Ақ пен қара арпалысып, жақсылық пен жамандық жағаласып, қайғы мен қуаныш қабаттасып, шындық пен өтірік қатар өрілген өлшеулі өмір жолдарында талай жандарға кезіктім, таныс болдым. Бақытым шығар, көбіне жақсы адамдарға жолығамын.

2000 жылдары Алматы қаласындағы «Алматы-оңтүстік астана» телеарнасында тілші болдым. Кәсіби мамандығым бойынша еңбек жолым осында басталғандықтан, журналистік қызмет бірден оңай бола қойған жоқ. Мұнда да елімізге танымал турашыл журналист Серік Сарыбаев атты жақсы басшы, жақсы әріптестерге тап болдым. «Жаңалықтар» бөлімінің редакторы, әнші Алтын Маханбетова атты жақсы қызбен дос болдым.

2003 жылы арман қаладан ақмаңдай Ақтауға оралдым. Туған жерімде Алтын досымның апасы Жақсыгүл Маханбетовамен таныстым. Сөйтіп, тауқыметі таусылмайтын тірлігімде тағы бір жақсы жан пайда болды.

Мен білетін Жақсыгүл аса еңбекқор, адал да қарапайым жан. Қашан көрсең де, еңбектің қызу майданында жүреді. Жайбарақат кезін көру қиын. Біреуге өкпелеп, қамығып немесе ашуланып, қабағын түйіп отырғанын көрген емеспін. Үнемі байсалды қалпынан таймай, сергек жүреді. Өз мамандығының білгірі, көпшіл де ашық мінезді қызылордалық қыздың Маңғыстаудағы өмірі 1998 жылы басталады.

1966 жылы 17 қарашада Қызылорда облысында туған Маханбетова Жақсыгүл Шахзадақызы 1989 жылы Қарағанды қаласындағы Орталық одақтық кооперативтік институтын тауартанушы және сауда ісін ұйымдастырушы мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолы ауылдық тұтынушылар қоғамында бастаған жас маман 1991-92 жылдары Қазақ Республикасы Ғылым академиясының география институтында есепші, 1992-98 жылдары Алматыдағы №18 кәсіптік-техникалық училищесінде өндірістік оқыту шебері, директордың оқу өндірісі ісі бойынша орынбасары қызметтерін атқарады.

1997 жылы экономикалық білім беру бойынша халықаралық семинар-тренингке қатыстым. Ол кезде қазақ тілді тренерлер жоқтың қасы. Ал, Білім және ғылым министрлігінің орта мектептерге экономика пәнін енгізу тапсырмасы шыққан болатын. Маңғыстау облысы бұған мүлдем дайын болған жоқ. Мұғалімдер саны жеткіліксіз, оқу құралдары болмады. Осыған байланысты, «Жастар жетістіктері» қоғамдық қорының Маңғыстау аймақтық орталығының басшысы болып, мен 2000 жылы Ақтауға қоныс аудардым. Әр тасы мен топырағы киелі, жері мен белі әулиелі Маңғыстаудағы менің өмірім сол кезде басталды,-дейді «Жастар жетістіктері» қоғамдық қорының директоры Ж.Маханбетова.
1998-2003 жылдары аралығында Алматы, Атырау, Оңтүстік Қазақстан, Талдықорған, Қызылорда облыстарында «Қолданбалы экономика» және «Экономика негіздері» бағдарламалары бойынша семинар-тренингтерде 1 мыңнан астам мектеп мұғалімдерінің білімін жетілдіруге атсалысқан Жақсыгүл аймағымыздың білім беру саласына да өз үлесін қоса бастайды.

