«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы еліміздің барлық аймағында кәсіпкерлікті дамыту және жақсарту, соның ішінде Елбасы тапсырмасымен шағын қалаларда және ауылдық жерлерде бизнес ортаны қалыптасытыру мақсатында жаңа жобаны іске қосты. Маңғыстау облысы және қала әкімдігінің қолдауымен алдымен біздің қаламыздан бастау алған жоба «Жаңаөзенге – жаңа серпін» бағдарламасымен 17 қазаннан жұмысын бастады.

%d0%b8%d0%b7%d0%be%d0%b1%d1%80%d0%b0%d0%b6%d0%b5%d0%bd%d0%b8%d0%b5-012

Бағдарламаны тек қана таныстыру немесе түсіндіріп кету аз болады. Қазір еліміздегі азаматтардың көзі ашық, қалай жұмыс жасау керектігін халқымыз біледі. Енді соның тетігін көрсетіп жіберу керек. Бағдарламаның түрлері көп, алайда іс жүзінде салық мәселесі бар, қағаз мәселесі бар, қай жерге өткізу, қандай несие алу керек деген көптеген мәселелер жолығады. Жоба «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевтың тікелей бастамасымен қолға алынды және арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның аясында алдағы уақытта кәсіпкерлерге толыққанды қызмет көрсетуді мойнымызға алып отырмыз. Қазіргі таңда, қаладағы «Жанарыс» ЖШС-ы ғимаратынан және «Бизнес-инкубатор» бизнес орталығынан жұмыс кабинеттері ашылды. Кәсіпкерлік аясында барлық қызметтер көрсетіледі», – деді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов.

142 мың тұрғыны бар Жаңаөзен қаласының халқын кәсіпкерлікке тартуда Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау және Оңтүстік Қазақстан облыстарында орналасқан өңірлік кәсіпкерлер палаталарының сарапшылары, «Маңғыстау» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы басшылығы, сондай-ақ, «Атамекен» ҰКП орталық аппаратынан салалық департаменттер өкілдерінен тұратын арнайы топ құрылған. 15-ке жуық тәжірибелі мамандардан тұратын мобильді топ кәсіп ашамын деушілерге кәсіпкерлікті ашу және тиімді жүргізу, қаржылық сауаттылық, тендерлерге қатысу, бизнесті жүргізудегі инфақұрылымның қолжетімділігі, заң, салық мәселелеріне қатысты күнделікті жан-жақты кеңес, сүйемелдеу және ақпараттық-әдістемелік көмек көрсетпек. Сондай-ақ, кәсіпкерлердің сот істерін қарау, оның ішінде құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша кешенді жұмыс атқаруды межелеп отыр. Жоба аясында жұмыспен қамту жөнінде кәсіптік-техникалық оқыту, қайта даярлау мәселелері қарастырылған. Жаңаөзен қаласы кәсіпкерлерінің мүдделерін қорғау, шағын және орта бизнеске қатысты заңнамалық және нормативтік қағидаларды қалыптастыру, іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсарту жұмыстары да жасалады.

%d0%b8%d0%b7%d0%be%d0%b1%d1%80%d0%b0%d0%b6%d0%b5%d0%bd%d0%b8%d0%b5-045
Өңірде тіркеуде тұрған 6510 кәсіпкер бар. Олардың кәсібін дамыту туралы ой-жоспарларымен күнделікті жұмыс жүргізілмек. Бұл ретте, әкімшілік кедергілер, салық жүктемесі, жер тапшылығы, тағы басқа түйткілдер жоқ емес. Барған топтың негізгі міндеті – осы кәсіпкерлермен кездесу арқылы Жаңаөзен кәсіпкерлерінің мәселелері картасын жасақтап, атқарушы органдармен бірлескен райда тез арада шешімін табу болып табылады, — дейді, А.Мырзахметов.

«Жаңаөзенге – жаңа серпін» бағдарламасы аясында бизнес-ортаны жақсарту және дамыту жұмыстары «Bastau Бизнес» және «Bastau Кәсіп» жобалары арқылы жүзеге асырылмақ. «Bastau Бизнес» бойынша өзін-өзі қамтыған және ісін жаңа бастаған жұмыссыз тұлғаларға кәсіпкерлік белсенділігін арттыру жұмыстары жасалса, ал «Bastau Кәсіп» жобасы аясында жұмыссыздар оқытылатын болады. Бұл жоба тікелей жастарға басымдық беріп, өзі ісімен айналысу септігін тигізбек.

— «Бүгіннен бастап «Жаңаөзенге – жаңа серпін» жобасын жүзеге асыру, кәсіпкерлерге кеңес беру орталығын құру бойынша жұмыстардың нәтижелі болатынына сенеміз. Бұл қадамдарға біздің тарапымыздан барлық қолдаулар көрсетілетін болады. «Атамекен» мамандарымен жергілікті мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері және тиісті құзыретті органдардың басшылары бірігіп жұмыс істейді», – деді Жаңаөзен қаласының әкімі Елубай Әбілов.

Жоба аясында бизнесін енді бастаған және жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерге барлық шаралар бойынша қаржылық және қаржылық емес қолдау көрсету үшін арнайы консультациялық орталық ұйымдастырылады. Жұмыс тобы кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидаты бойынша сервистік фронт-офис ұйымдастыру арқылы, барлық мемлекеттік органдардың және даму институттарының қызметтерін (жер комитеті, сәулет және қала құрылысы бөлімі, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Даму» қоры, «Қазагро», «Kaznex Invest» және т. б.) қолжетімді етеді. Сондай-ақ, мемлекеттік қолдау шаралары бойынша тұрғындарға көшпелі таныстырылымдар легі өткізіліп, оның ішінде ҚР ҰКП Агробіліктілік орталығының бағдарламасы бойынша агроөнеркәсіп кешеніндегі бірқатар мағлұматтар берілмек.

Жаңаөзен қаласында ауыл шаруашылығын дамытуға су тапшылығы кедергі келтіреді. Сол себепті, құрғақшылықта ауыл шаруашылығын дамыта алған Израиль елінен осы саланың мамандарын шақырып, шешімін табуда жұмыстанатын боламыз, — дейді, АМырзахметов.
Жалпы, «Жаңаөзенге – жаңа серпін» бағдарламасы аясында шамамен 30-дан аса іс-шара өткізу жоспарланған. Жоғарыда айтып өткен қызмет түрлерін кәсіпкерлік бастамасы бар тұлғалармен қатар, Жаңаөзен қаласының барлық тұрғындары ала алады. Қызмет көрсету мекенжайы — Жаңаөзен қаласы, Сәтпаев көшесі, № 1 ғимараты, уақыты — жұмыс күндері сағат 09.00-ден 18.30-ға дейін. Толық ақпаратты немесе мазалаған сұрақтарға жауапты мына телефондар арқылы білуге болады: 8 (7292) 30-40-40, 8 777 751 68 88, 8 775 469 99 77.

Жазира Ақбергенова