Маңғыстау облысының Астанадағы мәдениет күндері аясында “Step Fighters” K-1 және ММА бойынша ауқымды кәсіби  аралас жекпе-жек сайысы ұйымдастырылды. Кикбокс спортының К-1 нұсқасы және ММА ережесіз аралас жекпе-жектен барлығы 10 тартыс өтті. Іс-шараға Маңғыстау жұртшылығы, ақсақалдар мен жергілікті билік өкілдері қатысып, аралас айқас барысын тамашалады. Қызу талас, бәсеке толы байқауда Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Мақсат Ысқақов сөз сөйледі.

«Қазақ халқында «бабасы басын имегеннің баласы тізе бүкпейді» деген сөз бар. Тарихта басын имеген бабаларымыз бар деп мақтанамыз. Қазақ жігіттері әркез тізе қосып, өр рухын жоғалтпауы тиіс. Бүгінгі жарыс намысын жігеріне жаныған нағыз жігіттер сайысы. Маңғыстау халқының ыстық ықыласын қабыл алыңыздар»,-деді М.Ысқақов.

Ринг төріне Евгений “Гладиатор” Сурин мен Жандос “Арлан” Оразбеков көтерілді. Амал-айласы жетік, бабы мығым Евгений Жандостан үш те нөл есебімен басым түсті. Көп ұзамай “Full Contact” ережесі бойынша Медет “Тараз тарланы” Оралбаев пен Саят “Батыр” Трұсбеков таласы басталды. Бәсеке барысында қимылы ширақ, тәжірибесі зор Саят Трұсбеков қарсыласын жер жастандырды. Жекпе-жек Алихан Оздоев  мен өзбек Арслонбек Кодирбеков арасында жалғасын тапты.  Бойдағы бар күш-қайратын сарп еткен Алихан  жеңіс тұғырына көтерілді. Бұдан өзге ММА бойынша Темірлан Ихсанғалиев пен Максим Сорока, Бердах Халиев пен Шыңғыс Қайранов, Мухаммад Хужаев пен Сәбит Жүсіп, Архат Манбаев пен Александрс Цитзовс шаршы алаңда айқасты.

Дүбірлі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен әрі Өзбекстан, Ресей, Польша, Латвия елдерінен спортшылар қатысты. Әділ қазылар алқасы құрамында К-1 сайысы бойынша Қайрат Смағұлов, Қайрат Мұхитов, Ерік Әнуаров, Нұрғали Наурызбаев, Сансызбай Ыбыраев, ал ММА бойынша Сағындық Мекеев, Асылбек Исмағамбетов, Жапырақ Базарбаев, Сағындық Сариев сынды әйгілі спорт саңлақтары төрелік етті. Табанды талас-тартысты, арландар айқасын Елорданың спорт сүйер халқы мен қонақтары тамаша етті. Көрермен трибунасы жанкүйер қауымға лық толды. Сондай-ақ салмағы басым, маңызы зор сайысқа Лондон Жазғы Олимпиада ойындарының алтын жүлдегері Серік Сапиев арнайы келіп, жас спортшыларға сәттілік тіледі.

«Спорт сүйер қауымға әрі әркез қолдау көрсететін жандарға ризашылығымды білдіргім келеді. Бүгінгі сайыстың атауы да затына сай. Айқас арландарына сәттілік тілеймін. Бокс, кикбокс спортымен айналысатын жастар көбейе берсін деп тілеймін. Мұндай турнирлер, түрлі сайыстар спортқа деген қызығушылықты оятады. Салауатты өмір салтын насихаттайды. Спортшы ретінде мұндай бастамаларды әркез қолдаймын»,-дейді Олимпиада чемпионы.

«Маңғыстау мәдени күндері аясында ұйымдастырылған шараның мән-маңызы зор. Маңғыстау өңірінен ережесіз жекпе-жек бойынша Шыңғыс Қайранов, Оралдан Темирлан Ихсанғалиев, Атырау атырабынан Архат Манбаев, елордалық Сәбит Жүсіп бақ сынасты. Латвия, Ресей, Украина, Өзбекстаннан ат арытып жеткен спортшылар да бар. Дайындық -жоғары де. Ережесіз жекпе-жек бойынша ең бір тартысты бәсеке Артем Шокало мен Дәурен Ермеков арасында орын алды. Қос қарсылас та осал емес. Десекте Дәуренге зор сенім арттық. Ең алдымен Маңғыстау облысы әкімдігіне зор алғыс айтқым келеді. Маңғыстау өңірінің ерекшелігі әрі артықшылығы аралас жекпе-жек спорт түрлеріне қолдау көрсетуі деп ойлаймын»,-дейді Қазақстан панкратион, греплинг, МАА федерациясының президенті Сағындық Мекеев.

Маңғыстау өңірінің Елордадағы мәдениет және өнер күндері аясында өткізілген спорттық дода жоғары деңгейде өткізілді. Киелі түбектің төл перзенттері намыс туын биік ұстап, жеңіс тұғырынан көріне білді. Жүлдегерлер Маңғыстау облысы әкімдігінің бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

Голрох Жеменей

Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