2000-2005 жылдары экономикалық білімді насихаттау мақсатында «Жас кәсіпкер» бағдарламасының аясында жазғы лагерьлер, жасөспірімдердің кәсіпкерлік жәрмеңкелері, экономика мен менеджментті модельдеу ойындары, экономикалық олимпиадалар ұйымдастырылды. 2001 жылы кәсіптік бағдар беруге бағытталған «Болашаққа бағдар» жобасы жүзеге асырылып, оған облыс мектептерінен 500-ден астам оқушы қатысты. Бұл қиын кездер еді. Қоғамдық қордың аймақтық бөлімшесінде қаржылай қолдау болмай, кеңсе жалдауға қаражат болмады. 1 жылдай пәтерімді кеңсеге айналдырғаным бар. Бірақ, алға қойған мақсаттан еш айнымадым,-дейді Ж.Шахзадақызы.
Маңғыстауда үкіметтік емес ұйымдарды қызметін алға қойып, азаматтық қоғамды дамыту мәселесі тұрды. Бизнес пен биліктің ынтымақтастығын нығайту, әріптестік серіктестігін қалыптастыру мақсатында қыруар шаруа кезегін күтті. 2005 жылы Маңғыстау облыстық Азаматтық Альянсы заңды тұлғалар бірлестігінің президенті болып сайланған Жақсыгүл Маханбетова жергілікті билікпен ынтымақтастықта азаматтық қоғамды қалыптастыру жолында талмай тер төкті. Облыс, қала әкімдіктерінің жанындағы кеңестерде және комиссия жұмыстарына белсене араласып, облыс көлемінде үкіметтік емес ұйымдардың ашылуына қолдау көрсетеді. 2009 жылы Маңғыстау облысының әкімдігі мен азаматтық қоғам ұйымдары арасындағы әлеуметтік әріптестікті нығайту мен саяси-әлеуметтік тұрақтылықты сақтаудағы ынтымақтастығы туралы меморандум қабылданып, «ҚР-да 2006-2011 жылдары Азаматтық қоғамды дамыту» тұжырымдамасының өңірімізде жүзеге асыру бағытында жұмыстар жанданады. Жақсыгүлдің басшылығымен жүзеге асырылған жақсы істердің бірі — «Арай» әлеуметтік бағдарламасы болды. Ауыл тұрғындарының шағын кәсібін дамытуға бағытталған жоба аясында 2007 жылдан бері 273 маңғыстаулық қомақты қаржылай грантқа ие болған. Бұл істердің бәріне Жақсыгүл Шахзадақызы үлкен жауапкершілікпен, асқан сүйіспеншілікпен кіріседі. «Жақсы іске келгенде шаршамаймын, қайта қанаттанып кетем» дейді ол. Ал, күш-қуат пен зор еңбек – отбасындағы тәрбиеден.

Марқұм әжем Жәмила «Жар басындағы жантақты, жанын жеген нар жейді» деп отыратын. Ата-анам кішкене кезімізден отбасындағы 4 қыз бен 2 ұлға білім алу мен еңбек етудің қажеттілігін айтудан жалықпайтын. Содан болар, еңбексіз күн көру мүмкін емес көрінетін. Табыс пен жетістікке жетудің жолы тек еңбекте деп ұғынып өстім. Қанша қиындыққа кезіксем де, мүжіліп отырмаймын. Жан-жағымдағы жақсы адамдардан күш-қуат алып, кедергілердің бәрін жеңіп шығуға тырысамын,-дейді ол.
Еңбегі еленген Жақсыгүл Маханбетова «Жыл адамы», «Таным» және «Әйел басқаратын ең үздік үкіметтік емес ұйым» аталымдарының, «Үздік басшы» сертификатының иегері атанып, ҚР Президенті Н.Назарбаевтың және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның Алғыс хатымен марапатталған.

2015 жылы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев үкіметтік емес ұйымдардың қызметін жетілдіруге бағытталған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне үкіметтік емес ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған болатын. Құжат әлеуметтік бастамаларды іске асыруды жетілдіру, азаматтық қоғам институттарын дамыту және қоғамдық бірлестіктерді мемлекеттік қолдау мақсатында әзірленген. Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру мақсатында 100 нақты қадам – Ұлт жоспарын орындау үшін қабылданған жаңа заң қоғамдық бастамаларды іске асырудың құқықтық тетіктерін заңнамалық тұрғыдан бекітіп бермек.

