bekire бекіре
Сурет ysia.ru сайтынан

«Бекіре» жедел-алдын алу іс-шарасы кезінде 2300 келі бекіре тұқымдас балық тәркіленді. Шара Маңғыстау облысының аумағында 1 сәуір-31 мамыр аралығында өтіп жатыр, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Полиция департаменті ЖПҚ Табиғатты қорғау полициясы бір айдың ішінде 2300 келі бекіре тұқымдас балық тәркілеген. ҚР Қылмыстық кодекстің 339-бабына сәйкес, 21 дерек тіркелген.

«Сондай-ақ табиғатты қорғау заңнамасын бұзушылардан жүзу құралдары мен аспалы мотор тәркіленді. ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабы бойынша, яғни балық аулау ережелерін бұзу, 87 құқық бұзушылық анықталған», — деп мәлімдеді Маңғыстау облысы полиция департаментіндегілер.

Айта кетелік, Қазақстанда өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен айналысуға заңмен тыйым салынған.