«Кендірлі» демалыс аймағында «Ақбөбек» балалар демалыс орталығы маусымы ашылып, жұмысын бастап кетті.

Салтанатты жиынға «Өзенмұнайгаз» АҚ Кәсіподақ төрағасы Наурыз Сақтағанов, Әлеуметтік-әкімшілік департаменті директоры Бауыржан Жұбаназаров қатысып, балаларға мәнді де сәнді демалыс тіледі. Орталық директоры Жанкелді Әмірғалиев тәрбиенің негізі әдептілік екендігіне тоқталып, бұл жерде демалушы балдырғандардың денсаулығы мықты, елін, жерін сүйетін патриот, білімді де тәрбиелі ұрпақ етіп тәрбиелеуде өздерінің бар күш-жігерін жұмсайтындықтарын алға тартты. Салтанатты шара әнмен әдіптеліп, күймен көмкеріліп жатты…

Дәурен Жұмабаев-тәрбиеші

Дәурен Жұмабай-«Ақбөбек» балалар лагерінің тәрбиешісі:

–Бізді аталмыш лагерге «Кәсіби шеберлік мектебінен» конкурс арқылы іріктеп алды. Өзімнің осы конкурстан сүрінбей өтіп, «Кендірлі» демалыс аймағында орналасқан әлемдегі ең керемет лагерьге тәрбиеші болып келіп тұрғаныма өте қуаныштымын. Конкурста біздің біліктілігіміз бен балалармен жұмыс жасауға психологиялық тұрғыдан дайындығымыз ескерілді. Біз балалардың дұрыс тамақтануына жіті көңіл бөлеміз. Асхана ас мәзірінде бала ағзасына зиян газдалған сусындар, фаст-фуд өнімдері мүлдем жоқ. Бұл тағамдар бала асқазанының дұрыс жұмыс жасамауына әкеліп соқтырады. Бір сөзбен айтқанда біз балаларымыздың бойына тамақтану талғамын қалыптастырамыз. Сондай-ақ, балалар арасында жағымды психологиялық ахуал қалыптастыра отырып, балаларды мейірімділікке, адамгершілікке тәрбиелеу-біздің алдымызда тұрған негізгі міндет болып саналады. Біз әрбір баланың қиялымен жасап алған өз әлемі бар екенін жақсы түсінеміз… Баламен тіл табысу да үлкен өнер. Ертең байқасаңыз, балалар бізге әбден бауыр басып қалып, бір-бірімізбен қимай қоштасамыз.

Арай Сүгірова

Арай Сүгірова:

— Мен «Ақбөбек» лагеріне бірінші рет келіп тұрмын. Сондай қуаныштымын. Бұйырса, ертең мына жып-жылы теңізге сүңгіп шығып, жағасында тырайып-тырайып күнге қыздырынып жатамыз ғой. Бізге, осындай естен кетпес демалыс сыйлаған «Өзенмұнайгаз» компаниясына алғысым шексіз.DCEE-1

Нұрболат Ұзақбай:

Мен Сочиде, Какадуда болдым. Көкшетауда орналасқан «Балдәурен» лагеріне 2 рет бардым. Тіпті Ақтаудағы «Шағала» лагерінде де болдым. Ал «Ақбөбекке» осымен үшінші рет келіп тұрмын. Шынымды айтсам, маған барлық лагерден де осы «Ақбөбекте» болған ұнайды. Мұнда баланың шығармашылығын дамытатын әртүрлі үйірмелер жұмыс жасайды. Біз сурет саламыз, тоғызқұмалақ ойнаймыз, тіпті кітап оқимыз. Бір сөзбен айтқанда, бізге мұнда еркіндік беріледі. Ойнаймыз, демаламыз, тынығамыз… Керемет!!! Бізге жағалауда жағымды демалыс ұйымдастырған ел ағаларына рахмет айтамын.

Альбина Тәжібай, Айсана Әмір:

— Лагерь бізге несімен ұнайды деген сұрағыңызға біз былай деп жауап береміз. Біз бұл жерден ондаған дос табамыз. Ән саламыз, би билейміз. Кітап оқимыз. Қолөнермен айналысамыз. Бір-бірімізді жақыннан тануға мүмкіндік туады. Сен үйде ерке, серке болып жүрсең, мында команданың ішінде өз басыңмен шешім қабылдауға әрекет ете бастайсың. Басқалармен достаса жүріп, олармен қалай қарым-қатынас жасау керек, көпшілік жерде өзіңді қалай ұстаған жөн деген сияқты көп нәрселерді ұнатасың. Тіпті, асханадан көпшілікпен ас іше отырып, тамақтану мәдениетін игеруге тырысасың. Көп нәрсенің жақсы болуы – айналаңдағы достарыңмен қарым-қатынасыңды дұрыстауыңа байланысты екендігін түсінесің. Лагерь бізді айналаға, қоршаған ортаға, бір-бірімізге мейіріммен қарауға тәрбиелейді. Біз «Ақбөбекке» келгенімізге өте қуанып тұрмыз!

«Өзенмұнайгаз» АҚ, Әлеуметтік-әкімшілік департаменті мамандарының сөзіне жүгінсек, жеті ауысымнан тұратын жаздың үш айында «Ақбөбекте» 280 бала демалып, шынығып, өз елінің тарихын, дәстүрін, салтын, мәдениетін, тілін барынша терең меңгеріп шықпақ. Иә, бала дегенің-жол шетінде өз бетінше өсе беретін көк шөп емес. Бойларына ұлы бабаларымыздың ірілігі, мәрттігі, кеңдігі дарыса ғана ұлт саналы ұлтқа айналмақ. «Не ексек, соны оратынымызды» әсте естен шығармағанымыз ләзім. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: балалық шақтан баланың бақытты молырақ алғаны абзал. Ол сол бақыттан өз өмірінің іргетасын құяды. Бала күнінде алған махаббатты өміріне азық етеді.

 Бибігүл БӨБЕКБАЙ