Біздің өңірімізде бүгінде 100-ден астам қоғамдық қорлар мен бірлестіктер бар. Жаңа заң маңғыстаулық үкіметтік емес ұйымдардың жауапкершілігін арттырып, беделін асыруға мүмкіндік береді. Құрылғанына 16 жыл болған «Жастар жетістіктері» қоғамдық қоры да өз қызметін белсенді атқаруда. Жақсыгүл басқаратын қор биыл облыстық ішкі саясат басқармасының «Мемлекет басшысының Жолдауын халық арасында түсіндіру және оның облыста іске асу барысы туралы іс-шаралар кешенін ұйымдастыру», облыстық білім басқармасының «Білім беру қызметінің сапасы – өркениетті келешектің кепілі» және ҚР білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында айқындалған білім беруді басқарудың мемлекеттік-қоғамдық жүйесін қалыптастыруды жүзеге асыру мақсатында «Мектепте өзін-өзі қоғамдық басқару» жобаларын қолға алған.

«Білім беру қызметінің сапасы – өркениетті келешектің кепілі» жобасының аясында облыстағы 134 орта мектептің қамтылуымен сапа менеджмент жүйесінің критерилеріне сәйкестігін анықтау үшін мониторинг жүргізіліп, қорытындыда төмен деңгейден көрінген мектептерге бағалау жасалынады. 50 мектептің басшылары мен 400-ге жуық білім беру мекемелерінің қызметкерлері сапа менеджменті жүйесі бойынша семинар-тренингтерде білімдерін жетілдіретін болады,-дейді «Жастар жетістіктері» қоғамдық қорының директоры Ж.Маханбетова.
Жақсыгүл Шахзадақызының айтуынша, облыс мектептерінде 60-тан астам қамқоршылық кеңестері қызмет етеді. Көбісі қоғамдық қор ретінде тіркелген. Алайда, жүйелі әдістемелік көмектің жеткіліксіздігінен бұл кеңестер өз деңгейінде жұмыс жасай алмай отыр. «Жастар жетістіктері» қамқоршылық кеңестерінің жұмысын жаңарту бағытында бірқатар шараларды жүзеге асыратын болады. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына Жақсыгүл Маханбетова Елбасы бекіткен «Азаматтық қоғамды дамыту» тұжырымдамасын насихаттау және орындау, қоғамдық ұйымдардың қатарын көбейту және оларды қолдау арқылы өз үлесін қосты. Қазақ тілінде мектептер мен балабақшалар санының артуы, ұлттық құндылықтардың ардақтала бастауы – ел мерейі, Тәуелсіздіктің арқасы. Ал, жас ұрпақтың адаспауы үшін оған дұрыс жол көрсету керек.

Сұхбат соңында мен Жақсыгүлден бақыт туралы сұрадым. Бес әріптің астында не сыр бар? Пенде біткен неге соған зар? Бір бақытты қайдан табамыз? Ол бақыт қайткенде мәңгілік болады? «Бақыт- байлық та, мансап та, махаббат та емес. Ол қатты қуанған сәттегі шаттану сезімі. Әрбір жетістікке жеткен кездегі сезім – ол бақыт. Тек қолдан келсе, сол сезімді жүректе ұзақ ұстап тұру керек. Мен бақыттымын! Менің отбасым, қызым, достарым, сүйікті ісім, мәртебелі мамандығым бар. Айналамдағы адамдардың маған ілтипат көрсетіп, сыйлайтындығы үшін де бақыттымын!» деді ол. О баста ата-анасы атын жақсы адам болсын деген ырыммен қойған Жақсыгүлдің күлімдеген жүзіне қарап «Жақсы істерің таусылмасын!» дедім.

Мен білетін Жақсыгүл Маханбетова осындай жақсы жан.

Анар ШАМШАДИНОВА