Облыстық кәсіподақтар орталығында елордадан келген мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағының төрайымы Светлана Иманқұлованың қатысуымен жиын өтті. Басқосуға облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Қайрат Жанабеков, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Бекбол Базарбаев және аймақтағы мәдениет ошақтарының басшылары қатысты.

Жиынның ашылуында сөз алған мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағының төрайымы Светлана Иманқұлова кәсіподақ ұйымының атқарған жұмыстарына тоқталып, өткен жылы Астанада мәдениет, спорт және ақпарат салалық кәсіподағының VI съезі өткенін, күн тәртібінде 2010-2015 жылдарды жүргізілген жұмыстың қорытындысы тыңдалып, алдағы бес жылға жоспарлар жасақталғанын айтты. Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағы еліміздің Астана мен Алматы қалаларында және 13 облысында құрылғанын, бұл жұмыстардан Маңғыстау облысы кенше қалып отырғанын, бүгінгі жиынның да мақсаты өңірде мәдениет және спорт саласы қызметкерлерінің кәсіподағын құру екендігін жеткізді.

03

— Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай: «Қазақстандық кәсіподақтар-тұрақтылықтың негізі, әлеуметтік-еңбек қатынастардың түп тамыры». Кәсіподақ-жұмыс беруші мен жұмыскер арасында дәнекерлік қызметті атқарып, түрлі сала еңбеккерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауда әділеттілікке арқа сүйеген ұйым. Біздің басты міндетіміз-сала қызметкерлерінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету, әлеуметтік әріптестікті дамыту, қатарымызды ұйымдық тұрғыдан нығайту, жастар саясатын дамытуға қолдау білдіру. Осы міндеттерді орындау үшін кәсіподақ тарапынан жасалынатын амал-әрекеттер қарастырылып, іс-шаралар жасақталған. Біз Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағы болғандықтан, шетелдік салалық кәсіподақтармен де тығыз қарым-қатынаста болуымыз маңызды. Себебі, әрбір мемлекеттің визиттік картасы-спорт пен мәдениет. Бүгінгі күні Қазақстан кәсіподақтары Мәскеудегі Халықаралық кәсіподақтар ұйымы, Италиядағы Орындаушы актерлер федерациясымен қызметтік байланыстар орнатқан. Салалық кәсіподақ ретінде халықаралық аренаға шығуға талпынып жатқан жайымыз бар. Бүгінгі таңда біздің салалық кәсіподақ Қытай Халық Республикасы мен Түркия Республикасының сәйкес кәсіподақтарымен келісімшартқа қол қойды, енді соның негізінде өзара қарым-қатынасты дамытуды көздеп отырмыз. Шетелдерде өтетін түрлі басқосуларға үнемі қатысып отырамыз. Бұл қатынастар да сала қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауға, білімдерін жетілдіруде, тәжірибе алмасуға көп септігін тигізеді. Жалпы бүгінгі таңда мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіптік одағының құрамында 13 облыстық, Алматы мен Астанада қалалық филиалдары жұмыс істейді. 50 мыңнан астам адам кәсіподағымыздың мүшесі. Олардың қатарын бүгінгі жиыннан кейін киелі түбек Маңғыстау облысының мәдениет және спорт саласының қызметкерлері толықтырады деп сенемін,-деген Светлана Иманқұлова кәсіподақ ұйымдарының жұмысында ұжымдық шарт жасау алғашқы кезекке қойылатын мәселелердің бірі екенін атап өтті. Ұжымдық шартта еңбек пен демалу қауіпсіздігі, лайықты еңбек ақы төлеу, түрлі әлеуметтік жеңілдіктер көрініс тапқан.

04

Жиын соңында облыста Маңғыстау облысының мәдениет және спорт саласы қызметкерлерінің кәсіподағын құру жөніндегі ұсынысты қатысушылар бірауыздан мақұлдады. Төрағасы болып облыстық Н. Жантөрин атындағы драма театрының директоры Нұрнияз Мұқанов сайланды.

Венера МИРЛАН