Жуырда аудандық Мәдениет үйінде «Нұр Отан» партиясы Қарақия аудандық филиалының кезекті 23-ші сайлау-есеп беру конференциясы болып өтті. Конференция жұмысына «Нұр Отан» партиясы Орталық аппараты ұйымдастыру-бақылау жұмыстары департаментінің инспекторы, Маңғыстау облысы бойынша партия кураторы Жұмабек Ермұхамед, «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы ұйымдастыру-бақылау жұмыстары бөлімінің меңгерушісі Мұқанжан Камалов, Қарақия аудандық саяси кеңесінің мүшелері, бастауыш партия ұйымынан сайланған депутаттар, партия активтері, партия ардагерлері, аудандық мәслихат депутаттары, «Жас Отан» жастар қанаты ұйымының белсенділері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен аудан жұртшылығы  қатысты.

Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалғаннан кейін конференцияны жүргізуші аудандық мәслихат хатшысы Ахмет Мееров сөз тізгіндеп, алқалы жиынның күн тәртібінде қаралатын мәселелермен және оған қатысушы лауазымды тұлғалармен таныстырып өтті. Жұмыс регламенті бекітілген соң мандат комиссиясының төрағасы Ержан Бегниязов хабарлама жасады.

Алғашқы мәселе — «Нұр Отан» партиясы Қарақия аудандық филиалының 2014-2016 жылдар аралығында атқарылған жұмыстарының есебі туралы филиал төрағасы, аудан әкімі Әділбек Дауылбаев баяндама жасады. Аталған жылдар аралығында аудан экономикасын өрге бастыру бағытында біршама игілікті істердің жүзеге асырылып, халықтың әл-ауқаты артқандығын айтып өткен Ә. Дауылбаев ел тәуелсіздігінің 25 жылдығын лайықты атап өту мақсатында өткізіліп жатқан шараларға тоқталды.

Халықтың тұрмыстық деңгейін жақсарту бағытында жасақталған «Кедергісіз келешек», «2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл», «Ардагерлерді ардақтайық», «Ұлы дала елі», «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту», «Сәтті қадам», «Жастар жолы», «Бақытты балалық шақ», «Тарифті қалыптастыру» сынды тоғыз жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстарға кең түрде шолу жасай кеткен филиал төрағасы алдағы жылы  аудан дамуына тың серпін беретін ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылатындығын жеткізді.Жарыссөзге шыққан партия ардагерлері  Аяпберген Бишенов, Есболай Есенқосов аталған баяндамада атқарылған барлық жарқын істердің боямасыз түрде көрініс тапқандығын алға тарта отырып, оған «қанағаттанарлық» деген баға беретіндіктерін жеткізді.Қатысушылар тарапынан ұсыныс-пікірлер туындамағандықтан баяндама бірауыздан бекітілді.

Ж. Ермұхамед партия төрағасы баяндамасында ауданда атқарылған шаралардың терең түрде көрініс тапқандығын, оған өз кезегінде әділ бағасын беретіндігін айта келіп конференция жұмысына сәттілік тіледі. Сонымен қатар лауазымды басшы бүгінгі таңда  жастар арасынан партияға кадрлық қор  жасақтау қолға алынып жатқандығын, олардың кейін жергілікті мәслихат құрамына депутат болып енуі мүмкін екендіктерін баса айтып өтті. Қор негізін  ҰБТ қорытындысымен сынақтан сүрініп, екі қолға бір күрек таппай жұмыссыз жүрген жастар құрайтын болғандықтан олардың тізімдерін жасақтап, бірінші кезекте жұмысқа орналастыруға ұсыныс берді. А. Мееров бұл құнды пікірдің аяқсыз қалмайтындығын айта келе күн тәртібіне қойылған екінші мәселе- «Нұр Отан» партиясы Қарақия аудандық филиалы Саяси Кеңесінің құрамын сайлау туралы сөз кезегін Гүлайым Бөлтековаға берді. Нәтижесінде құрамына Ә. Дауылбаев, Боранбай Жұмағалиев, А. Мееров, Алпыс Таубаев, Амангелді Сарқұл, Руслан Джулбаев, Дина Сабытова, Дүйсенбай Атағараев, Келдімұрат Даурбаев,Қилымғали Көшенов, Е. Есенқосов, Қалпақ Наурызмағанбетов, Фарида Құрал, Мейрамгүл Аманиязова, Г. Бөлтекова, Марфуға Арызғұлова енгізілген топ қолдауға ие болды.

Күн тәртібіндегі соңғы мәселе-«Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының 25-ші есеп беру- сайлау конференциясына делегеттар сайлау туралы сектор меңгерушісі Ф. Құрал сөз алып, оның құрамына Ә. Дауылбаев, Ф. Құрал, А. Мееров, А. Сарқұл, А. Бишенов, Д. Атағараев, Г. Бөлтекова, Айдар Атадусов, Қ. Көшенов, Н. Таңбаева, Д. Сабытова, М. Аманиязова, К. Даурбаев, А. Қашқынбаев, Болат  Байбозов, М. Сәрсенғали, Гүлара Баймбедова, Света Сдықова, М. Арызғұлова ұсынылғандығын айтты. Конференция соңында бастауыш партия ұйымдарының төрағалары — Г. Тоқсанбайқызы, Е. Есенқосов, М. Арызғұловалар  партияның мақсат-міндеттерін жүзеге асыруға елеулі үлес қосқандары үшін «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының «Алғыс Хаттарымен» марапатталса, партия қатарына қабылданған аудандық ХҚКО-ның басшысы И. Ходжаназаровқа партия билеті тапсырылды.

Жалғас БЕГЕЙ


%d0%bd%d2%b1%d1%80-%d0%be%d1%82%d0%b0%d0%bd