Бүгінде Қызылтөбе ауылында 27 мың халық тұрады. Тұрғын саны көбейген  сайын көлденең шығатын мәселелердің де артатыны  белгілі. Ауыл әкімі Аман Арыстановпен биылғы жылдың 9 айлық қорытындысы, жұмыстағы аяқ алысы жайында әңгімелесіп, редакциямызға қоңырау шалып хабарласқан тұрғындардың арыз-шағымдарына жауап сұраған едік. 

─ Аман Тлесұлы, бұйыртса, екі айдан соң ел тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлағалы отырмыз. Ұлық мерекеге тарту-таралғы боларлық соны жаңалықтарыңыз қандай?

─ 9 айлық қорытындымыз бойынша Қызылтөбе-2 ауылындағы 15 шақырымдық жолдың  қазіргі таңда 3 шақырымы  салынды. Енді келесі жылдары қаражат бөлінсе, қалған 12 шақырым жолымыз салынады. Және сол ауылдағы орталық жолымыз бар 8 шақырым 100 метр. Оған биылғы таңда 200 млн қаражат бөлініп,  «МКДСМ» АҚ жеңімпаз атанып,  асфальт  жүргізіп жатыр. 1 шақырым, 500 метр тротуарымыз бар, оны да 17 млн.ға ұтып алдық. Жұмыстары жүрді, енді 200 метрі қалып тұр. Осы айдың аяғына дейін аяқталуы керек. Сосын көшелердің бойына 50 дана орындық құруды да бастағалы отырмыз.

Қызылтөбе-2 ауылындағы №6 орта мектептің спорт залы, асханасы, іші-сырты түгел күрделі жөндеуден өтіп жатыр. 10 шақты күннен кейін жұмыстары бітеді. Сосын Қызылтөбенің ішінде тіптен асфальты жоқ жолдар бар,   соларға 2017 жылғы жоспар бойынша ұсыныс берілді. Сондай-ақ, балалардың ойын, спорт алаңдарын салуға да ұсыныстар берілді. 2017 жылы осындай мәселелермен айналысамыз  деген ойдамын.

img_2878

─ Қызылтөбе-2 ауылы тұрғындарының айтуынша, қоқыс салатын жәшік жоқ екен.  «Бұрындары машинамен келіп жинап кететін еді, қазір ит шашып кетеді. Қоқыстың ақшасын алуды біледі. Ал, әлгі көліктің қайда жоғалып кеткенін сұрасақ, кассідегілер бастықтардан біліңдер деп жауап қатпайды», — деп шағым айтуда…

─ Ауылға қоқыс жәшігінің жетіспейтіндігі рас. Десек те, жәшік қойылған жерлер де бар. Тұрғындардың өздері ондағы қоқыстарды өртейді, өртегесін ол сапасын жоғалтады. Кір су төгеді, сосын темір шіриді. Ал, қоқысты мен уақытылы алынып тұр дер едім. Былтыр бізде «Мұнайлы қызмет» жинап жүруші еді, биыл «Атамекен Тазалық» кесте бойынша барып алып отыр. Қоқыс дейтін бір апта алынбаса, таудай болып үйіліп қалады. Тұрғындардың біреуі  «мусорларын» есіктің алдына шығарып, біреулері тіпті бөшкені малдың тезегіне толтырып қояды. Оны адам түгілі техника да көтере алмайды, күші жетпейді. Құм, тас салып тастайды. Керексіз диван, істен шыққан мұздатқыштарын, әр қилы шифр, машина баллондарын лақтырып тастайды. Негізінде, оларды қоқыс машинасына тиеуге болмайды.  Соған қарамастан бұрын ауыл арасына 300 дана контейнер қойғанбыз. Дегенмен, ол 2 жылдың ішінде істен шығады.  Енді контейнер алу келесі жылғы жоспарымызда бар. Кеше ауданнан 20 контейнер берді. Ол жеткіліксіз болып тұр.

─ «Арай» көшесінің тұрғындары  көшелерінің тастай қараңғы, жарық жоқ екендіктеріне наразы…Бұған не айтасыз?

─ Бұл тұрғыда ауыл ақсақалдары да, біз де неше мәрте хат жаздық.  Қызылтөбе-2, Бірлік, Ынтымақ, Құбыла жақтарды «Маңғыстауэнерго» МКК тоқпен қамтамасыз етіп отыр. Ал, сіз айтып отырған көшелерге тоқ беруші МРЭК деген мекеме. Олардың бағаналары өте көне, құлап кетейін деп әзер тұр. Тұрғындардың шағым айтулары да орынды. Қараңғы жерлерде ұрлық, зорлық-зомбылық болады. Әйтсе де, біз қолымыздан келгенін жасап, айтулы мекемеге көше жарығын қойыңыз деп  шырылдап жатырмыз. МРЭК-тің президентіне арнап жазған 2-3 хатым да тұр әне! Қайтейік, өздері қозғалмайды,  бізге рұқсатын бермейді. Ол жалғыз «Арай» көшесінде емес, «Түркістан», мына жақтағы іргелес көшелердің барлығында сондай,  көше шамдары жоқ.

img_2864

─ Ауыз су құбыры ше? Ол да қордаланған мәселенің біреуі ғой..

