Әр жұманың кешінде ауданға қарасты ауылдар Форт-Шевченко қаласының Орталық алаңында «Ауылым — алтын бесігім» бағдарламасы аясында концерттік бағдарлама ұсынып, тұрғындардың жазғы демалысына көтеріңкі көңіл-күй сыйлауда.

Онда орталық алаң сахнасында әр ауыл өз өнерпаздарының концерттік бағдарламаларын ұсынып, жергілікті кәсіпкерлердің жәрмеңкелері мен әртүрлі ойын-сауықтық бағдарламалар ұйымдастырылуда. Алдымен Форт-Шевченко қаласының өнерпаздары бастап ұсынған концерттік бағдарлама келесі жұмадағы қызылөзендік өнерпаздардың концертімен жалғасты. Бұл жолы қызылөзендік өнерпаздар өз концерттік бағдарламаларын Медицина қызметкерлері күнімен тұспа-тұс келгеніне орай ауданымыздың абзал жандарына арнады. Бүгінде

Түпқараған ауданы көлемінде 1 мемлекеттік аурухана, 2 жекеменшік аурухана, 1 емхана, 4 дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық пункт және 8-ге жуық жекеменшік дәріхана аудан тұрғындарының денсаулығын қамтамасыз етуге жұмыс жасап келеді. Аудан халқына денсаулық сақтау саласында қызмет көрсетіп отырған 45 дәрігер жұмыс жасайды. Атаулы күнмен құттықтау үшін концерттің шымылдығын қала әкімі Өсер Тілеп ашып, барша медицина саласының қызметкерлерін аудан әкімі құттықтады.

— Дәрігерлердің кәсіби мейрамы жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде аталып өтіледі. Бұл мереке барлық ғұмырын алғысқа лайықты істерге – өзге адамдардың денсаулығы мен өмірлеріне қамқор болуға арнаған жандардың еңбектері еленетін күн, — деді әкім.

Жаздың көңілді кешінде қала тұрғындарына көпшілік-мерекелік шаралардың өтуі жақсы бастама екенін жеткізген көпшілікке «Бизнес 3 күнде» жобасы аясында өз кәсібін бастаған «Гүлбақыт тәттілері», «Муслима» брэндттерінің өнімдері ұсынылып, саудасы жүрді. Келесі жұмадағы кешкілік концертте Ақшұқыр ауылы өнерпаздары өнер көрсететін болады.

Өз тілшімізден