Талғар қаласында дзюдодан 2001-2002 жылы туған жасөспірімдер арасында еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Г. Юрченконы еске алуға арналған республикалық турнир мәресіне жетті. Аталмыш жарыстан маңғыстаулық балуан, облыстық «Жастар» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті Нұрбек Қуанышұлы қола медальді иеленіп, түбекке олжалы оралды. Додаға еліміздің Алматы, Астана қалаларынан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан 250 балуан қатысты.

-66 келі салмақта боз кілемге шыққан шәкіртім Нұрбек астаналық, алматылық, шығыс қазақстандық қарсыластарын айқын басымдылықпен жеңіп, келесі айналымға жолдама алды. Үшінші орынға белдесуде алматылық балуанды 3 секундта ұтып, қола медальға қол жеткізді. Ақтық сайысқа жолдама аларда оңтүстік қазақстандық балуанға есесін жіберді,-дейді облыстық «Жастар» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бапкері Жомарт Қобланов.

15 жасар Нұрбек Қуанышұлы үшін биылғы жыл жеңісті сәттермен басталды. Жүректі балуан жыл басында Талдықорған қаласында дзюдодан өткен республикалық жарыста күміс медальді, сәуір айында Талдықорған қаласында самбодан өткен республикалық жарыста алтын медальді, шілде айында Якутияда өткен алтыншы халықаралық Азия балалар ойындарынан қола медальді қанжығасына байлады. Сонымен қатар, өткен жылы Бакуде өткен халықаралық жарыста топ жарып, қола медальдің иесі және 2015 жылы жасөспірімдер арасында ҚР чемпионатының күміс жүлдегері атанған. Қазіргі таңда Нұрбек-Алматы қаласындағы республикалық мектеп және колледж оқушыларына арналған спорт интернатында білімін жалғастыруда.

Венера МИРЛАН

03