─ Ия. Бұл енді «Ақбұлақ» бағдарламасы ғой, міндетті түрде орындалуы тиіс. Оған биылғы жобаға 34 млн қаражат бөлінді. Проектісі шықса кезең-кезеңмен орындалады деп күтілуде. Былтыр су құбыры Жаңадәулетке салынды. Себебі, ол бізге қарағанда кішкентай ауыл. Бізде 27 мың халық болса, олар да 8 мың. Сол себептен қаражат бірінші соларға бөлінді, проектісі жасалып жатыр.

─ Жер телімі қашан беріледі?

─ Қызылтөбе-3-ті дайындап қойдық жоспарға. Бірақ, ол жерлерге газ, тоқ бармай, біз жер телімін бере алмаймыз. Арыз өткізуші адамдар көп. Әлі де қабылдануда. Балалардың ойын алаңын келесі жылға ұсыныс бердік, Қызылтөбе-2 ауылынан салуды қарастырып отырмыз. Себебі, ол жаққа тек екі жерге салып едік. Біреуі мектептің қасынан,  екіншісі 1772 участке жақтан. Енді келесілерін ауылдың орталарынан, шұбатхананың маңайларынан, ой жақтардан саламыз.

─ Орта, шағын бизнес қалай дамып жатыр ауылда?

─ Бізге келген тұрғындардың жеңілдікпен несие алуына көмектесіп жатырмыз. Шаруашылықпен айналысамын деушілерге мал ұстауға болады деп анықтамасын беріп жатырмыз. Жұмыссыздықпен келгендерді де қайтарып жатқан жоқпыз. Мәселен, жоғарыда айтқан  мектептің жөндеу жұмыстарына 9 адам, тротуар салуға 4 адам, орындық орнатуға 2 адам, жол жөндеуге 15 адам қабылданды.

─ Ауылды абаттандыру, гүлдендіру шаралары жүрді ме?

─ Абаттандыруда бізде биылғы жеңімпаз кәсіпкер Ғ.Перниязов 2 млн.900 мың теңге ұтып алды. Тал егуге кешеңдеу қалдық, сонда да ештен кеш жақсы деп, қараша айында Қызылтөбе-2 ауылының орталық жолының бойына, мешіттің айналасына 400 тал егемізбе деп жоспарлап отырмыз.

 ─ 13-тік автобус «Рахат» сауда орталығынан айналып, бұрылып кетеді. Соны «Ырыс» дүкенінің алдынан жүргізуге болмай ма?

─ Жоқ, оны олай жүргізуге болмайды. Себебі, әр автобус өзіне бекітілген жол бойынша жүреді. Негізінде, мына 103-ші автобусымыз бар ғой, сол Қызылтөбедегі «Рахаттан» бұрылып, кері кетуі керек. Біз оны өзіміз сұрап, халыққа ыңғайлы болсын, үйлеріне жақын болсын деп  «Бек» дүкеніне дейін жүргізіп қойдық. Сосын Маңғышлақ пен Батырдың арасында қатынайтын автобус жүргізуді де ойлағанбыз. Бірақ, қазір ондай ұсыныстарды қолдайтын кәсіпкерлер жоқтың қасы. Бір-екі рет қатынап көріп еді, тиімсіз болғандықтан тоқтатты.

─ Әңгімеңіз үшін рахмет.

                                                                                                                                                                                                                                                                                             Әсел ТАҢАТАРОВА   

КӨШЕ ШАМДАРЫ неге ЖАНБАЙДЫ? 

%d0%bd%d2%b1%d1%80%d0%bb%d0%b0%d1%88-%d0%b1%d0%b5%d0%ba%d0%bd%d0%b0%d0%b7%d0%b0%d1%80%d0%be%d0%b2%d0%b0

71 жастамын, атаң 76 жаста. Құдай берген 10 балам, 17 немерем, 6 шөберем бар.1981 жылдан бері осы ауылда тұрып жатырмыз. Ол уақта балалар құрттай. Шал екеуміз мұнай мекемесінде жұмыс жасадық. Қазір зейнеттеміз.  Айтайын дегенім, жан-жағымыздағы ауылдардың бәрінде ауыз су құбыры тартылған, кейбіріне тартылып жатыр, көшелері жап-жарық. Ал, бізде ең болмаса көше шамдарымыз жоқ.

