zelenski Зеленский
Сурет ukrinform.ru сайтынан

Украина президенті Владимир Зеленский Жоғарғы Раданың салтанатты отырысында ант берді. Ол Украина конституциясы мен Інжілге қолын қойып, ант мәтінін оқыды, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Укринформға сілтеме жасап.

Бұдан соң Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Татьяна Слипачук Украина президентінің куәлігін, Конституциялық сот төрайымы Наталия Шаптала Президент белгісін, шоқпар (булава) мен елтаңба мөрін Владимир Зеленскийге тапсырды.

«Біз футболда исландиялықтар сияқты, Отанды қорғауда израильдіктер сияқты, технологияда жапон секілді болып, швейцариялықтар сияқты сан түрлі өзгешелігімізге қарамастан бір мемлекетте бірге бақытты тұруымыз керек», — деді Украинаның жаңа президенті.

Сондай-ақ Украина президенті сегізінші шақырылымдағы Жоғарғы Раданы тарататынын жария етті. Владимир Зеленский депутаттың дербес құқықтылығының күшін жою туралы заң қабылдауды сұрады.

«Кабинеттеріңізде менің суретімнің ілулі тұрғанын қаламаймын, менің портретімді ілмеуіңізді сұраймын. Президент — икона емес. Одан да балаларыңыздың суретін іліп, әрбір шешімді қабылдарда солардың көзіне қараңыз», — деді В.Зеленский өз сөзінде.

Владимир Зеленский өз сөзінде «ең бірінші міндет — Донбастағы соғысты тоқтату» екенін атап өтті.

Қазақпараттың хабарлауынша, Украина президенті Владимир Зеленскийді ұлықтау рәсіміне Қазақстан Республикасының жоғары деңгейдегі делегациясы қатысты. Қазақстан делегациясын ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров басқарды.