жағажай пляж

Міне, жадырап жаз да келді. Жаздың аптап ыстығында көлеңкені тасалап, салқын суға сүңгу үшін Қарт Каспийге асыққан маңғыстаулықтардың қарасы аз емес. Алайда, бұл адамдар қауіпсіздікті сақтау ережелерін басшылыққа алмаса, қайғылы оқиғаға душар болатынын ұмытпағаны жөн.

Суға түсу маусымы ашылғанда құтқарушылардың жұмысы қыза түседі. Осыған орай Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің «Жедел құтқару жасағы» мемлекеттік мекемесінің құтқарушысы Әділ Ботабаев ақтаулықтарға теңізге түсу кезінде қолданатын қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, қауіпті аумақтардан аулақ жүру қажеттігін ескертеді.

-Суға түсу науқаны 25 мамырда басталды. Қазірде суға түсетіндердің басым бөлігі – жастар. Ал орта жасты және одан жоғары адамдар таң алакеуімнен теңіз ауасымен тыныстап, ағзасын йодқа қанықтырып, суға түсіп, денесін шынықтырып жүреді. Сандарды сөйлетсек, жылдың басынан бері 2 адам суға кетті. Жыл басында өтетін христиандардың шоқыну мейрамына орай Жаңаөзеннен жас жігіт келіп, сыра ішіп, суға түскен. Кенеттен теңізде толқын көтеріліп кеткен. Оның денесі 4-5 күн өткен соң ғана табылды. Ал екінші қайғылы жағдай Кендірлі демалыс орнында болды. Бұл жерде де жас жігіттер масаң болып, теңізге түскен. Жазатайым оқиғалардың көбі – мас күйде шомылып, қауіпсіздік ережелеріне немкетті қарауынан, білмеуінен не сақтамауынан орын алады. Статистикаға көз жүгіртсек, өткен жылы 18 адам суға кетіп, 20 адам құтқарылып, 4 адам із-түзсіз жоғалып кетті,-деді Ә.Ботабаев.

Теңіз жағасында халық көбеюмен бірге қауіп-қатердің де еселене түсетіні белгілі. Қайғылы оқиғаларды алдын-алу мақсатында «Жедел құтқару жасағы» мемлекеттік мекемесі өз жұмыс барысы туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарламалар жасап, мерзімді басылымдарда мақалалар жариялайды. Онымен қоса қала-аудандық мектеп оқушыларына суға түсудің қауіпсіздік ережелерін егжей-тегжейлі түсіндіріп, сақ болуға шақырып, ескертулер жасап отырады.

Жағажайларда халықтың демалу қауіпсіздігін бақылайтын мекемеде облыс бойынша — 54 маман, қала бойынша — 31 маман жұмыс істейді. Биылғы жаз маусымына 2 газель, уаз, 3 моторлы қайық, 5 кішкене кеме қауіпсіздікті қадағалау мақсатында сақадай-сай тұр. Алайда қауіпті аймақ саналатын «Қазатомөнеркәсіп» ЖШС «Шора» су арнасы (бұрынғы Қаракөл) ағысы қатты, тоғанды жер және алыс қашықтықта орналасқандықтан, оған жету үшін көп уақыт кетеді. Онда «Суға түсуге өте қауіпті аймақ!» деген ескерту тақтайшалары орнатылып, екі жағы тормен қоршалған. Бірақ бұл ескертпе мен сақтыққа қарамастан, балалар қоршауды тесіп өтіп, суға түсе береді. Айта кеткен жөн, соңғы жылдары «Шора» қауіпті аймағында 40-қа жуық адам ажалын судан тапқан.

-Қауіпті аймақтарға қатаң ескертулер жазылған тақтайшалар қойып, қоршаймыз. Алайда адамдар өз өміріне, қауіпсіздігіне немқұрайды қарап, теңізге шомыла береді. Бір минутын қиып, ескерту тақтайшаларға назар аударса, қаншама қайғылы оқиғаның алдын алып, қаншама өмірді сақтап қалар едік. Келеңсіз жағдайларға көбінесе өз күшіне сенімді, мүмкіндіктерін тым асыра бағалайтын не ішімдікке бой алдырған адамдар тап болады. Өкінішке орай, ондай адамдар өмірін өзі қияды,-деді құтқарушы.

Оның сөзінше, бүгінде бақылау аймақтарын бірнешеге бөліп, қауіпті жерлерде құтқарушылар кезектесіп, қауіпсіздікті қадағалап жүреді. Әр құтқарушы қолында – рация, құтқару күртешесі, құтқару шеңбері, 30 метрлік құтқару арқаны (спасательный конец александрова) болады.

Балық аулауға өз бетімен шығатын жастар да баршылық. Олар құтқару құралдарымен жабдықталған не кәнігі балықшы болмаса, балық аулау ісі орны толмас қайғыға әкеліп соғады.

Он жылға жуық адам өмірін сақтап, тілсіз жаудан арашалап, жанқиярлық еңбек еткен Әділ Ботабаев «Суда құтқару қызметі» мемлекеттік мекемесіне 2009 жылы келген. Бұл қызметті қалай таңдадыңыз деген сауал қойғанымызда: «Адамды асқақ армандарға, межелі мақсаттарға жетелейтін – өзіңе деген сенім. Ал сенімің жоғары болса, ісің оңға басатыны анық. Және жақсы жүзетін болғандықтан, жаңа қызметте ешқандай қорқыныш, үрей болған жоқ. Бойымды қиындыққа тап болған адамдарға көмектесу деген ой ғана биледі. Және осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қала тұрғындары мен қонақтарына ескерту жасағым келеді. Өмірлеріңізді қатерге тікпей, қауіпсіздік ережелерін сақтаңыздар! Теңіз жағажайларына барғанда, банан, скутер, катамаранға мінгенде, жүзуден шебер болсаңызда, үстеріңізге құтқару күртешесін киюді ұмытпаңдар! Бір қайықтан екінші қайыққа секіруге, қауіпті аймақтарда суға түсуге тыйым салынады!-деп білікті құтқарушы қатаң ескертуімен сөзін түйді.

Ханым ҚУАТ

Суретті түсірген автор