Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай аудан жастары арасында сурет салудан байқау өтті. Байқауды «Түпқараған аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту» бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы негізінде  «Дарын» қосымша білім беру орталығының қолдауымен «Түпқараған жастары» жастар қоғамдық бірлестігі өткізді.   

— Аудан жастарының шығармашылығын қолдау мен насихаттау, өскелең ұрпақ арасындағы азаматтық және отансүйгіштік тәрбиені қалыптастыруды мақсат етіп отырмыз. Байқауға 14 жастан 29 жасқа дейінгі 17 үміткер қатысты. Байқау үміткерлері арасында  Таушық, Ақшұқыр ауылдарынан  тұратын суретші жастар да бар. Үміткерлердің өнерін бағалау үшін  белгілі сала мамандарынан құралған қазылар алқасы құралды. Қазылар алқасының шешіміне сәйкес Әсел Дағдырова бас жүлде, Замира Акбаева мен Арайлым Қуанышқалиқызы І орын, Динара Жақсылықова, Оразгүл Абділлаева, Наурызбек Дүйсенов ІІ орын, Гаухар Түйебаева, Марина Сенғалиева, Мирас Балтабеков, Ерасыл Серікбаев ІІІ орынды иеленсе, қалған қатысушылар Алғыс хат және ақшалай сыйлыққа ие болды, -дейді ұйымдастырушы «Түпқараған жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Наурызбек Мағдатов.

Байқауға қатысқан үміткерлер дәл осындай байқаулар тұрақты түрде өткізілсе деген  өз  ұсыныстарын жеткізді.

Айта кетуіміз керек, осы уақытқа дейін ауданда суретшілердің шығармашлық әлеуетін көтеру бағытында көптеген шараларды ұйымдастырып жүрген бірлестік аудандағы талай жас суретшілердің облыс көлеміндегі шараларда танылуына ықпал етіп келеді.Сонымен қатар, ауданға облыстағы тәжірибелі суретшілерді шақыртып, пленэр ұйымдастырып келеді.

Милана ЕЛЕУСІНОВА
Суреттер ұйымдастырушылардан алынды

dsc_0341

dsc_0285

dsc_0212