Тәуелсіздік алғанына 25 жыл толып отырған біздің елімізде экономикалық жағдай көптеген көрші елдер үшін тартымды болып тұр. Оның айғағы — Өзбекстан, Қырғызстан республикаларынан келетін жұмысшы күшінің толастамауы. Бүгінде оларды заң жүзінде рәсімдеп, жұмыс беруші ретінде олардың еңбегін ресми түрде пайдалануға рұхсат беретін заң бар болғанына қарамастан, заңсыз жолдармен жұмыс жасап жүргендер аз емес. Бірақ шетелдік жұмысшы заңды не заңсыз жұмыс істесе де, бәрібір ол шетелдік боп қала береді. Қазақстан азаматы емес. Сондықтан оның көптеген әлеуметтік жеңілдіктерге қолы жетпейтіні рас. Мысалы, ауырып қалса, тексеруден өтіп, емделуі де ақша тұрады.

Алайда, екі жылдан бері еліміздің Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Шымкент, Қарағанды қалалары мен Алматы облысында туберкулезге шалдыққан шетелдік жұмысшылар емханаларда тегін тексеруден өтіп, тиісті мерзімі біткенше туберкулезге қарсы күрес диспансерінде емделе алады. Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексі бойынша туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын шетелдіктер бұрын да Қазақстанда тегін емделеді. Ал ауру анықталғанша емханада жүргізілетін тексеру жұмыстары ақылы. Аталған қалалардағы емханаларда еңбек мигранттарының тегін емделуіне «Еңбек мигранттары арасында туберкулез ауруын анықтау және емдеу» жобасы аясында жұмыс жүргізіп жатқан «Project HOPE» халықаралық үкіметтік емес қайырымдылық ұйымының денсаулық сақтау қоры қолдау көрсетіп, барлық шығынды өтеуде.

Жасыратыны жоқ, шет елдерден нәпақа іздеп келгендер денсаулығы сыр беріп жатса да оған назар аудармайды. Ауруды басатын, дене қызуын төмендететін дәрі-дәрмектерді ішіп, жұмысын істеп жүре береді. Өйткені, олар ауырып, емделу үшін емес, жұмыс істеп, елде қалған бала-шағасына ақша жіберу үшін келген. Ол ауырып, дәрігерге кіру кезегінде тұрса, тапқан тиын-тебенін емге жұмсаса, екі көзі төрт болып үйінде тамақ күтіп отырған отбасы аш қалады. Осыны ойлаған шетелдік жұмысшылардың ауруын асқындырып алып жататыны бар. Ал туберкулез денсаулыққа салғырт қарағанды көтеретін ауру емес.

Шыны керек, туберкулез ауруы бізге жақсы таныс. Оның жұқпалы екендігінен, науқас адамнан онымен жақын қарым-қатынаста болған адамдарға жұғатынынан да хабардармыз. Бірақ бұл дерттен сақтану жолдары қайсы? Бұл ауруға кез келген кісінің, қаннен қаперсіз жүрген дені сау біздің де тап болуымыз мүмкін бе? Осы тақілеттес сауалдар жайшылықта ешқайсымызды мазалай бермейтінін, жақындарымыздың бірі осы ауруға ұшырағанда ғана туберкулез туралы мәліметтер жинақтай бастайтынымызды мойындайық.

Бүгінгі таңда туберкулездің алдын алудың да, одан емделудің де нақты жолдары бар. «Үйренген жау айқаспаққа жақсы» демекші, кеселдің сыры неғұрлым ашыла түскен сайын онымен күресу де соғұрлым қиын емес. Мәліметтерге сүйенсек, соңғы 10 жылда Қазақстанда туберкулезбен ауыру көрсеткіші 54,9 пайызға, ал одан болатын өлім-жітім 77,4 пайыз төмендеген. Дегенмен, елімізде халықаралық стандарттарға сай диагностикалау мен емдеудің жетілген жаңа әдістері енгізілгеніне қарамастан, туберкулез өткір мәселе болып қала беруде.

Өткен жылы еңбек мигранттары арасында туберкулез ауруын анықтау және емдеу мәселелері бойынша Алматы қаласында журналистермен республикалық семинар-тренинг өткізген «Project HOPE» жаһандық ұйымы биыл да сондай шара ұйымдастырды. Араға бір жыл салған осынау екі семинар-тренинг арасында бұл ұйымның ұйымдастыруымен бірнеше өзге де шаралар өтті. Ол шараларды аталған қалалардағы үкіметтік емес ұйымдар немесе үйлестірушілер ұйымдастыруда.

Астана қаласында өткен журналистер семинарының басты мақсаты—бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек мигранттары арасындағы туберкулез мәселесінің жариялануын жақсарту және қоғамды жоба жұмысы туралы ақпараттандыру.

Жоба үйлестірушісі Ирина Юзкаева мен тәжірибелі журналист, медиа-тренер Марина Максимова ұйымдастырған шара барысында туберкулез мәселесі жан-жақты әңгіме болды. «Project HOPE» бөлген қаржымен Астана қаласындағы 11 емхана еңбек мигранттарын қабылдап, туберкулезден тексеру жүргізуде. Шараға қатысушылар осындағы №2 қалалық емханада болып, аурудың алдын алу және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімшесінің меңгерушісі Анар Салықовамен кездесті. Оның айтуынша, шетелден жұмыс көзін іздеп келіп, туберкулезге шалдыққандардың барлығы тиісті тексерулерден өтіп, алғашқы емін алып, ауру анықталған соң туберкулезге қарсы күрес диспансеріне емделуге жіберіледі.

