Оқу

Жаңа оқу жылы қарсаңындағы дәстүрлі «Мектепке жол» акциясына өңіріміздегі мешіттер де жыл сайын үлес қосып келеді. Балаларды мектеп құралдарымен қамтуға арналған қайырымдылық акциясының биылғы шарасы өткен сенбі күні облыстық орталық мешітте ұйымдастырылды.

Мешітке жиналған ата-аналар мен балаларды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстау облысындағы өкіл имамы, облыстық Бекет ата мешітінің бас имамы Смайл Сейтбеков таяп қалған жаңа оқу жылы және Құрбан айт мейрамымен құттықтап, лебізін жеткізді. Сондай-ақ ол 50 балаға мектеп құрал жабдықтары салынған сөмке ұсынған «Құрылысшы-7» деген мекеме басшысына ризашылығын білдірді.

-Біз 1-7-сыныптарға баратын 160 балаға құрал жабдықтары бар сөмке таратып отырмыз. Олардың барлығы жағдайы төмен отбасылардың ұл-қыздары,-дейді өкіл имам.-Әрине, мектеп жасындағы барлық балаларды қамтып, осындай сыйлық жасағымыз келеді. Бірақ оған әзірше мүмкіндік жетер емес. Әрқайсысы 5000 теңге тұратын бұл тартуымызды облыстық, Мұнайлы аудандық, Қызылтөбе және Маңғыстау ауылдық мешіттері болып бірігіп дайындадық. Айдың аяғына дейін өңіріміздің басқа мешіттері де өз шамасына қарай мүжәлсіз отбасылар балаларына мектепке қажетті заттарын таратып бермек.

Қайырымдылық акциясының соңында ата-аналар дін қызметкерлеріне шексіз алғыстарын айтты. Балаларына мектеп құралдарымен бірге сөмке алып, қуанышқа кенелген жеті баланың анасы, жесір келіншек Пердегүл Дүйсенбаева да мешітке деген разылығын білдірді.

Тағы оқыңыздар: Бақытты отбасы болудың құпиялары

-Күйеуім қайтыс болғалы тұрмысымыз өте төмендеп кеткен еді,-деді ол.-Жалдап отырған пәтеріме мемлекеттен алатын жәрдемақылардан қосып, 60000 теңге төлеймін. Өзім де қарап отырмай, күніне 2000-2500 теңге табамын дүкендерге жалданып. Сонда да жеті баланы асырау қиындап кеткен соң мешітке келіп, жағдайымды айтып едім, шүкір, осындағы имамдар бір жылдан бері көмегін үзген жоқ. Айына бір емес, бірнеше рет азық-түлікпен қамтып отыр. Балаларды мектепке дайындау да осы мешіттің мойнында сияқты, осылай қарайласып тұрады. Егер мешіттерден мұндай қайырымдылық болмаса, жағдайымның қандай боларын көз алдыма елестете де алмаймын. Алла разы болсын оларға.

Валентина ҚОЗЫБАҚОВА

Суреттерді түсірген Анаргүл ТӨЛЕГЕНОВА

АлдыңғыТамыз айының 24 — 28 күндері аралығында!
КелесіАлимент өндіру жайлы сот бұйрығы шықты
Валентина Қозыбақова
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетін, халықаралық телестудия мектебін бітірген. Түрікменстанда қазақ тілінде шығып тұрған «Жұмысшы» газетінде тілші, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, Маңғыстау облыстық телеарнасында радио-тележурналист, республикалық «Қазақстан Заман» газетінің Маңғыстау облысы бойынша меншікті тілшісі қызметтерін атқарған. Маңғыстау облыстық «Маңғыстау» газетінің тілшісі.