«Нұр Отан» партиясы Мұнайлы аудандық филиалының мәжіліс залында қоғамдық кеңестің 13-отырысы өткізіліп, жиынға кеңес мүшелері, аудан әкімінің орынбасарлары мен ауыл әкімдері, тиісті мемлекеттік мекеме басшылары жиналды.  

─ Бүгінгі аудандық қоғамдық кеңестің кезектен тыс отырысының күн тәртібінде алты мәселені қараймыз, — деген кеңес төрағасы Табылды Әміров аудандағы құрылыс объектілерінің жай-күйі, Дәулет ауылдық округінің әлеуметтік дамуы, аудандық мәслихаттың 2015 жылғы 23 желтоқсандағы №40/439 «2016-2018 жылдарға арналған аудандық бюджеті», кейбір қоғамдық кеңес мүшелерінің топтан шығарылуы, «бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрацияларды өткізу тәртібін қосымша реттеу», кеңес отырысының төралқасын сайлау  туралы мәселелер қаралатындығын атап өтті.

Аудандағы құрылыс объектілерінің жай-күйі жөнінде аудандық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әлібек Шағыраевтың баяндамасы тыңдалды.

─ «Маңғыстау селосының тұрғын массивтерін сумен жабдықтау желілерін салу, Маңғыстау-1 тұрғын массивін сумен жабдықтау» нысанының жалпы құны – 167 182 883,3 теңгені құрайды. 2015 жылы – 40 000 442,0 теңге қаражат бөлініп, игерілді. Құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, ағымдағы жылдың сәуір айының 15-де қабылдау комиссиясының акті негізінде қабылданып, қолданысқа берілді. Мұнайлы ауданы, Маңғыстау ауылында көп қабатты тұрғын үйлер құрылысы және толық жоспарлау жобасының жалпы құны 717 095 960,0 теңгені құрайды. Конкурс жеңімпазы «Талап Мангистау» ЖШС 2014 жылы 70 070 160,0 теңге қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары басталған болатын. 2015 жылы 205 490 161,0 теңге, 2016 жылы 432 144 439,0 теңге қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары жалғасын табуда. Қазіргі таңда барлығы 556 352 100 теңге игерілген болатын. Аяқталу мерзімі ағымдағы жылдың желтоқсан айына жоспарлануда, — дейді Әлібек Бақытжанұлы.

img_4431

2017 жылға қойылған міндеттер мен жоспарлар және оны дамытудың негізгі бағыттарына тоқталған Дәулет ауылы әкімінің міндетін атқарушы Ғизат Жолдасбаев «Қызылтөбе-2 – Жаңа Дәулет» (8,1 шақырым) автокөлік жолына асфальтты бетонды жабындысын төсеу жұмыстарына жобалық сметалық құжаттамалары жасақталып, мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысы алынғандығын, құрылыстың сметалық құны 519 763 000 теңгені құрайтындығын, аталған жұмыстың басталуына жергілікті бюджеттен 2016 жылға 200 000 000 теңге, 2017 жылға 319 763 000 теңге қаржы қарастырылғандығын сөз етті. Қазіргі таңда конкурс тәсілімен «МКДСМ» АҚ жеңімпаз атанып, жол төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Сондай-ақ автокөлік жолын төсеу жұмыстарын аяқтау үшін қаражат көзі келесі жылға қарастырылғандықтан, жол төсеу жұмыстары 2017 жылы жалғасын табатындығы белгілі болды. Дәулет ауылында орналасқан лас су жиынтығын КОС-2-ге қосу жұмыстары, Елді мекендегі тұрғын үйлерді 100 пайыз сымды телефонмен қамтамасыз ету, «Емір ойл» ЖШС базасы маңында орналасқан жеке 5 тұрғын үйді, өндірістік аймақта орналасуына және электр қуатының әлсіздігі мен газ жүйесінің орнатылмауына байланысты бас жоспарда көрсетілген жеке тұрғын үй аумағына көшіру сынды мәселелер әлі де өзектілігін жоймаған.

Тағы бір айта кетерлігі, бала санының жыл санап өсуіне орай аудан аумағындағы ауылдарда мәселен, Қызылтөбе мен Басқұдықта екі мектеп салынбақшы екен.

Табылды Әміровтың айтуынша, Қоғамдық кеңес құрамынан оның екі мүшесі — Қалнияз Оңдабаев пен Гүлмира Себепбаева белгілі себептерге байланысты арыз жазып, шығып отыр. Ал, күн тәртібінде қаралған мәселелердің барлығы бір ауыздан қолдау тауып, аудандық мәслихатқа бекіту үшін ұсынуға келісім берілді.

Әсел ТАҢАТАРОВА