Дүйсенбі күні өткен баспасөз мәслихатында Маңғыстау облыстық соты ағымдағы жылдың жартыжылдығында атқарылған жұмыстарды қорытындылады.

– Облыстық сотқа есепті мерзім ішінде 885 тұлғаға қатысты 774 іс түсіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 195 іске артты. Алты айдың ішінде 684 тұлғаға қатысты 593 іске үкім шығарылды. Оның ішінде 148 тұлғаға, яғни 22 пайызына бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Аса ауыр санаттағы қылмыстар бойынша 31 қылмыскерге қатаң жаза қолданылды. Биыл сотталғандардың ішінде алаяқтық, ұрлықпен айналысқан 76 әйел адам бар. Сыбайлас жемқорлыққа байланысты айыпталған 13 тұлғаның 6-ына айыппұл салынса, 7-і бас бостандығынан айырылды. Биыл 44 тұлғаға қатысты 39 қылмыстық іс келісімдік іс жүргізу тәртібімен қаралып, медиация тәртібін қолдану жолымен 58 іс қысқартылды, – деді Маңғыстау облыстық сотының төраға міндетін атқарушы Рахметулла Хайруллин.

Оның айтуынша, облыста 40 залдың 94 пайызы бейне және дыбыс жазу құралдарымен қамтылған.

Баспасөз мәслихатында ағымдағы жылы жасалған жұмыстарды баяндаған облыстық соттың судьясы Гүлжихан Иманғалива аймағымызда азаматтық істердің артып, әкімшілік құқық бұзушылық істердің азайғандығын хабарлады. Статистикалық мәліметтер бойынша облыстың аудандық және оған теңестірілген бірінші саты соттарына 2016 жылдың 6 айында 11 мың 342 талап-арыз түскен.

–Азаматтық істердің басым көпшілігі Ақтау қаласындағы №2 сотында қаралған. Өткен жылы медиация тәртібімен биыл 6 айда 243 азаматтық іс қысқартылды. Оның ішінде медиаторлардың қатысуымен 9, судья медиаторлардың қатысуымен 234 азаматтық іс қаралды. Қаңтар-маусым айларында облыстық соттың апелляциялық сот алқасының азаматтық істер жөніндегі сот құрамы 586 істі қарады. Сондай-ақ есепті мерзімде облыстық мамандандырылған әкімшілік және аудандық соттарда 7848 әкімшілік құқық бұзушылық іс аяқталған. Аудандық соттар ішінде Бейнеуде әкімшілік іс көп қаралды, – деді облыстық соттың судьясы Гүлжихан Иманғалива.

Ағымдағы жылдың 6 айында Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына 3486 әкімшілік іс түскен. Әкімшілік құқық бұзушылық істердің 211-і қысқартылып, тәртіптік жауапкершілікке тарту үшін жолданған. Сонымен қатар сотқа түскен әкімшілік құқық бұзушылық істер 497-ге, ал мәнімен қаралған әкімшілік құқық бұзушылық істер саны 481-ге артқан.

–Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына көбіне қоғамдық тәртіпке және имандылыққа қол сұғу, мемлекеттік шекара режимінің белгіленген тәртібіне және Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібін бұзу, көлікте, жолда болатын әкімшілік құқық бұзушылықтар ісі келіп түседі. Қаңтар-маусым айларында 3421 әкімшілік құқық бұзушылық істің 3090-ы немесе 90,3 пайызы мемлекеттік тілде қаралды, – деді Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы Өмірзақ Садықов.
Баспасөз мәслихаты барысында баяндамашылар тілшілердің сұрақтарына жауап берді.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