%d0%bf%d1%80%d0%be%d0%b5%d0%ba%d1%82-%d1%85%d0%be%d1%83%d0%bf-3

Ал Астана қалалық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бас дәрігері Анна Цепке туберкулез ауруы, оның белгілері және диспансерде емдеу әдістері туралы әңгімеледі. Тағайындалған емдеу мерзімі бітіп, талдау нәтижелері жақсы болған мигрант науқастар емін одан әрі жалғастыру үшін келген елдеріне жіберіледі.

Әлбетте, дәрігерлерге «гастарбайтерлердің» қандай жолмен келгені, заңды ма, заңсыз ба, бәрі бір, ауырды ма, емдеуі керек. Ал ауруханадан шыққан науқас емді үзбей, дәрі-дәрмекті дәрігер белгілеген ереже бойынша қабылдауы тиіс. Астанада туберкулезден емделіп жүрген еңбек мигранттары аз емес. Оларды тауып, туберкулездің жұқпалы да қауіпті ауру екенін, ауру белгілері байқалған кезде уақыт өткізбей дәрігерге көріну керектігін, оларды емханаларда тегін тексеретінін айтып, түсіндіру секілді шаруаларды атқаратын ұйым бар. Ол—астанадағы «Жария» қоғамдық ұйымы. Оның төрағасы Шавхат Исмаиловтың айтуына қарағанда, Астанада жұмыс істеп жүрген шетелдіктердің дені Өзбекстан мен Қырғызстаннан келгендер. Және көпшілігі, әсіресе, жастар жағы туберкулез дегеннің не екенінен бейхабар көрінеді. «Жария» қоғамдық ұйымының қызметкерлері медициналық колледждерде оқитын жастармен бірге шетелдіктер заңды-заңсыз жұмыс істейтін нысандарды аралап, әр мигрантпен жеке жұмыс жүргізеді. Студенттер қоғамдық ұйымға аутрич қызметкер немесе еріктілер ретінде тартылған. Жұмыстары жеміссіз емес.

Семинар-тренингке қатысушылар «Жарияның» көмегін көрген жұмысшылардың бірі—Еламан атты жас жігітпен кездесті. 21 жастағы Еламан Қырғызстаннан келген екен. Үш жылдан бері ағалары және ауылдастарымен Астанаға келіп, екі қолға бір жұмыс тауып жүрген. Көбінесе көлік жуу орындарында жұмыс істеген. Күнұзағына су ішінде малшынып жүрген бала он шақты күн бойы жөтеліп, ыстығы көтеріледі. Қызуын төмендететін, жөтелді басатын дәрілердің қайсысын ішсе де, аурудың қайтатын түрі байқалмайды. Күнен күнге әлсіреп, жұмысқа барудан да қалады. Дәрігерге көрінсе, қыруар қаржы талап ете ме деп қауіптенеді, төлейтін ақшасы да жоқ. Баласының ауруы жанына батқанын білген анасы «Жария» қоғамдық ұйымының қызметкері Қанат Мырхайдаровқа болған жайтты айтады. Қанат дереу Еламанды емханаға алып барып, тексеруден өткізіп, тиісті мерзімнен соң ауруханаға жатқызады.

— Бұған дейін туберкулез ауруы туралы ештеңе естіген де, білген де жоқ едім, — деді Еламан.-Менің осы ауруға шалдыққанымды білген кезде ата-анам мен бауырларым есеңгіреп қалды. Диагнозымды біленнен кейін туберкулез туралы мағлұмат ала бастадым. Өте қауіпті ауру екен. Дәрігерлердің айтқанын екі етпей орынғанда ғана бұл ауруды жеңуге болатынын да түсіндім. «Проект ХОУП» ұйымы мен Қанаттың арқасында аман қалдым. Қазақстандық дәрігерлердің барлығы білімді, мейірімді екеніне көз жеткіздім. Менің жазылып кетуім үшін ат салысқан барша адамдарға алғысым шексіз. Қазір диспансердегі ем бітіп, амбулаторлық ем алып жүрмін. Күнде емханаға барып, дәрі ішемін. Жыл соңына дейін маған тағайындалған ем аяқталады. Қазір өзім сияқты шет елдерден келген жұмысшыларға он шақты күн бойы дене қызуы көтеріліп, жөтел пайда болса және әлсіреп, жүдей бастаса, дереу дәрігерге көріну керектігін, Астана емханаларында бізді тегін қарайтынын айтып жүрмін.

Иә, жаһандық қордан бөлінген қаржы көптеген еңбек мигранттарын туберкулезден емдеу үшін жұмсалып жатыр. Неге дейсіз ғой? Бұл шетелдік жұмысшылар өздерімен бірге туберкулез ала келеді деген сөз емес. Одан біздің ешқайсымыз да сақтандырылмағанбыз. Ағзаның қорғаныс қабілеті сыр берсе, кез-келгеніміздің ауруға ұшырауымыз ғажап емес. Ал уақытымен ауқаттанбай, үнемі шаршап, күйзелісте жүрген жұмысшылардың қорғаныс қабілеті әлсіреп, ауру жұқтырғыш келетіні белгілі. Ауырған адам дертін асқындырып алса, айналасындағыларға жұқтыру қаупін тудырады. Ал дер кезінде емделген науқас өзгелер үшін зиянсыз. Сондықтан еңбек мигранттары жиналған жерде туберкулезден тегін емделу туралы ақпаратты жеткізіп жүру—адам баласын тән игі істердің бірі бомақ.

Валентина ҚОЗЫБАҚОВА