Медиация — дауды шешудің баламалы жұмсақ түрі.

Медиация тәртібінде дауда жүрген екі жақ тараптары, медиатордың білім мен біліктілігінің тәжірибесіне сүйене отырып,  екі жақты пайдалы шешімге ерікті түрде келеді.

Даудың толық шешілуі екі жақты дауласушыларға байланысты.

Жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар (дау-шарлар) медиацияның қолданылу саласы болып табылады.

Медиацияның мақсаттары дауды (дау-шарды) шешудің медиацияның екі тарапын да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу және тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету болып табылады.

Медиация тараптары медиаторды, медиация рәсімін, ондағы өз ұстанымын, оны талап ету тәсілдері мен құралдарын таңдау кезінде, ақпарат алу кезінде, дау-шарды реттеу туралы келісім шарттарының қолайлылығын бағалауда тең құқықтарды пайдаланады және өздеріне тең міндеттер жүктейді.

Медиацияны жүргізу кезінде медиатор тараптардан, мемлекеттік органдардан, өзге де заңды, лауазымды және жеке тұлғалардан тәуелсіз болады.

Медиатор бейтарап болуға, медиацияны екі тараптың мүддесі үшін жүргізуге және медиация рәсіміне тараптардың тең қатысуын қамтамасыз етуге тиіс.

Медиатордың бейтараптылығына кедергі келтіретін жағдайлар болған кезде ол медиацияны жүргізуден бас тартуға тиіс.

Медиацияны жүргізу тараптардың өзара келісімі бойынша және олардың арасында медиация туралы шарт жасалған кезде жүзеге асырылады.

Жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларды реттеу кезіндегі медиация сотқа жүгінгенге дейін де, сот талқылауы басталғаннан кейін де қолданылуы мүмкін.

Тарапқа медиацияға жүгінуге ұсынысты басқа тараптың өтініші бойынша, сот немесе қылмыстық қудалау органы жасауы мүмкін.

Медиацияны жүргізу үшін тараптар өзара келісім бойынша бір немесе бірнеше медиаторды таңдай алады.

Егер медиация азаматтық не қылмыстық процесс шеңберінен тыс жүзеге асырылатын болса, медиатор мен тараптар аталған рәсім күнтізбелік алпыс күннен аспайтын мерзімде тоқтатылуы үшін барлық ықтимал шараларды қабылдауға тиіс. Айрықша жағдайларда шешілетін даудың (дау-шардың) күрделілігіне, қосымша ақпаратты немесе құжаттарды алудың қажеттілігіне байланысты медиацияны жүргізу мерзімі медиация тараптарының уағдаласуы бойынша және медиатор келіскен кезде ұлғайтылуы мүмкін, бірақ ол күнтізбелік отыз күннен аспайды.

Медиацияны жүргізу кезінде медиация тараптары қол жеткізген дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісім жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар қол қояды.

Дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісімді медиация тараптары ерікті түрде осы келісімде көзделген тәртіппен және мерзімде орындауға тиіс.

Медиатор жақтардың келіссөздер процесін ұйымдастырады (мақсаттарын және жақтардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді), әрбір жақты тындап, мән-жайларды сұрақтар жолымен зерделеп, басқа жақтарға кеңес бермейді және құпиялылық қағидатын сақтайды, медиация процесін бақылайды, жақтарға даудың баламалық түрімен шешілуіне көмектеседі, ұсынылған шешімнің түрін нақты орындалуын талдап, келісім даярлайды, осы келісім дауға қатысушылармен қол қойылған сәттен бастап міндетті болып табылады.

Д. АЛБЫТОВ

Қарақия аудандық сотының судьясы