ана мен бала

Маңғыстау өлкесінің мәдени күндері аясында қайырымдылық акциялары өтті. Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Мақсат Ысқақов,  ҚХА Маңғыстау облыстық хатшылығының меңгерушісі Гүлжан Исмурзина, облыс әкімінің аппараты «Қоғамдық келісім» МКМ басшысы Амангүл Жайылханова және этномәдени бірлестіктер өкілдері “Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына” бас сұқты. Орталықта 2012 жылдан бері балалардағы онкологиялық ауруларды емдеу бөлімшесі жұмыс істейді. Бөлімшеде еліміздің түкпір-түкпірінен қатерлі дертке шалдыққан бүлдіршіндер, балалар мен жасөспірімдер ем алады.

«Маңғыстау облысы әкімі ыстық лебізін білдіруде. Әкімдік бөлімшеге қажетті тұрмыстық бұйымдар мен медициналық құрал жабдықтарды сыйға тартты. Сонымен қатар науқас балалардың бос уақытында көңіл көтеріп, серпілуіне сан алуан ойыншықтар сатып алынды. Алла шипасын берсін. Ауырмаңыздар. Бұл Алланың берген сынағы ғана. Үмітті үзбеңдер»,- деді  М.Ысқақов.

«Ұлттық ғылыми орталықтың бөлімшесінде қатерлі дертке шалдыққан науқас балаларға мамандандырылған ем-дом шаралары жүргізіледі. Бұрын еліміз бойынша науқас бүлдіршіндер Алматыдағы «Қазақ онкология және радиология  ғылыми зерттеу институтында» ғана ем алатын. Бөлімшеде 106 жан-жақты жабдықталған төсек орындары бар. Мамандар әркез тәжірибесін жетілдіріп отырады. Ресей, Украина, Германия елдерінің ең үздік клиникаларында болып, түрлі конференцияларда тәжірибемен алмасады. Соңғы жылдары науқас балалар арасында өлім-жітім деңгейі төмендеуде. Бөлімшеде психолог мамандар да қызмет етеді. Себебі ем-дом шараларының жас ағзаға тигізер әсері зор, — деді «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы»  директорының орынбасары   М.Ембергенова.

«Емдік-диагностикалық шаралар неміс протоколдарына сай жүргізіледі.  Мәселен, үздіксіз, толық ем нәтижесінде лейкоз ауруы бойынша сексен немесе сексен бес пайыз науқас құлан-таза айығып кетеді. «Шарите» клиникасы, неміс, түрік профессорларымен тәжірибе алмасып отырамыз. Ерекше немесе күрделі медициналық жағдайлар орын алса, дүниежүзілік мамандармен бірлесе іздейміз. Балалармен қоса олардың ата-аналарына толық жағдай жасалған»,- деді «Ана мен бала ұлттық  ғылыми орталығы» онкология-2 бөлімшесінің меңгерушісі Забира Қыздарбекова.

Голрох ЖЕМЕНЕЙ

Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