанда өз қызығы, өз әні –
Білесің бе, махаббат та тозады!..
Қалар, бәлкім, естелігі – тозаңы…
Кейбіреулер – осыны құр созады!..

Махаббаттың соңғы жағы – өтірік…
Тозған сезім – жалған сөйлер көпіріп!..
Махаббатта: күз де, қыс та, жаз да жоқ –
Жалғыз маусым!.. Жалқы көктем!.. Жанған от!..

Күпірлік қой: «Өмірбақи сүйдім!..» деу,
«Ғашық болып, Мәжнүндей күйдім!..» деу.
Ләйлісіне – оның қолы жетпеген,
Қолы жетсе – бірдей болар көппенен!..

Махаббаттың қысқа, сірә, өмірі,
Адамдарды сүйрейтіні – көңілі!..
Бұзылғаны кемпір-шалдың сәлемі –
Бір-бірінен жалықанның әлегі!..

Ғашық болған Гете* сексен жасында –
Жас сұлуға есі кеткен, расында!..
Білмейміз ғой қарт ақынның өткенін –
Асықтықтан қанша қызды өпкенін!..

Салуалы* адам – елікпейді құр сөзге…
Ойнасшылдар – тұлға болмас бұл сөзге!..
Тарқағанда махаббаттың базары –
Пенде шіркін шырқ айналып қалады!..

Өлмес ешкім ғашық оты сөнгенде…
Қайта гүлдер – тың махаббат келгенде!..
Оның өзі – ғұмырыңа жетпейді…
Адам да ағаш – қайта-қайта көктейді!..

Қазан – 2015

Жартыбас
(Әзіл-шыны аралас)

Білсең ғой, сегіз жылдан жарты – басым!..
Ұзарды жартымен-ақ ғұмыр – жасым!..
Мен қатар инсульт соққан бірталай жан –
«Үңгуде» Жетібайдың ұлутасын!..

Бұйрықсыз – кезек күтпей өлемін бе?..
Алланың өлшеулісін көремін де!..
Медет* — дос әзілімен күлдірді ғой –
Қайратты «Қайрау» деген өлеңінде.

Жартының жаны тәтті – сақ болады-ау!..
Жыбырлап жүргеніне – шат болады-ау!..
Жетерміз «үңгуге» де бұйыртқан Күн –
Әзірге осы күйім тақ* болады-ау!..

Тындырдым біраз шаруа, шүкір-шүкір!..
Жырыма – нүктесі жоқ қойдым үтір!..
Бүтіннің жарты баспен сөзін айттым…
Ақынға құр жатпаған – түкір-түкір!..

Медет* – бүгінгі Маңғыстаудың аз ғана талантты ақындарының бірі Медет Дүйсенов.
Тақ* – «дұрыс, дәл, өлшегендей» деген мағынада.

Жаңғырық

(Әбіш ағам рухына)

Ол жылдарда бозбаламын – шыбықпын…
Ширай келе сөз өнерін шын ұқтым!..
Өлеңімде көсем еді Абайым –
Қарасөзде жетпеуші еді бір ұстын!..

Сол ұстынды: «Әбіш-ау!..» — деп ұғыппын…
Жазғанынан аз ғана бір сыр ұқтым!..
Төрт қайтара бір «Аңыздың ақырын»
Оқып едім – одан бетер құнықтым!..

Пәлсапаңнан нені айырып біліппін?..
«Шыңырауға» – есім кетіп жүріппін!..
«Тасбақаның шөбін» көріп – таң қалдым!..
Содан шығар, жаным таза – тұнықпын!..

Деп жүргенде: «Жаным жайлау – дұрыспын!..»
Әбіш өліп… лайланды тыныш Күн!..
Ағам кетіп – жетім қалды шал-басым…
Жетімдерге, дүние, не еткен суықсың!..

Шүкір еттім – жыламауға тырыстым…
Жыламадым!.. Үсті-үстіне мұң іштім!..
«Одан басқа бұл қазақта кім бар-ау?..
Кім бар?.. Кім бар?..» Жаңғырықты кім ұқсын!..

Қаңтар — 2016