Қоғамдық денсаулық сақтаудың аса маңызды проблемаларының бірі болып тұрған АИТВ инфекциясын жұқтыратындар қатары сиремей тұр. Елімізде 100 мың  халыққа шаққанда АИТВ-мен өмір сүретін адамдар арасындағы сырқаттанушылық   көрсеткіші – 112,8, критерийі 0,2-0,6% болған 15-49 жас аралығындағы топтар арасында таралу көрсеткіші 0,2 болып отыр.

Маңғыстау облысы АИТВ инфекциясымен сырқаттанушылық бойынша бастапқы  сатысында және 16 өңір арасында 15-орынға ие. 100 мың халыққа шаққанда Маңғыстау  облысында АИТВ-мен өмір сүретін адамдар арасындағы сырқаттанушылық көрсеткіші— 21,3, критериі 0,06% жағдайында 15-49 жас аралығындағы топтар арасында таралу   көрсеткіші 0,04% болып отыр. Бұл туралы таяуда ЖИТС-тың алдын алу және оған  қарсы күрес жөніндегі Маңғыстау облыстық орталығында «АИТВ-ның анадан балаға берілуінің алдын алу жөнінде және АИТВ инфекциясының, АИТВ/ЖИТС-пен өмір сүретін адамдарды кемсітіп таңбалаудың алдын алу» тақырыбында өткен семинар-тренингте айтылды.

Басқосуды ашып, жүргізіп отырған орталықтың емдеу бөлімінің меңгерушісі Ә.Жиенғалиева семинардың басты мақсаты—ЖИТС, туберкулез және безгекпен күресуге арналған жаһандық қор жобасының аясында және облыстың босандыруға жәрдемдесу қызметі  мамандарының ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес, АИТВ-ның анадан балаға берілуінің алдын алу, кәсіптік жұқтыру қаупін болдырмау, АИТВ жұқтырылған пациенттерге құпия және білікті медициналық көмек көорсету, АИТВ/ЖИТС-пен өмір  сүретін адамдарды кемсітіп, таңба тағушылықты болдырмау мәселелері бойынша білім  деңгейін арттыру екендігін жеткізді.

Орталықтың эпидемиолог дәрігері А.Кемазанова АИТВ/ЖИТС бойынша әлемдегі және еліміздегі эпидемиологиялық жағдайларға тоқталып, науқастарға көрсетілетін көмек жайын әңгімеледі. Ол келтірген мәліметтерге сүйенсек, биылғы 6 айда  облыс  бойынша АИТВ инфекциясымен 18 адам тіркелген.

-Барлық жастағы адамдар АИТВ инфекциясына  шалдыққан, алайда көбінесе жұқтыру  жағдайы 20-39 жас аралығындағыларда жиі тіркеледі,-деді дәрігер.-Жұмыс  істейтіндермен қатар жұмыс істемейтін адамдар арасында да кездеседі. Гендерлік құрамы  бойынша әйелдерге қарағанда, еркектер арасында жиірек кездеседі, арақатынасы 2:1. Жалпы, біздің өңірімізде АИТВ бойынша жағдай қолайсыз емес.

Екі күнге созылған семинар барысында ЖИТС-тың алдын алу және оған  қарсы күрес жөніндегі Маңғыстау облыстық орталығының мамандары «Қазақстан Республикасындағы және Маңғыстау облысындағы эпидемиологиялық жағдай», «АИТВ инфекциясына кеңес беру және тестілеуді ұйымдастыру», «Бала туатын жастағы әйелдер арасында АИТВ инфекциясының алдын алу», «АИТВ инфекциясы кезінде антиретровирусты терапияның негіздері», «Таңба тағушылық пен кемсітушілік АИТВ-сы бар әйелдерге сапалы және  уақытылы көмек көрсетуге кедергі» тақырыптарында хабарламалар жасады. Сондай-ақ тренинг арқылы семинарға қатысушылардың біліктілігі де сыналды.

  Валентина ҚОЗЫБАҚОВА