Ақтауда Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрында орта және арнаулы оқу орындарының студенттері арасында өткен шығарма жазудан облыстық байқау жеңімпаздарын марапаттау салтанаты болып өтті. Шараға жеңімпаздарымен қатар, оқу орындарының білім алушылары, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Үстіміздегі жылдың қыркүйек-қазан айларында Ақтау қалалық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ұсынған «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы мен «100 нақты қадам» стратегиялық бағдарламасын жүзеге асыру бағытында орта және арнаулы оқу орындарының студенттері арасында шығарма жазудан байқау өткен болатын. Байқаудың шарты бойынша қатысушылар Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың еңбектері бойынша, қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың өлеңдері мен қарасөздерінің маңызы хақында, Қазақстанның Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, академик жазушы Ә.Кекілбаевтың шығармашылығы туралы және қазақтың салт-дәстүрлерінің ерекшеліктері мен маңыздылығы туралы шығарма жазулары тиіс болатын. Облыстың барлық аудандары мен қалаларынан 80 талапкердің шығармасы келіп түссе, қазылар алқасының шешімімен олардың 20-сы жүлделі орындарға ұсынылды.

Салтанатты шарада жеңімпаздарды құттықтап сөйлеген Маңғыстау облыстық мәслихаттың хатшысы Бекмұрат Жүсіпов мұндай шараның ел Тәуелсіздігінің 25 бес жылдығына орай өткізіліп отырғанын, жастардың шығармалар конкурсына қатысып, жүлделі орындар иеленуі — олардың ана тіліне, ұлттық әдебиет пен мәдениетке деген сүйіспеншілігінің айғағы екендігін атап көрсетті. Елбасы саясатын қолдап, еліміздің жетістіктерін насихаттаумен қатар, әдебиетіміздің алыптарының шығармашылығын саралап, баға беру, ұлттық салт-дәстүрлерімізді зерделеу жастардың болашаққа деген сенімін нығайтып, патриотизмге тәрбиелеуде елеулі үлес болатынын айтты.

Маңғыстау облыстық және Ақтау қалалық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Маңғыстау облысының Құрметті азаматы Бектұр Төлеуғалиев «Қазақ тілі» қоғамы дәстүрлі түрде ұйымдастырып келе жатқан мұндай шаралардың маңызына тоқталды.

Елбасымыздың Қазақстанды дамыту стратегиясында жастарға жүктеліп отырған міндет үлкен. Жастар – Қазақстанның болашағы. Сондықтан олардың білімді де білікті, жоғары мәдениетті, ана тілімен қатар бірнеше шетел тілін меңгерген, халқымыздың салт-дәстүрін жетік білумен бірге адамзаттық мәдениеттен де хабары бар маман болып қалыптасуы үшін осы кезден көп оқып, ерінбей ізденіп, шығармашылық белсенділікпен көрінулері керек. Сонда ғана олар халқымыз үміт артып отырған деңгейде көрініп, еліміздің өркендеуіне қомақты үлес қосатын болады. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан шығармалар байқауының да мақсаты – жастар арасында ана тілі мен әдебиетін кеңінен насихаттау, әдебиетке құштар жастарды қолдау, талапты оқушыларды көпшілікке танытып, олардың шығармашылық әлеуетін дамыту. Мұндай жарыстар алдағы уақыттарда да жалғаса беретін болады, – деді Б.Төлеуғалиев.
Байқау жеңімпаздары бірнеше аталымдар бойынша жүлделі орындармен және ынталандыру сияпаттарымен марапатталып, оларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. І орынға Ә.Ибрагим, А.Қартбай, Ә.Қабылова, Г.Мәмбетова, ІІ орынға Ф.Мүсірепова, А.Маманова, Н.Оразалиев, М.Икаева, ІІІ орынға Д.Ұлықбек, Г.Қарақұлова, А.Есенова, А.Демековалар ие болса, ынталандыру сыйлықтарымен А.Сағатова, С.Ғабитқызы, Н.Оңғарбаева, М.Таймұхаммедова, С.Аралбаева, А.Рахметқалиева, Ұ.Боранбайқызы, Ф.Пернебаевтар марапатталды.

Салттанатты жиынның соңы қазақтың ұлттық нақышындағы әдемі концертке ұласып, елімізге танымал Ж.Сейітов, С.Шәкірат, Р.Айдарбаева сынды майталман өнерпаздар сахнаны жыр мен күйге бөледі.

Анар Шамшадинова