Орта   білім   беру  ордаларының    түлектері  үшін  бірыңғай  ұлттық тестілеудің  тәмамдалуымен оқу жылы да өз мәресіне жетті. Ұлттық тестілеудің     алғашқы қорытындылары    бойынша   Мұнайлы  ауданы   85,5   пайыз    көрсеткішпен    облыс   бойынша   екінші   орынға   шықты. 609    мектеп    бітірушінің    374-і ҰБТ-ға   қатысып, 87  оқушы 100 ұпайдан жоғары   жинаған.  Аудандағы    Қызылтөбе    лицейі,  №5   және   №1  мектеп   аймағымыздағы   үздік  он   білім  ордасының  тізіміне  еніп  отыр.

Мұнайлы   ауданы   мектептерінің   биылғы   түлектерінің   11-і  «Алтын  белгіге», 17-сі үздік  аттестатқа  ие   болды.  11 жыл  бойы озат оқып,  мектепті  ерекше   аттестатпен  бітіргендердің  қатарында  Дәулет ауылындағы  №4  мектептің  түлегі   Мәнет   Байдуллаева   да   бар. Кішкенесінен  әкесіз өскен ол отбасындағы жалғыз жан-анасының үмітін ақтағанына   қуанышты. Химия    пәнін   таңдап,   ұлттық   тестілеуге барынша   дайындалған   Мәнет  99  ұпай  жинап,  өз   білімін  қорғап  шықты .

— Кішкентайымнан үздік   оқып,  күнделігімді   бестік   бағаларға  толтыруға  тырыстым.  Ұстаздарым  талап   қоя   білді,  мен  сол  үдеден   шығуға   талпындым.  Менің  түсінгенім, өмірде   көп  еңбекпен жетістікке жетуге болады. Біздің елімізде жастардың толыққанды  білім   алулары   үшін   барлық  жағдай   бар. Тек еңбектену,  іздену   керек!   Ең   бастысы – мектепте тәртіп болуы керек.  Тәртіп  болмаса,  білім  де  болмайды,- дейді Мәнет Байдуллаева.

Дәулет    ауылдық   мектебінің  тағы  бір  түлегі  Мақсат  Тыныштықов  105  ұпай,  ал  ата-анасынан  жастай  айырылған  Ахмет  Әлқуатов   95  ұпайға  қол  жеткізген. Отбасындағы төмен тұрмыс пен өмірдегі қиындықтарға   қарамастан,  сабақты   озат  оқып,  орта  мектепті  өте  жоғары    көрсеткіштермен   тәмамдап  отырған   бұл   түлектердің  ісі  – көпке  үлгі   боларлық.

— Бірыңғай ұлттық тестілеуде жоғары нәтижеге қол жеткізген бұл түлектер сабақты жақсы оқып,  үлгілі тәртібімен көзге түсті. Шәкірттеріме  ақ  жол  тілеймін! Ұстаздарды   ұмытпай, олардың еңбегін  бағалай  біліңдер!  «Ауылына  қарап, азаматын таны» дегендей,  өз  туған    ауылдарыңды  мақтан  етіңдер!  Біз  де  сендерді  мақтан   тұтамыз,-дейді №4 Дәулет ауылдық орта мектебінің директоры Д. Күлмеханова.

«Қош   бол,  алтын  ұя — мектебім»  атты  жас түлектер кешінде қолдарына    орта   мектепті   бітіргендігі    жөніндегі   аттестат   алып,   11  жыл   бойы   білім   нәрін    берген   алтын    ұяларымен   қоштасты. Жас  өрендердің   барлығы    да  туған  елінің   болашағы  үшін   жақсы  маман атану   үшін    жоғары  оқу   орындарына    аттанбақ.  Үлгілі  тәртібімен,   озат үлгерімімен   ұстаздар  көңілінен  шыға  білген   мектеп   бітірушілерді ұстаздары  ешқашан  ұмытпақ емес. Кеш барысында озат оқушылар мен өнегелі мұғалімдер мектеп басшылығы, ауыл әкімдігі және халық қалаулылары    тарапынан    алғыс    алып,   марапаттарға ие болды. Облыстық   мәслихат  депутаты  Ахмет  Салманов  озат   түлектер  Мәнет    Байдуллаева   мен    Мақсат  Тыныштықовқа  ұялы  телефон,  қол сағаты және  «Ақтау»   сауда-ойын   сауық  кешеніне  15 мыңға сертификаттар  табыс   етіп,   тәжірибелі   ұстаз   Сара   Сүлейменоваға   ақшалай  сыйлық жасады.

— Үлкен өмірге   аяқ   басқалы тұрған  жас   түлектерге  сәт  сапар тілеймін!  Арман-мақсаттарыңыз    алдамай,   жүрек  қалаған  мамандық  иесі болыңыздар! Өмір  жолдарында  әлі талай жетістіктерге  қол  жеткізе  бергей!  Жастардың туған  елді,  аяулы ауылды көркейтуге атсалысатындарына сенемін!-деді облыстық мәслихат  депутаты  А.Салманов.

Мұнайлы  ауданында  1  лицей,  12  орта  мектеп бар,  білім ордаларындағы   оқушылардың  саны  22  мыңнан  асады.  Аудан  тұрғындары   санының  артуына  байланысты,   мектеп  жетіспеушілігі  айқын  сезіліп   отыр.  Аудандық  білім  үйлестіру  орталығының  мәліметтерінше,  Мұнайлыға  3  мектеп  қажет. Биылғы  бірыңғай   ұлттық  тестілеу   қорытындысы   бойынша  ең   жоғары  ұпай  121.

Анар ШАМШАДИНОВА
Суретті түсірген автор