Үстірт қорығы — Қазақстанның оңтүстік-батысындағы табиғи кешенді қалпында сақтау мақсатымен 1984 жылы құрылған мемлекеттік  шаруашылық. Маңғыстау облысыңдағы Қарақия ауданы жерінің  223,3 мың га аумағын алып жатыр.  Қорық республикалық маңызы бар табиғат қорғау және ғылыми мекеме мәртебесі бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың ең жоғары санатына жатады. Қорық мақсаты қорық аумағындағы табиғи процестер мен құбылыстардың табиғи барысын, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі объектілерін, өсімдіктер мен жануарлардың жекелеген түрлері мен қауымдастықтарын, әдеттегі және бірегей экологиялық жүйелерді сақтау мен зерделеу және оларды қалпына келтіру болып табылады.

«Үстірт» мемлекеттік қорығы орналасқан Қарақия ауданы әкімдігінде «Қорғалатын аймақтардың іші мен айналасында биоалуантүрлілікпен үйлесімді тіршілікті қамтамасыз ету көздерін ілгерілету арқылы шөлді экожүйелердегі қорғалатын аймақтардың тұрақтылығын арттыру» жөніндегі маңызды жобалар бойынша, келелі кеңес өтті.

Дөңгелек стөлге Қарақия ауданы әкімі мен орынбасарлары, ауыл әкімдері мен дербес бөлім басшылары сондай-ақ,  Маңғыстау облысы Жер қойнауын  пайдалану және қорғауды бақылау бойынша басқармасы, Туризм басқармасы, Маңғыстау облысы жер қатынастары басқармасы және ауыл шаруашылығы басқармасының басшылары, ҚР АШМ Орман және аң шаруашылығы және орман Басқармасының сарапшысы, Маңғыстау облысы орман және аң шаруашылығы инспекциясының басшысы, «Атамекен» ҰКП кіші және орта бизнес департаментінің директоры, аудандық филиал басшысы, сондай-ақ «Үстірт» мемлекеттік қорығы директорының орынбасарлары, «Ербол», «Тұлпар» шаруа қожалықтарының басшылары және басқа да мамандар, кеңесшілер,  жобаны жүзеге асырушылар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Маңызды жиынды аудан әкімі Ә.Дауылбаев ашып, ауданымызда жасыл экономика бағдарламасы бойынша атқарылып жатырған игі жұмыстар жайында кеңінен тоқталды. Мұнан соң, БҰҰДБ биоәртүрлілікті сақтау бойынша жоба менеджері Талғат Кертешев сөз кезегін алып жобаның маңыздылығына кеңінен тоқталды.Түрлі слайдтар арқылы жобаның жергілікті жерде жүзеге асу барысымен таныстырды. Айта кетелік, Үстірт қорығы Қарақия ауданында орналасқандықтан, ауданымыздың мұндай пайдалы жобаларға қамтылу мүмкіндігі жоғары. Бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланып, өз кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлеріміз де бар көрінеді. Бұдан соң «Үстірт» қорығы және оның қамту аймағын кеңейту, табиғат, жан-жануарлар дүниесін қорғау жөнінде аталмыш қорық басшылары мен қызметкерлері жарыссөзге шықты.

Иә, бастаманың елге берер игілігі мол. Үстірт  айналасындағы жерлердің азып-тозуының алдын алу үшін жасыл экономика элементтері бар мобильді мал шаруашылығы тәжірибесін енгізіп, болашақта алынған тәжірибені басқа  ауылдық аймақтарына тарату керектігі де айтылды..

Сынамалы жоба аясында бірнеше шаруа қожалығына күн энергиясымен істейтін генератор орнатылған. Отардағы жайылым жерлерді тиімді пайдаланып, жер қыртысы азып-тозуына қарсы ауыспалы жайылым жүйесін енгізу туралы  ұсыныстар да айтылды.Қорық аумағына ауданымыздың Сенек, Құланды, Аққұдық ауылдары жақын орналасқандықтан жергілікті шаруа қожалықтарының жайы да айтылды. Үстірт қорығының алғаш құрылғанынан бері бұл шаруға таныс, ауданымыздың құрметті азаматы Қ.Наурызмағанбетов те келелі кеңес, ұтымды пікірлерін ортаға салды.

Жарыссөздерден кейін  жиналғандар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар қайтарылды.

— Иә, қоршаған орта, табиғат мәселесі әсіресе, экологиялық мәселелер дамыған елдерде ең басты назарда. Бұл тақырып әлеуметтік және экономикалық мәселелердің алдыңғы қатарында тұруы қажет.Себебі әлем табиғат үшін алаңдауда! — дейді, БҰҰДБ биоәртүрлілікті сақтау бойынша жоба менеджері Талғат Кертешев мырза. Көп жерлерде кездесе бермейтін Маңғыстау табиғатының, соның ішінде «Үстірт» қорығының ерекше табиғатын, сиреп бара жатқан жан-жануарлар мен өсімдік әлемін танып, зерделеп және  қорғай білейік!