Қазіргі «Айдана» деген дүкен біздің баяғы Кеңес Одағы кезіндегі  аялдамамыз еді. Оны Бақыт деген біреу сатып алып,  орнына дүкен салып тастады. Енді «Рахат» орталығынан автобустан түскен кемпір-шалдар бері қарай үйлеріне дейін салпақтап,  жаяу жүреді. Ең болмаса «Ырыс» дүкенінің алдынан жіберсе ғой автобусты, сонда үйімізге жақындау болар еді. Бізден кейінгі пайда болған ауылдардың бәрінде көше жарығы бар. Суға тұрба жүргізіп жатыр. Жарықтың жоқтығынан тастай қараңғы түнде қиын.  Арлы-берлі маскүнемдер жүреді. Балаларды ұрып кетеме деп қорқамыз.

Астанадағы Елбасымыз айтып жатыр ғой, ауылды гүлдендіріңдер деп. Күнде көз алдымызда тапсырма беріп жатыр теледидардан. Ертеде бір құрды жарықты. Бір айдай жандыма, жанбады ма… Оны ауылдың тентек балалары рагаткімен атып  шағып тастады. Содан тып-типыл жанбастан қалды. Орнында қалған құрылғылары бар еді. Оны  кім алып кеткенінен хабарымыз жоқ. Қазір әлгіндей тентектіктер тыйылған сияқты. Қолында билігі бар азаматтар ауылымыздың осындай келтелеу тұстарына назар салып,  көшелерді жарықтандырса нұр үстіне нұр болар еді.

                                                                                                                                                                                                                                                                                    Нұрлаш БЕКНАЗАРОВА
Батыр ана

САБАҚТЫ ИНЕ СӘТІМЕН…

Талай тарихтың ауыр кезеңдерін басынан өткерген қайсар да қайтпас  қазақ халқы  кешегі ғасыр басында трагедияға толы түрлі оқиғаларды басынан кешіріп, үлкенді-кішілі революциялар, отарлық қанау, репрессия, ұжымдастыру, тәркілеу, аштық сындарынан өтті.

%d0%b1%d1%96%d1%82%d0%b5%d0%b3%d0%b5%d0%bd-%d0%b0%d0%b1%d0%b4%d1%83%d0%bb%d0%bb%d0%b0%d0%b5%d0%b2

Мен сонау елді ашаршылық жайлаған 1932 жылы дүниеге келіппін. Аты айтып тұрғандай, өмір тарихым аса мәз емес. Әке-шешеден жастай жетім қалып, күнкөрістің қамы үшін әркімнің малын бағып, қара жұмыстың соңына жегілдім. Білім қуып, іздене алмадым. Түрікменстаннан  63 жасымда елге оралдым. Шүкір, қазіргі жағдайым жаман емес. Шақырылған отырыс-жиындардан қалмаймын. Білетінім, әкімдердің жұмысы қауырт, оларды жөнсіз кінәлап, орынсыз жерге пышақ салар ойым жоқ. Тыныштықта, бейбіт заманда күн кешіп жүргеніміздің өзі неге тұрады?!

Қызылтөбе селосы байырғы жылдардан әлдеқайда жасарып, гүлденіп келеді. Дей тұрғанмен, таяқтың екі ұшы болады емес пе? «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» дегендей, ауыл тұрғындарының жауыр еткен мәселесі ауылдың 13 көшесінде шам жарығының жоқтығы. Бұл мәселе әлі сын үстінде тұр.

Иманды болсын, Мәужімбай дейтін ауылымыздың белсенді ақсақалы болып еді. Көзге түртсе көргісіз, қордаланып қалған мәселелердің бәрін жіпке тізіп, әкімдердің есептік жиындарында не басқалай басқосулар ортасында халықтың көкейінде жүрген жайттарды дөп басып баяндап жүретін. Жоғары жақтарға хат жазып та шаршады. «Турасын айтсаң, туғаныңа да жақпайсың»,- дейді ғой. Ал, жолдарымыз біртіндеп жөнделіп келеді,  бір шеттен асфальтталып шықты. Бұрынғыдай, ойқыш-ойқыш жолдар азайып, ауыл ажары түзеле бастағандай.  Мәселен, өзім Қазақстанға 1993 жылдары келгенімде газ жоқ еді. Құстың ұясындай баспанамыздың өзі қыс айларында қақап кететін. «Қыстың қамын жаз сайлап», салқын маусымда да тіршілігіміз тоқтамады. Бүгінгі күнімізге тәубе. Жылы жерде немере, шөберелерім құлдыраңдап жүгіріп жүр. Іні буын өкілдері құрақ ұшып, құрметтейді. Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай, зейнетақымызға қосымша ақы қосылып қуанып қалдық. Енді атқарылып жатқан шаруаларды өздеріңіз де көріп жүрсіздер, атқарылуы тиіс жұмыстар да жоқ емес. «Сабақты ине сәтімен» демекші, бәрі де уақыт-сәтімен бола берер. Біз тек тілекшіміз.

                                                                                                                                                                                                                                                                                          Бітеген Абдуллаев
Ауылдың құрметті ақсақалы